Кейінгі үш жыл қатарынан өз тарихындағы рекордтық астыққа қол жеткізген Ресейде бұл көрсеткіш былтыр қатты құлдырады.
Мысалы, Ресей вице-премьері Дмитрий Патрушевтің мәліметінше, 2023 жылы Ресейде бүкіл тарихындағы көлемі жөнінен екінші ең ірі астық – шамамен 147 миллион тонна бидай жиналды.
Содан Ресей Үкіметі 2024 жылы кем дегенде 132 миллион тонна егін бастырылатынын болжады. Бұл да кейінгі жылдардағы кезекті рекорд болатын еді.
Алайда алдыңғы қыстың аязды болуы, тоңнын терең қатуы, көктемгі алапат тасқын, күзде құрғақшылықтың жайлауы, несиенің қымбаттауынан ресейлік фермерлер ахуалының нашарлауы және басқа факторлар қордалана келе, өткен жылы қамбаларға нақты құйылған астық көлемі қатты қысқарды.
"Росстат" дерегінше, Ресейде 2024 жылы жиналған бидайдың таза салмақтағы көлемі 124,96 млн тоннаны ғана құрады.
Ресей Астық одағының басшысы 2025 жылы бидай өнімділігі былтырғыдан да төмен болатынын мәлім етті. Өйткені егіннің үлкен бөлігін құрайтын күздік егістің (озимые) басым бөлігі шіріп кеткені анықталуда.
"Ең жақсы дегеннің өзінде, 2025 жылғы бидай шығымдылығы 2024 жылдың деңгейінен – шамамен 125 миллион тоннадан аспайды. Бұл ешқандай қауіп-қатерлер, тәуекелдер жүзеге аспайтынын қарастыратын оптимистік сценарий. Бірақ, Ресей астық одағының президенті Аркадий Злочевскийдің мәліметінше, биыл жалпы астық көлемі шынында жаппай төмендейтін болады", – деп хабарлады ресейлік "Агроинвестор" маманданған басылымы.
РАО басшысы тәуекелдердің қаншалықты ауқымды болатынын дәл қазір болжап білу мүмкін еместігін ескертті.
"Ең қорқынышты болжамдар шынға айналуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Біз тек бір жайтты ғана анық айта аламыз. Биылғы астық көлемі тіпті 2024 жылғы көрсеткіштен де айтарлықтай төмен болады. Өйткені Ресейдегі қауіп-қатерлердің біреуі болмаса, біреуі міндетті түрде орындалады", – деген Злочевский егінге жойқын соққы беретін факторлардың қатарында мысалы, технологиялық өндірістің төмендеп кетуін атады.
Сондай-ақ, оның ақпаратынша, қазірдің өзінде Ресейде күзде егілген бидайдың кем дегенде 37%-ы қыстап шыға алмай, шіріп кетті. Апаттың нағыз ауқымы көктемге қарай толыққанды әшкереленеді.
Эксперттің айтуынша, қыстың жылы болуынан Ресейдің кейбір өңірінде қар тез еріп кеткен. Вегетация жалғасқан, өсімдіктерді қоректендіре бастаған. Бірақ қыстың соңына қарай температура 20 градустан төмен түсіп кетіп, аяз жаппай қысса, суық ұрса, олар да құриды.
"Ери бастаған қар да жаңа тәуекелдерді туындатты. Мәселен, Еділ (Волга) өңіріндегі кейбір аудандарда бүгінде егіс даласында жібіген қар тоңға айналуда. Біріншіден, қатқан мұз өсімдіктің сабағын тіліп, кесіп тастауы мүмкін, онда бидай қоректенуін доғарып, өледі. Екіншіден, тоң астында егістің шіруі ("выпревание посевов") процесі басталып, бүкіл егіннің құруына ықпал етеді. Сондай-ақ, жалпы ахуал аптап ыстық орнағанда ылғал қорының қандай болатынына да байланысты болады. Басқаша айтқанда, Ресей астығының үстінен "Дамокл қылышы" ілініп тұр", – деді Ресей астық одағының президенті Аркадий Злочевский.
Одақ басшысы астық экспортының көлеміне қатысты болжамдарын төмендеткендерін жариялады. Одақ мамандарының байламынша, биылғы жылы Ресей 41-42 тонна ғана бидай экспорттай алады. Бұған дейін, өткен жыл соңында "ең кемі 52 млн тонна болады" деп жорамалдаған екен.
Ресейде астық көлемі қандай болатыны Қазақстанға да тікелей ықпал етеді.
Злочевскийдің айтуынша, РФ астығының 2024-2025 жылғы болжамдық экспорттық көлемі жалпы алғанда екі есеге дейін құлдырады.
РФ Мемдумасы да ресейлік жаңа егінге қауіп төнгенін айтып, мәселе көтерді. Ресейлік Парламенттің төменгі палатасының аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің басшысы Владимир Кашиннің пікірінше, биылғы қыста қардың аз түсуі, тіпті кейбір жерде тым тықыр болуы бидай, арпа, қара бидай сияқты дәнді дақылдарға кері әсер етеді.
"Белгілі бір алаңдаушылық әрине, бар. Жылда қалың түсетін қар әсіресе, күздік егіс, көп жылғы шөптер үшін бойтұмар қызметін атқаратын. Биылғы жылы елдің үлкен кеңістігінде қар жоқ! Бұған қоса, қысқы маусымның соңында температураның қандай болатыны да үлкен рөл атқарады. Температуралық "әткеншектер", қыс ортасында ұзақ тұрған жылымық шақ тек күздік егіннің ғана емес, сонымен қатар бақша өсімдіктерінің, жидектердің, бау-бақшадағы бұталар мен тал-шіліктердің аязға төзімділігін төмендетеді", – деді ресейлік депутат Кашин.
Ол да сырттағы ауа температурасы 20 градустан төмен түсіп кетпейтінінен үміттенеді. Синоптиктердің болжамынша, РФ бойынша орташа температура ақпанда орта есеппен 1-ден 17 градус аралығында болуы ықтимал.
Бұдан бөлек, журналистерге "Метео" болжау орталығының басшысы Александр Шувалов та қар жабынғысының аздығы дәнді дақылдарға өсіп-өніп кетуге тосқауыл болып отырғанын мәлімдеді.
Оның тұспалдауынша, Қазақстанмен шекаралас кейбір өңірлерді су басқанымен, жалпы алғанда, Ресейде ылғалдың аздығы байқалады.
Шувалов 2025 жылғы қаңтарда Ресей тарихындағы ең бір аномальды жоғары температура сақталғанын, термометрлер бағанасы айдың нормадағыдан 4 градусқа жылы болғанын тіркегенін жеткізді. Ол мұндай көрсеткіш қараша айына тән екенін нақтылады. Басқаша айтқанда, көршіде қаңтар қарашаға айналып кетті.
Өз кезегінде РФ Гидрометцентрінің мамандары қыстап шығатын дәнді дақылдар үшін агрометеорологиялық жағдай Ресейде тек нашарлай беретіні туралы көңілсіз болжамдарын жария етті. Ал, аграршылардың табысының кейде жартысынан астамын дәл солар береді.
Бұдан Ресейдің еуропалық бөлігіндегі аумақтар қаттырақ зардап шекпек. Дегенмен, Гидрометцентр өкілдері Қазақстанмен іргелес қонған Жайық-Орал, Батыс Сібір егіншілік аудандарының көпшілігінде күздік егістің қыстап шығуы үшін жағдай негізінен жақсы болатынын ескертті.