Бокстан олимпиадалық салмақ дәрежелері өзгерді

403

Халықаралық Олимпиада Комитеті Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасынан бастап әйелдер боксының бағдарламасы кеңейтілетінін ресми түрде хабарлады.

Бокстан олимпиадалық салмақ дәрежелері өзгерді Фото: wi-fi.ru

Олимпиада Ойындарының тарихында тұңғыш рет бокста ерлер мен әйелдер арасындағы қатысушылар саны теңесті.

Олимпиада бағдарламасындағы салмақ дәрежелері:

Әйелдер (124 боксшы): 51, 54, 57, 60, 65, 70, 75 келі.

Ерлер (124 боксшы): 55, 60, 65, 70, 80, 90, +90 келі.

Естеріңізге сала кетейік, бокс 2022 жылдың ақпанында 2028 жылғы Олимпиада ойындарының жарыс бағдарламасынан шығарылған еді. 

Енді міне қуанышқа орай тек ойын бағдарламасына еніп қана қоймай, былғары қолғап шеберлері сынға түсетін салмақ дәрежелері де артып отыр.

Жалпы боксты Олимпиада ойындарынан шығару туралы шешім Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) төңірегінде туындаған мәселелерге байланысты қабылданған.

2023 жылдың маусымында ХОК IBA-ның ресми мойындауын толықтай қайтарып алғаннан кейін, бокстың Олимпиададағы болашағы белгісіз болып қалған еді. Ал, 2025 жылдың наурыз айында бокс ресми түрде Олимпиада ойындарының бағдарламасына енді. Ал, ХОК басшысы Томас Бах Геннадий Головкинге боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасында сақтап қалғаны үшін алғыс білдірген болатын.

Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында 2028 жылдың 14-30 шілдесі аралығында өтеді. Бұл Лос-Анджелесте өтетін үшінші Олимпиада болмақ. Бұған дейін мұнда 1932 және 1984 жылдары Олимпиада ойындары өткен.

Ойындар бағдарламасына 351 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл 2024 жылы Парижде өткен Олимпиадамен салыстырғанда 22-ге артық. Тарихта алғаш рет әйел спортшылардың саны (5 655) ерлерден (5 543) асып түспек, бұл гендерлік теңдікке ұмтылысты көрсетеді.

Бағдарламаға жаңа спорт түрлері де қосылды: крикет, бейсбол/софтбол, флаг-футбол, лакросс және сквош.

Сонымен қатар, жаңа жарыс түрлері енгізілді: ерлер мен әйелдер үшін 50 метрге арқамен жүзу, брасс және баттерфляй, сондай-ақ жеңіл атлетикада 4×100 метрлік аралас эстафета.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу