BTS Digital сенімге селкеу салмауға тиіс

9226

Отандық BTS Digital компаниясы Ресейлік "Сбербанк" жабық акционерлік қоғамымен стратегиялық серіктес атанды. Бұл туралы үкіметтің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі №606 қаулысында жазылды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

BTS Digital сенімге селкеу салмауға тиіс

"Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және Data-Driven Government тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның жобасы мақұлдансын. Цифрлық трансформация, цифрландырудың платформалық моделіне және Data-Driven Government тұжырымдамасына көшу жөніндегі жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға Қазақстан Республикасының үкіметі атынан қол қойылсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", – деп нақтыланды ҚР премьер-министрі Асқар Мамин мен "Сбербанк" ЖАҚ президенті, басқарма төрағасы Герман Греф қол қойған құжатта.

BTS Digital ЖШС ERG тобының еншілес компаниясы. Оның 40% үлесі Қазақстан үкіметінің еншісінде. Осыдан 3 жыл бұрын пайда болған компанияны Александр Машкевич, Патох Шодиев және марқұм Алиджан Ибрагимовтың отбасы басқарады.

BTS Digital ЖШС құрамына Aitu төлем шешімдері, BTS Education, Aitu-Dala, Aitu Sauda, Smart Cities, Impact Lab және Salem Social Media кіреді.

Электронды коммерция, коммуникация, финтех, фудтех, жасанды интеллект саласында жаңа өнім мен сервис жүйесін құрушы компания 2 жылдан бері үкіметке түрлі платформа әзірлеп беріп жүр. Атап көрсетерлігі, компания осыған дейін көрсеткен қызметі үшін үкіметтен ақы алмаған. Бүгінгі таңда компания шетелдік онлайн-платформалар мен мессенджерлерге балама ретінде отандық өнім әзірлеуге басымдық беріп жатыр.

Құжатқа сәйкес, "СБЕР компаниялар тобы" стратегиялық әріптесінің және "Астана" халықаралық қаржы орталығының Қазақстан Республикасына тиесілі бейінді ұйымдары мен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қатысуымен жобаны іске асыру үшін арнайы консорциум құру туралы шешім қабылдады. Консорциум аясында

адамға бағдарланған сервистерді іске асыру үшін цифрлық платформалық шешім енгізуге, деректерді талдау мен жасанды интеллект тәжірибесін

қолдануға, мемлекеттік басқарудың реинжинирингі мен цифрлық трансформациялауды жүзеге асыруға, қолайлы және қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға, инновациялық белсенділікті дамытуға жағдай жасалады.

GovTech саласындағы жобаларды жолға қою тәжірибесін қоса алғанда, компанияның ірі өнімдерді сәтті іске асыру тәжірибесі мол. Флагмандық өнім – Aitu суперқолданбасы, ол мессенджерден бастап медиалық платформа, төлем жүйесі, музыкалық сервис және қазақстандық бизнестің өз аудиториясын табуына көмектесетін шағын маркетплейске дейінгі алуан түрлі функциялардың бүтін бір қатарын қамтиды. Бұған қоса Aitu функционалына Sanaq-2021 мобильді халық санағы, Ashyq статусын тексеру сервисі және Қазақстанның кез келген мемлекеттік органына өтініш жолдаудың eOtinish бірыңғай платформасы енгізілген. Қазіргі кезде оған

2,5 млн-нан астам пайдаланушы және 30-дан астам коммерциялық және мемлекеттік серіктес тіркелген. 

Әзірленген Digital ID қашықтан сәйкестендіру сервисі eGov электронды үкімет порталына кіріктіріліп, 6 млн пайдаланушының қашықтан қызмет алуын қамтамасыз етіп отыр.

BTS Digital ЖШС мен "Сбербанк" ЖАҚ арасындағы келісім 2021 жылдың соңына дейін жасалуы керек. Бұл ретте "Сбербанктің" 500 млн теңге көлемінде несие беруге ниет танытып отырғанын атап өткен жөн. Осыған қатысты сарапшы Олжас Құдайбергенов пікір білдірді.

"Мемлекетке платформаны дамыту үшін "Сбербанктен" 500 млн теңге көлемінде несие алу қажет емес. Мұндай жоба мемлекеттің өз ақшасына жасалуы керек. Мен "Сбербанкке" қазақстандық IT-компанияның қатысы болады деп күттім, бірақ BTS Digital компаниясы деп ойламадым. Бір ғана қазақстандық серіктес болмауға тиіс. Жобаға көптеген қазақстандық компаниялар қатысуы керек", – деді сарапшы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу