Бизнес, махаббат пен сатқындық туралы: "Atameken Business" телеарнасында "Арпалыс" телехикаясы

25769

Бизнес, махаббат пен сатқындық туралы: "Atameken Business" телеарнасында "Арпалыс" телехикаясы

"Atameken Business" телеарнасы  өз көрермендеріне, тағы да бір, қызықты да мазмұнды жобаны ұсынбақшы. 2019 жылдың 4 қарашасы күні арна эфирінде кешкі прайм уақытында "Арпалыс"  телехикаясының  көрсетілімі басталады.

Телехикая оқиғасы консалтинг компаниясын басқаратын Айдын есімді бизнесмен өмірінің шым-шытырман шақтарын баяндайды. Оның бизнесі өз ісін жаңадан ашқысы келетін жас кәсіпкерлерге көмек көрсету бағытында құрылған. Дамып келе жатқан фирманың  Мирас есімді жетекші маманы, аяқ астынан жұмыстан кетіп қалады. Айдынның компаниясына қаржы саламыз деген инвесторлар маңызды келісімшарттарға қол қоюдан бас тартады. Бас қаһарман өзі жылдар бойы құрып, жетілдіре түскен бизнесін қаржылай күйреуден сақтап қалғысы келеді. Хикаяның өне бойы (15 бөлім) бас кейіпкер инвестор іздейді, ұжымдағы мамандар да қолдау күтеді. Бизнесі құрдымға кетудің алдында тұрса да, Айдын кәсіпкерлерге көмектесуден бас тартпайды.    

Кәсібіндегі қиыншылықтарға жеке өміріндегі проблемалар қосылады. Компанияға Гауһар есімді жаңа маман  жұмысқа тұрғаннан бастап, Айдын мен оның қызы Камилланың арасы бұзылады.

Бұл хикаяда қастерлі достықты да, ыстық махаббатты да табасыз, "әке мен баланың" бітіспес дауын да, сайқал сатқындықты да көресіз. Жобаның ерекшелігі –  сюжеті өзгеріп, кенеттен күтпеген бағыт алады. Оқиғасы шиеленісіп, бас қаһарманның мінезін аша түседі де, оның  бизнесте кездесетін күрделі мәселелердің шешімін қалай табатынын ұтымды көрсетеді. Телехикая авторлары жеке кәсіптегі жандардың қандай қиындықтардан өтіп, қандай қадамдарға баратынын, жетістікке қандай жолмен жететінін  шынайы да қызықты суреттей білген.   

Бұл сериалды түсіруге "Atameken Business" бас директоры Қанат Сахариянов пен арнаның бас продюсері Әлия Баймұхамедова ұйытқы болды.  Олардың көпжылдық теледидарлық тәжірибесі мен біздің көркемдік идеяларымызды біріктіре отырып, осы жобаны жүзеге асыруды ұйғардық. Сериалға қатысуға белгілі қазақстандық әртістермен қатар жас, дарынды, актерлерді  шақыру туралы шешім қабылданды. 

Жобаның бас продюсері Азамат Атагелдиев: "Телехикаяда ойнауға белгілі әртістерді, талантты,  келешегінен үміт күттіретін жастарды да шақырдық. Басты ролдерді Нартай Сауданбекұлы, Сайлау Камиев, Нарқыз Тамабай мен Гүлнар Ормановалар сомдайды. Жақсы жоба жасап шықтық деп ойлаймын. Отандық медиарнарықта кәсіпкерлердің өмірі мен тірлігін сыйпаттайтын телехикаялар әлі де аз. Әрине, бұл сияқты кәсіпкердің қиын-қыстау, қызықты да еліктіргіш өмірі туралы әңгімелейтін жобалар көрермен үшін қажет-ақ. Бұл бағытта "Atameken Business" арнасының рөлі орасан зор. Телехикая көрерменнің көңілінен шығады деген үмітіміз бар", – дейді.

"Atameken Business" телеарнасының эфирінде жұмыс күндері көрсетіліп тұратын "Арпалыс" хикаясын жіберіп алмаңыздар!

Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу