Ер адам той күні жақындағанда жол апатын қолдан жасап, болашақ қалыңдығын қасақана өлтірді, деп жазады inbusiness.kz сайты Ұлытау облыстық сотына сілтеме жасап.
Неке тіркелгенге дейін олардың бірге тұрғаны анықталып отыр. Сол аралықта ер адам қалыңдығын соққының астына алып келген.
Жантүршігерлік жағдайдан бірер күн бұрын марқұм қыз көршілері арқылы ата-анасына телефон шалып, өзін алып кетуді сұраған.
Қыздың анасы болашақ күйеу баласының агрессиясынан қатты қорыққанын айтады.
– Ол қызыма "менен кетпейсің, кетсең тек мәйітің кетеді. Ал егер көмекке анаңды шақырсаң, бұл жерден екі мәйіт шығады. Сенің және анаңның" деп айтқан, – дейді ол.
Қайғылы оқиға Қарағандыға қызын алып кетуге барғанда болған. Қаражалдан шыққан көлікке мас күйеу жігіттің шабуыл жасағаны айтылады.
Көлік жүргізушісі, яғни қалыңдықтың інісінің досы Қаражалға қайта оралуды құп көрген. Бар ойы – полиция көмегіне жүгіну. Десе де, агрессивті ер адам қуып жетіп, қолдан көлік апатын жасаған.
Оқиғадан 28 жастағы қалыңдық қаза тапса, анасы, 23 жастағы інісі мен оның екі досы зардап шегіп отыр.
Ер адам өз кінәсін мойындамаған. Бастапқыда оған "жол ережесін бұзу, кісі өлтіруге оқталу" бойынша айып тағылған. Дегенмен, айып пен шыққан үкімге қарсы болған ол аппеляциялық шағым берген.
– Ұлытау облысы сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы үкімді қатаңдатты. Дегенмен ер адам үкімді жеңілдетуді сұрады. Ол қылмысты "кісі өлтіру" және "екі немесе одан да көп адам өміріне қастандық жасау" бабын –"абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу" 345-бабына қайта саралауды сұрады.
Бірақ, сот алқасы Қылмыстық кодекстің бабын өзгертуден бас тартып қана қоймай, тіпті үкімді қатаңдатты. Ол енді 12 жылдың орнына ең жоғары қауіпсіздік колониясында 16 жыл отырады, – делінген хабарламада.