Ауыл бизнесіне арналған банктің құрылуына кім кедергі екені белгілі болды

4569

Үкіметтер ауысса да, олардың осы банкке қатысты ұстанымы өзгермейді. 

Ауыл бизнесіне арналған банктің құрылуына кім кедергі екені белгілі болды Фото: Aikyn.kz

Елімізде аграрлық саланы дамытуға қызмет ететін жеке қаржылық институт құру туралы бастама ХХІ ғасырдың басынан белсенді ілгерілетілді. Сол кезде бұл идея атқарушы билік тарапынан қызу қолдау табуға тиіс еді. Өйткені Президент Н.Назарбаев 2003-2005 жылдарды "Ауыл жылдары" деп жариялады.

Алайда сол тұстағы екінші сайланымдағы Мәжіліс депутаттарының ұсынысы Үкімет тарапынан қолдау таппады. Содан бері Мәжіліс пен Сенат Агробанк құру туралы ұсынысты жыл сайын көтеріп келеді. Қазіргі сегізінші сайланымдағы депутаттық корпустің өзі былтырдан бері Үкіметке үш рет ұсыныспен шықты. Былтыр Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бұған үзілді-кесілді "жоқ!" деген, енді оның сөзін Олжас Бектенов қайталап отыр.   

Үкіметтегілер меселін қайтарғанымен, депутаттар бастамадан бас тартпайтынға ұқсайды. Өйткені мұндай институт дамыған елдерде, ТМД мемлекеттерінде де бар. Қазақстандық шенеуніктер ғана қырсығып, қарсы шығып отыр.

Бұған қоса, өткен жұмада, 15 қараша өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының ұланғайыр ресурсы пайдаланылмай жатқанына назар аудартты. Қазақстан егіс алқабы және жайылымдық жер көлемі жағынан әлемде 6-орын алады.

Ауыл кәсіпкері осы ғаламат әлеуетті ұтымды іске асырар еді, алайда оған айналымдық қаражаты жетпейді. Банктер ауыл дегенді естісе, мұны тәуекелге жатқызып, несие ставкасын жоғарылатады. Үкімет көктемгі егіс жұмыстарына қаражат беруді доғаруды жоспарлауда.

Бұл тығырықтан тек Агробанк құру ғана шығаратын еді. Ол агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруды жақсартып, кредитті қарапайым фермерлерге қолжетімді ете алады.

"Ауыл" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевтың пікірінше, бәсекелестіктен қауіптенетін банктік лобби Қазақстанда Агробанкті құру жобаларын бұғаттап тұр. Ол бұл байламын "Аграрный сектор" маманданған басылымына сұхбатында айтты.

"Біз үлкен дайындық жұмысын жүргіздік, үлгілі заң жобасын әзірледік. Бірақ мемлекеттік Агробанк құру туралы барлық ұсыныстарымызға Үкіметтен теріс қорытындылар ғана аламыз. Оң қорытынды болмаса, заң қабылдана алмайды. Елдегі банктік лобби оны құруға қарсы. Өйткені Агробанк жеке банк секторын асынан айырады. Біз ауылға арналған бұл қаржылық институттың 100% мемлекеттік иелікте болғанын қалаймыз. Ол коммерциялық пайда табумен шектен тыс әуестенбеуге тиіс", – деді мәжілісмен.

Егізбаевтың пікірінше, Агробанктің басты міндеті – бюджеттен бөлінетін қаражатқа мейлінше аз үстемеақысын қосып, фермерлерге бүкіл мемлекеттік қаржылық қолдау түрлерін бір жерден көрсету.

Мысалы, әлем тарихында болмаған ең көп халықаралық санкцияның астында қалған Ресей төл Агробанкі арқылы өз халқын ашықтырмай, асырап қана қоймай, жыл сайын рекордтық көлемде астық жинап, әлемге экспорттайды. Солтүстік көрші 100% мемлекет қатысымындағы "Ресей ауыл шаруашылығы банкін" ("Россельхозбанк" АҚ) 2000 жылы құрып алды. Ол сақтандыру ("РСХБ — Страхование", "РСХБ — Страхование жизни"), ауылдағы мүлікті басқару ("РСХБ Управление Активами"), ауыл шаруашылығы техникасын арзан лизингке беру ("РСХБ-Лизинг") және өзге де маңызды қызметтерді ("РСХБ-Факторинг", РСХБ-Интех) "бір терезе" қағидатымен ұсынады.

"Россельхозбанк" 2023 жыл қорытындысында аграршыларды қолдауға 1,7 триллион рубль (шамамен 8,9 триллион теңге) бағыттады. Бұл ретте егіс жұмыстарын қаржыландыру 8%-ға, техника мен жабдық сатып алуға – 50%-ға ұлғайған. Қазақстандық аграршылар ресейлік бәсекелестерімен тайталаса алмайды. Соның кесірінен ресейлік фермерлер арзан астығымен Қазақстанды ең соңғы нарығынан – Орталық Азия мен Ауғанстаннан ысырып шығаруда.

Егер Ресейдің санкцияға іліккен бұл банкін үлгіге алғысы келмесе, біздің шенеуніктер Өзбекстанның "Agrobank" банкінің жетістіктері мен тәжірибесін зерделесе игі.

