Сенатор Бекболат Орынбеков қосымша құн салығы мөлшерлемесінің көтерілуі мен әлеуметтік салықты алып тастауға қатысты мәселе көтерді.
Оның сөзінше, әлеуметтік салық жергілікті бюджеттердің негізгі кіріс көздерінің бірі болып отыр. Депутат өңірлер бұл жоғалған кірісті қалай өтейді деп сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бекболат Орынбеков бүгінде көп талқыланған мәселелердің бірі қосылған құн салығының мөлшерлемесін қазіргі 12 пайыздан 20 пайызға дейін арттыру екенін еске салды.
"Егер осы ұсыныс толық шешім тапқан жағдайда әлеуметтік салықты жою ұсынылады. Аталған салық негізінен жергілікті бюджеттің төрттен бірін құрап, маңызды кіріс көзінің біріне айналған. Бұл бәрімізге белгілі. Бүгін қарап отырған Бюджет кодексінде бөлу нормативтеріне сәйкес, әлеуметтік салық облыстық және аудандық бюджетте қалды. Ал кейбір корпоративті және жеке табыс салықтары үшінші, төртінші деңгейге беріліп отыр. Бұл қаншалықты орынды екені депутаттардың арасында қатты талқыланған болатын. Егер әлеуметтік салық жойылатынын ескерсек, онда қандай кіріс көздері, әсіресе, облыстық бюджетке қалады? Бұл мәселе өте маңызды. Мұндай жағдайда шығындардың болжамды сомасы қандай және облыстық бюджет қалай өтеледі?", – деп сұрады депутат Сенаттың жалпы отырысында.
Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, қосылған құн салығының деңгейі бойынша әлі шешім қабылданған жоқ.
"Қазір облыстық бюджеттерде тек осы әлеуметтік салық қалды. Қалғандарының бәрін үшінші, төртінші деңгейге бердік. Бүгінде басқа еңбекақы төлеу қорынан төлемдерді алып тастаймыз деген шешім қаралып жатыр. Басқа ұсыныстар түсіп жатыр. Нақты айтайын қазір максимальдық деңгейде болса, облыстардың шығыны – 1,6 трлн. Бірақ біздің Үкімет бюджетінің кірісі 5-7 трлн болады. Сол себептен қаражат толығымен жетеді. Трансферт арқылы жергілікті бюжеттерге субвенция беру дегендей. Тағы да қайталап айтамын, шешім әлі қабылданған жоқ. Мысалы, ертең облыстық бюджеттерде қаражат жетпесе, осы жылы тағы да үш жылдық цикл басталады", – деп жауап берді министр.
Жұманғарин ондай жағдай әр облыстың жағдайын қараймыз деп отыр.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев облыстық бюджетті әлсіретіп алмау қажеттілігін баса айтты.
"Серік Мақашұлы, бұл Сенат депутаттарының арасында қызу талқыланған сұрақтың бірі десек артық болмайды. Әрине, бұған дейін аудандық, ауылдық деңгейдегі бюджеттердің тұрақтылығы туралы біраз мәселелер көтерілген. Бірақ мұнда депутаттардың айтып отырған мәселесі осы мақсатқа жетеміз деп, үшінші және төртінші деңгейдегі бюджеттерді күшейтеміз деп облыстық бюджетті әлсіретіп алмаймыз ба деген әңгіме ғой. Өйткені қазір көп функциялар облыстық деңгейде қалып отыр. Егер де өзіңіз айтып отырған корпоративтік табыс салығы және жеке табыс салығы аудандық, ауылдық деңгейге өтіп кетсе, бірақ функциялар әрі қарай облыста қалып қойса, сол кезде облысқа біраз қиындық тудырмаймыз ба деген мәселе талқыланды", – деді ол.
Сенат спикері бұл мәселеде Үкіметтің логикасын түсініп отырғанын жеткізді.
"Аудан әкімдерінің сайлауы болады. Оларға қаржы көздерін қамтамасыз етуіміз керек. Бірақ әрі қарай заң қабылданып, Президент қол қойып жатса, депутаттар концепцияны қолдаса, әрі қарай бұл қалай жүзеге асатынына мұқият қарап отыруымыз керек. Егер де біраз уақыттан кейін мәселелердің туындағанын көріп жатсақ, онда соза бермей, тиісті өзгерістерді Бюджет кодексіне енгізуіміз керек шығар деп есептейміз", – деді Мәулен Әшімбаев.