Танымал тележүргізуші, журналист Динара Сәтжан блогер Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Үш жыл бұрын Перизат Қайрат менен Астанада қайырымдылық кешті жүргізуімді, сондай-ақ менің шоу-румымнан аукционға киім ұсынуымды, құрбыларым Баян мен Аиданы шақыруымды өтінді. Бұл кештің басты мақсаты елордадағы ерекше балаларға арналған оңалту орталығының құрылысына қаражат жинау еді. Онда сол кездегі "Нұр Отан" партиясының ресми тұлғалары да болды. Сол себепті де көбі "Біз біргеміз" қорының партияға қатысы бар деп қате ойлаған сияқты", - деп жазды тележүргізуші.
Динара Сәтжан биыл Ораза кезінде Перизат Қайратты жолықтырғанын жеткізді.
"Перизат Астанадағы екі танымал гүл брендін сатып алғанын айтты. Олардың негізін қалаушыларды білемін. Екеуі де өзінің бизнесін нөлден бастаған. Сонда "Перизат, сен мұнай ұңғымасын таптың ба?" деп әзілдедім", - деп атап өтті ол.
Ол Қаржы мониторингі агенттігінің мүмкіндіктері үлкен екенін айтты.
"Барлығымыз да Перизаттың су тасқыны кезінде қалай көмектескенін көрдік. Ол Газа аймағына да барды. Қайғы жұтып жатқан адамдарды көргенде әрине оларға көмектескің келеді. Бұл дұрыс. Меніңше, қазір оның қоры арқылы көмек жібергендер бір түрлі болып қалған сияқты. Осы жағдайдан кейін бәрі қайырымдылық қорларының есептілігін ашық түрде көргісі келеді деп ойлаймын. Сенімді қорлардың тізілімі болса жақсы болар еді", - деді Динара Сәтжан.
Айта кету керек, осыған дейін Перизат Қайрат су тасқынына жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін жазған болатынбыз.