Депутат Серік Егізбаевтың айтуынша, мұның бәрі Үкіметке сөзі өтімді коммерциялық банктердің ұстанымына, мүддесіне қайшы. Олар ауылды дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталған жүздеген миллиард қаражаттың тек өз қолынан өткенін қалайды. Әрі қарай да фермерлерді жоғары пайызбен несиелендіргісі келеді. Мемлекеттен алған арзан қаржы есебінен банктер шамадан тыс жоғары әрі кепілдендірілген табысқа кенеліп отыр.

Мысалы, Үкімет диқандарға көктемгі егін егу және күзгі жиын-терін жұмыстарына несиелік қаражат бөледі. Бұған дейін оның көлемі 180 милллиард теңге болған, биыл 580 миллиард теңгеге жетті. Ауыл кәсіпкерлерінің шағымдануынша, бұл қаржы фермерлердің бәріне жетпейді, билікке жақын аграрлық алпауыттар қанжығасында кетеді.

Мәжіліс депутаты мемлекеттің фермерлер алдындағы субсидия бойынша қарызы өсіп бара жатқанын еске салды. Бұл жерде әңгіме фермерлердің коммерциялық банктерден жылдық 22% сыйақымен алған қымбат кредиттерін субсидиялау туралы болып отыр. Мемлекет оны бюджеттен субсидиялап, 6%-ға дейін түсіруге уәде еткен.

Депутаттың айтуынша, ауыл кәсіпкерлері осы уәдеге сеніп, банктерден қымбат кредитті қаптатып алып қойды. Алайда Үкімет бюджеттегі қаражат тапшылығын алға тартып, міндеттемесін орындамады. Шенеуніктер фермерлерді алдап, коммерциялық банктердің сыйақысы жоғары несиесін алғызғандай, банкирлердің мүддесін ілгерілеткендей болып шықты.

Мысалы, бір ғана Қостанай облысында қарыз 40 миллиард теңгеден асып кеткен. Фермерлерге банктердің сыйақысын субсидияланған емес, толық ставкамен, өз бетінше төлеуге тура келуде. Соның кесірінен, көптеген шаруашылық күйреу қарсаңында тұр. Олар келесі жылы егін сала алмай қалуы мүмкін.

Депутат Серік Егізбаев мемлекет өз сөзінде тұрып, сол қарызды өтеуге тиіс деген сенімде. Бұл мәселеде ілгерілеушілік байқалады. Бірақ оның соңы немен аяқталатыны белгісіз. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, АШМ фермерлер алдында жинақталған мемлекеттің барлық қарыздарын өтеуге ақша бөлуді сұрап, Қаржы министрлігіне сұрау жолдады.

Таяуда Премьер-министр Олжас Бектеновтың өзі "Агробанк құру мәселелеріне қатысты" депутаттық бастамаға Үкіметтің ұстанымын білдірді.

Ол Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №203 бұйрығымен, Агробанк құру мәселесін зерделеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан жұмыс тобы құрылып, жұмыс істегенін еске салды. Оған Мәжіліс пен Сенаттың депутаттары, Ұлттық экономика, Қаржы, Әділет министрліктерінің, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, "Бәйтерек" холдингінің, салалық қауымдастықтар мен одақтардың өкілдері кіріпті. Мәселені пысықтай келе, топ келесідей қорытындыға келді.

"Агробанк қызметін өрістетуге және әкімшілендіруге бюджет шығындарын ұлғайту қажеттігін айтпағанның өзінде, несие портфелін әртараптандырмай, тек бір агросекторға шоғырландыру – мұндай банктің қаржылық орнықтылығына қауіп төндіреді. Агробанктің бір салаға ғана мамандануы тәуекелдердің жоғары шоғырлануын болжайды: тәуекелдер әртараптанбайды! Ал, тұтынушылардың басым бөлігі қаржылық қызметтердің толық спектрін алуға болатын әмбебап банктермен жұмыс істегенді жөн көреді", – деді Үкімет басшысы.

Сондықтан, оның айтуынша, мамандандырылған мемлекеттік кооперативтік банк халық депозиттерін тартуда қиындыққа тап болады.

"Бұған табысының төмендігі, әртараптандырылмаған жоғары тәуекелдері қосылғанда, мамандандырылған мемлекеттік кооперативтік банктің қаржылық жай-күйінің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін бюджет қаражатын салу қажеттігі туындайды. Бұл өз кезегінде бюджетке қосымша ауыртпалық түсіреді. Сондай-ақ әр өңірде қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін филиалдар ашуға қосымша шығындар қажет", – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ол үкіметтік сарапшылардың пікіріне сілтеме жасап, жеңілдетілген қолдау құралдарын ұсынатын мемлекеттік банк түріндегі қаржы моделі "әдетте шығынды болатынын" айтты.

"Агробанкті құру, қалыптастыру және қызметін жолға қою шығындарының болуына байланысты түпкілікті қарыз алушыларға кредит беру мөлшерлемесінің ұлғаюы, тар мамандырылған және уақытқа тәуелді қызметінің себебінен салымшылар қызығушылығының төмен болуы банктің толықтай функционалды қызмет атқара алатынына күмән туғызады. Бұл тұтастай алғанда салымшылардың мүдделерін қорғау мақсатында қаржы реттеушісі тарапынан қатаң реттеуді талап етеді. Осы айтылғандардың негізінде Агробанк құру орынсыз деп танылғанын жеткіземіз!", – деді Премьер Олжас Бектенов.

Ол Үкіметтің басты күш-жігерді "Аграрлық кредиттік компания" АҚ, "ҚазАгроҚаржы" АҚ сияқты қолданыстағы маманданған қаржы институттарының қызметін жетілдіруге жұмсайтынын нықтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу