Ақтау қаласында наурыз мерекесі Каспий теңізінің жағасында тойланды

3004

Каспий теңізінің жағасы ақшаңқан үйлерге толып кетті. Әртүрлі мекемеден 30-ға тарта киіз үй тігіліп, 20 мың адам наурыз тойын атап өтуге жиналды. 

Ақтау қаласында наурыз мерекесі Каспий теңізінің жағасында тойланды Фото: inbusiness.kz

Салтанатты шара "Науша Наурыз – бақ, ырыстың бастауы" атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Мерекеде облыс өнерпаздары, халықаралық ән байқауларының жеңімпаздары өнер көрсетті.

“Елдің жетістігі – халықтың бірлігі мен ынтымағы екені даусыз. Қазақстан – әлемдік қауымдастықта лайықты орын алып отырған көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет. Халықтың әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтау бағытында тапсырмаларды орындап келеміз.  Еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктері, саяси тұрақтылық, қоғамдағы келісім – үлкен еңбектің жемісі”,– деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.


Әз-наурызда халыққа тегін палау таратты. Киіз үйінен көпшілікке көже, ұлттық тағамдардан дәм татқызды. 


Ұлттық бұйымдар, киім-кешек пен азық-түліктердің көрме-жәрмеңкесі де ұйымдастырылды.

“Мұнайлы ауданынан келіп тұрмын. Мемлекеттік бағдарламалармен 1,2 млн теңге несие алып, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Қыз жасауын жасаймыз. Екі адамды жұмыспен қамтыдық. Наурыздың әдемі өтуі үшін бұйымдарымызды әкелдік. Көпшілікке ұнап жатыр”,– дейді кәсіпкер Гүлшат Демеуова.


Алаңға алтыбақан құрылып, жастар мәре-сәре. 


Ұлттық ойындар: тоғыз құмалақ, күрес, асық ату, ләңгі тебу ұйымдастырылып, жеңімпаздар жүлдеге ие болды.


Ақтаудағы наурыз-думан түнге дейін жалғасты.


Наурыз мерекесі қарсаңында Маңғыстау облысында 250-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу