Білім беру платформалары жаңа оқу жылына дайын ба?

25766

Мектептер білім ресурстарымен келісімшартқа отырған.  

Білім беру платформалары жаңа оқу жылына дайын ба?

Көктемгі карантин кезінде балалар оқуын онлайн және қашықтан оқыған кезде білім беру платформалары күрт өскен жүктемені көтере алмай қалғанына куә болдық. Ал жаңа оқу жылы негізінен қашықтан білім беру арқылы өтетіні жаздың ортасында белгілі болған еді. Ал отандық платформалар жаңа сын-тегеуіріне қаншалықты дайын?

Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, елорда мектептері BilibLand және Daryn.Online ресурстарымен келісімге отырған. Платформаларды пайдалану үшін ата-ана өз қалтасынан ақша шығармайды, оны мемлекет өтейді.

"Бұл платформалардың Нұр-Сұлтан қаласында серверлері бар әрі олардың үш тілде бейнероликтері, анимациялары және басқа да қолайлы білім беру ресурстары бар. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында платформаларды тегін пайдаланған едік. Қазіргі кезде осы платформалармен келісімшартымыз бар. 1 қыркүйектен бастап серіктестер ретінде жұмыс істейтін боламыз. Педагогтер мен оқушыларға логині мен құпия сөзін беріп жатырмыз. Оқушылар мен ата-аналар үшін платформаларды пайдалану тегін болады", – деді Шолпан Қадырова.

"Күнделік" ЖШС бас директоры Мұхтар Ілиясов жаңа оқу жылына Күнделіктің дайын екенін мәлім етті.

"Техникалық тұрғыда дайындадық жүргіздік. Платформаға түсетін жүктеме өткен төртінші тоқсанның бірінші аптасындағыдай болады деп күтіліп отыр. Ең көп жүктеме жаңа оқу жылының үшінші аптасында басталады. Серверлік қуат пен байланыс арналарын арттыру үшін жауапты министрліктермен бірлесе отырып жұмыс жүргіздік. Жаңа оқу жылына 25 тамыздан бастап 100% дайынбыз", – деді Күнделіктің басшысы.

"Daryn.Online" ресурсының негізін қалаушы Ержан Оңалбаев та платформа жұмысқа 100% дайын екенін жеткізді.

"Биылғы оқу жылы басталғанша педагогтар жұмыс істейтін интерфейске үйреніп қалды. Интерфейсті ата-аналар балаларымен бірге тез түсінуі үшін қарапайым, түсінікті етіп жасадық. Дегенмен кез-келген қосымшаға үйренуге уақыт керек. Сол себепті сабақ басталардың алдында 4 мыңнан астам сабақ өткіздік. Мектептер белсенді қатысты. Бүгінгі күні серверлер де әзір. Алайда бейнебайланысқа жүктеме көп түседі. Жалпы жұмысқа біз де 100% дайынбыз", – деді Ержан Оңалбаев.

Сондай-ақ ол Microsoft Teams пен Zoom платформасынан бас тартпау керек екенін де айтты. Бұдан кейін "Diadem VK" платформасының жетекші әзірлеушісі Владилен Якунин Microsoft Teams жайлы өз ойын ортаға салды.

"Microsoft жақсы өнім шығарғанымен, бейнеконференциялары Zoom, Google Meet және басқалар тәрізді Қазақстан аумағында аса сапалы жұмыс істемейді. Өйткені олардың серверлері Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан. Сондай-ақ, осы өнімдер оқу үдерісіне арналмаған. Сараптама жасай келе, олар көп трафик қажет ететінін де байқадық. Егер оларды оқу процесіне пайдаланар болсақ, күші жетпей қалады да, көктемде болған жағдай тағы қайталанады. Ал біздің серверлер ел ішінде орналасқандықтан байланыс жақсы болуға тиіс. Бұл жерде тағы екі мәселе туындап отыр. Біріншіден, отандық ІТ өнімдерді дамыту керек. Екіншіден, жеке мәліметтерді қорғау туралы заңды сақтауымыз керек. Көктемде жағдай қиын болып, заңды барлығымыздың бұзуымызға тура келді. Ал қазір өз күшімізге сене аламыз", – деді ІТ маманы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу