Абайдың ұлдарымен жиналған тұңғыш ескерткішін Президент ашады

20459

Коронавирус пандемиясы биылғы 300 шара форматын өзгертті.   

Абайдың ұлдарымен жиналған тұңғыш ескерткішін Президент ашады

БҰҰ адамзаттың кемеңгері деп таныған қазақтың ұлы ойшылы, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы ерекше сипатта өтуде –"жерде" басталып, ары қарай ғаламторда тойлануда.

Бастапқыда бұл жылдың ашылуына арналған салтанатты шара 21 қаңтар күні "Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрында дәстүрлі түрде өтті. Оған қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық өңірінде және шетелде жыл бойы өтетін мерекелік шараларды ресми түрде бастап берген. Алайда ізінше әлемді жайлаған коронавирус індеті мемлекеттің жоспарына түзету енгізді.

Карантин мен шектеу шаралары салдарынан осы бағыттағы барлық шара тоқтап қалған жоқ па? Азаматтарды алаңдатқан сауалға жауап берген мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл той тоқтамайтынын қадап айтты.

Оның мәліметінше, қазіргі жағдайды ескере отырып, ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспардағы білім және танымдық 300-ге жуық әртүрлі жоба енді онлайн форматына көшірілді.

Ал халықаралық шараларды оффлайн, яғни дәстүрлі түрде, заманауи сарайлардың біріне мәртебелі қонақтарды жиып өткізу ойда бар екен. Министр бірқатар ірі көлемдегі халықаралық және республикалық іс шаралар тамыз-қараша айларына ауыстырылғанын хабарлады.

"Қоғамда қалыптасқан жағдайды ескере отырып, біз Абайды насихаттау мақсатындағы жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз. Ұлы Абайдың еңбектерін дәріптеп, қырларын жан-жақты ашу бағытындағы шараларымызды азаматтарға зиян келтірмейтіндей, қауіпсіздік шараларын сақтап, тиімді жолдармен өткізуді қарастырудамыз. Мемлекет басшысының "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында мемлекет көлеміндегі және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралардың бәрін той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан даму үшін өткізбекпіз делінген. Осы орайда біз мәдени шараларды ысырапшылдыққа жол бермей ұйымдастыру міндетін алға қойып отырмыз", – деді Ақтоты Райымқұлова.

Бүгінде Абайға қатысты онлайн жобалар әлеуметтік желі, видеохостинг, білім беру платформалары арқылы таратылуда екен.

"Барлық мектептерде және жоғарғы оқу орындарында танымдық форматта тақырыптық іс-шаралар, конференциялар, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқу конкурстары, поэзия кештері, семинарлар және басқа да әртүрлі форматты іс-шаралар онлайн режимінде ZOOM, BBB, Classroom, Teams, Webex платформаларында және әлеуметтік желілерде өткізілді. "Абай және рухани мұра" атты халықаралық конференциясы да Zoom-да өтті. Оған шетелдік және қазақстандық абайтанушы ғалымдар қосылды", – деді министр.

Оның дерегінше, Абайдың әдеби мұрасына арналған "Абай туралы әңгімелер" циклы, онлайн дәрістер, авторлық бейне бағдарламалар, бейне шолулар, зиялы қауым өкілдерімен онлайн кездесулер, "Көктем симфониясы" суреттер мен қолөнердің көрмесі секілді бірқатар онлайн-жобалар іске қосылды. Оқушылар арасында екі кезеңнен тұратын "Абай мұрасы – халық ұлағаты" республикалық байқауы басталды.

Алда "Абайға тағзым" онлайн концертін өткізу, Абай мұрасы туралы электрондық ғылыми-инвентарлық каталог шығару жоспарлануда.

Осы маусым айында кәсіби емес орындаушылар арасында "Абайдың өнері" бейне байқауы, "Түркі әлемі: Абайдың көзқарастары және ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамының жаңғыруы" онлайн мәдени-ағарту форумы жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, Абайға арналған спектаклдер онлайн режимде театрлардың ютуб каналынан көрермендерге жол тартуы тиіс.

"Ең маңыздысы ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуленің қатысумен Семей қаласында биылғы 10 қыркүйекте келесі шаралар жоспарланып отыр: біріншіден, Абайдың "Жидебай-Бөрілі" қорық-музейінің бас ғимараты аумағында "Абай ұлдарымен" ескерткіші ашылуы тиіс. Екіншіден, ЮНЕСКО-мен бірлесіп "Абай мұрасы және әлемдік руханият" халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізу жоспарланған. Үшіншіден, қазақстандық эстрада жұлдыздарының және опера әншілерінің қатысуымен көпфункционалды мәдени-спорт кешенінің 5000 орынға есептелген көрермен залында мерекелік гала-концертті өткізу көзделген", – деді мәдениет және спорт министрі.

Бұдан бөлек, Қазақстан және UNESCO басшыларының қатысуымен "Этноауыл" этномәдени кешенінің ашылуы және Абай ауданында мәдени және спорттық іс-шаралар өтеді деп күтілуде.

"Бұдан бөлек, ЮНЕСКО-ның Франция астанасы Париждегі штаб-пәтерінде танымал отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдардың, әдебиеттанушылардың, жазушылардың, ақындардың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын және гала-концертті өткізу 2020 жылдың 14-15 қазанында жоспарланған. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған бірқатар халықаралық, республикалық, өңірлік іс-шаралар сапалы деңгейде күз айында, бекітілген мерзімдерінде өткізілетін болады", – деді А.Райымқұлова.

Бұл іске Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де тартылған. Ведомство ұлы Һәкімге арнап, жыл бойы республикалық және өңірлік телеарналарда, газет беттерінде, интернет-ресурстарда жұмыс жүргізеді. Телеарналардан "Абай әндері", "Абай", "Құнанбай", "Абай. Өмір мен шығармашылығы" деректі фильмдері көрсетіліп жатыр.

"Qazaqstan" ұлттық телеарнасы эфирінен "Абайдың нақыл сөздері" атты 30 имидждік ролик көрсетілуде. Сонымен қатар телеарна "Абай мен үшін..." атты 10 бейнероликті, "Абайдың алғашқы кітабы" деректі фильмдер циклын (2 бөлім), "Шыңғыстау мұнары. Абай" телехикаясын (6 бөлім) дайындау үстінде. Ақынның қара сөздері мен өлеңдерінің аудио нұсқасын радио өз тыңдармандарына ұсынып келеді.

Ал "Хабар" телеарнасының қоржынында Абай Құнанбайұлы туралы бұрыннан дайын жобалар бар. Олардың ішінде "Тарих. Тағдыр. Тұлға" атты ұлы ақын туралы деректі фильм, "Жан", "Абай", "Зере", "Абай-Тоғжан", "Абай-Әйгерім" атты телеспектакльдер бар. Сондай-ақ, "Ашық көрсетілім" "Абай бейнесінің киноматографияда насихатталуы" ток-шоуы, "Адам болам десеңіз" арнайы хабары, "Өмірдастан. Ақылдың кілті" телесериалдары да кездеседі.

Мәдениет және спорт министрлігі Абай мұрасын насихаттау жұмыстары ештеңеге қарамастан, жыл бойы жалғасатынына сенімді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу