Болманов Жолжақсыновқа жауап берді

22979

 Министрдің кеңесшісі бәріне дайын екенін айтты.  

 Болманов Жолжақсыновқа жауап берді

Продюсер, кәсіпкер, психология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан жастар одағы сыйлығының, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, "Құрмет" орденінің, Англия ханшайымының эксклюзивті орденінің иегері және "Балбала" жобасының авторы Қыдырәлі Болманов мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың мәдениет саласы бойынша кеңесшісі қызметіне тағайындалғанда Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың екі дүркін иегері Досхан Жолжақсынов сыни пікір білдірді.

"Мен тура осы үрдісте биліктің осалдығын көремін. Мысалы, сол кеңесші не кеңес айтады? Бүгінде не туралы кеңес беруге болады? Мәдениет министрлігі бар. Оның бүкіл аппараты бар. Бұл не, бұлардың қолынан келмейтін шаруа ма?..", – деді Досхан Жолжақсынов.

Осы сөз Қыдырәлі Болмановтың шымбайына батпаса да, шамына тиді. Inbusiness.kz тілшісімен тілдескенде Болманов Жолжақсыновқа жауап берді. "Ол кісі менің жанашыр ағам. Қаттырақ пікір білдірсе, қайрайын, шыңдайын деген болар. Халқымызда ініден ізет деген сөз бар. Досхан ағам, бала кезімнен "Бандыны қуған Хамит" ретінде есімде сақталған, ақ сақалын сыйлайтын актер ағама артық әңгіме айтқым келмейді. Ең бастысы, ғұмыры ұзақ болып, Қаракөз жеңгеммен бақытты болсын!", – деді Қыдырәлі Болманов.

"Көлденең қосылған көк атты емеспін"

– Бүкіл өмірім жұрттың көз алдында өтіп жатыр. Сахнаға ең алғаш рет 1991 жылы қадам бастым. Халықаралық "Азия дауысы" фестивалінде дипломант атанып, өнер жолына бет бұрдым. Нұрым жыраудың термесін эстрадалық нұсқада орындадым. Одан кейін Сүгір жыраудың термесін форматтадым. Маған дейін мұны бірде-бір өнер немесе мәдениет өкілі жасаған жоқ. Дәл осыны мақтанышпен айта аламын. Мен өзімді емес, ісімді, яғни әлдекімдер мұрнын шүйіріп, менсінбей жүрген термені үлкен сахнаға, эстрадаға алып шыққанымды сөз етіп отырмын. Текті сөздің төресі саналатын термені жоғалып, жойылып кетуден сақтауға үлес қосқанымды тіліме тиек етсем айып па? Бізде небір жыршылар мен термешілер бар. Өкінішке қарай, оларды ешкім дәріптемейді, насихаттамайды. Термені заман талабына лайықтап, эстрадаға алып шығу арқылы халқыма, мәдениетіме пайдамды тигіздім деп ойлаймын. Бұдан кейін күйді форматтауға көштім. Дүниеге авторлық жоба – "Ұлытау" тобын әкелдім. Оның атағы мұхит асып, Голливудқа жетті. 

Қазақтың домбырасы мен күйі гран-при алды. Бұл ұлтқа, домбыраға деген құрмет, мәдениетке, дәстүрге бас ию емес пе? Өз басым этно-музыканы шоу-бизнеспен синтездеу және форматтау технологиясын ойлап тауып, әлемде баламасы жоқ "Ұлытау" жобасын жүзеге асырғаным үшін Англия ханшайымының эксклюзивті орденімен марапатталғанымды қазақтың руханиятына қосқан үлесім, домбырасына көрсеткен қызметім деп білемін. 

Мемлекеттік қызметте маған дейін де, менен кейін де мыңдаған адам жұмыс істейді. Адам қай жерде, қандай қызметте болмасын ұлтқа, халыққа, дәстүрге  қызмет етуі керек. Жеке өз басым мемлекеттік қызметте де, одан тыс жерде де ұлтқа пайдам тисе деген ұстаныммен өмір сүріп келемін. Мен мәдениет саласына көлденең қосылған көк атты емеспін. Мен қазақтың мәдениеті мен дәстүріне қызмет етуімді жалғастыра беремін.

"Гүлдерді" гүлдендірдім"

– Осылай деп ешкімнен ұялмай айта аламын. Мемлекеттік қызметтегі жұмысымды "Гүлдер" республикалық мемлекеттік эстрадалық жастар ансамблінің көркемдік жетекшісі болып бастадым. Осы қызметке тағайындалғанда "Гүлдердің" халі мүшкіл еді. Ұжыммен танысқан күні ансамбльдің құрамында 6-7 қыз қалғанын, олардың алды 30-ға келгенін білдім. Топ мүшелерінің 20 жылдан бері сахналық киімдері жаңартылмағанын естігенде шақшадай басым шарадай болды. А.Селезнев атындағы Алматы хорегографиялық училещесінің басшысына барып, "Гүлдер" ансамбліне 20 биші қажет екенін айттым. Сегіз айда ансамбльдің жаңа құрамын жасақтап, бір жылда өз қаражатыма 150 сахналық киім тіккіздім. Мәскеуден, Әзербайжаннан маман шақыртып, жаңа би қойғыздым. Осылай "Гүлдердің" концертін ұйымдастырдық. Ол жоғары деңгейде өтті. 

"Гүлдер" өзін-өзі асырайтын ұжымға айналды. Бұрын тойларда 15 мың теңгеге би билеп жүрген ансамбльдің қыздары бір жылға жетер-жетпес уақытта 2,5-3 мың долларға өнер көрсететін болды.  

"Мәдениет департаментіне Тасмағамбетов тартты" 

– Мәдениет саласындағы жұмысым Алматы қаласы мәдениет департаментінің директоры қызметінде жалғасты. Осы қызметті атқарамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Мәдениет департаментіне Тасмағамбетов тартты. Сеніп тапсырғаннан кейін, міндетімді абыроймен атқаруға тырыстым. Иманғали Тасмағамбетов Алматыдан бұрынғы Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына әкім болып ауысқанда мені елордаға шақырды. Сөйтті де Астана қаласы мәдениет департаментінің басшылығына тағайындады. Бұл бас қаланың 10 жылдығын тойлайын деп жатқан кез еді. Бізге дейін бағдарламаға "Венский бал", "Бразильский карнавал" дегендерді енгізіп қойыпты. Әкім осының барлығын алып тастап, өз мәдениетімізді насихаттауды тапсырды. Біз бұрынғы бағдарламаны бастан-аяқ өзгертіп, екі жарым айда ұлттық құндылығымызды дәріптейтін 93 шара ұйымдастырдық. Ал Алматы қаласы мәдениет департаментінде қызмет еткенде, Наурызды жалпыхалықтық мерекеге айналдыруға күш жұмсадық. 5 мың өнерпаздың қатысуымен Абай даңғылынан Сайн көшесіне дейін көш ұйымдастырдық. 

Қазір "Домбыра-пати" деген атпен жақсы дәстүр жүзеге асырылып жатыр. Біле білсеңіздер, мұны Қазақстанда ең алғаш рет біз бастағанбыз. Алматы қаласының туған күнінде алғаш рет сахнаға 100 домбырашыны шығардық.

Сонда күйші Қаршыға ағамыз бас домбырашы болды. Қазір бұл бастама модаға айналды. Мен осының бастау бұлағында тұрғанымды білемін және мақтан тұтамын.

"Бірінші рет кеңесші болып тұрған жоқпын"

– Біреу білер, біреу білмес, министрге бірінші рет кеңесші болып тұрған жоқпын. Осыдан біраз бұрын Мұхтар Құл-Мұхамед ағамыз министр болған кезде 1,5 жыл кеңесші қызметін атқардым. Кейін "Бал-бала" жобасын қолға алуыма байланысты кеңесші қызметінен өз еркіммен бас тарттым. 

Айта кетейін, мемлекеттік қызметкер ретінде ант  қабылдадым, тексеруден, аттестациядан өттім. Мұны менің қазіргі министрдің кеңесшісі қызметіне тағайындалуыма қырын қарап жүргендер біліп жүрсін деп айтып отырмын. 

Мемлекеттік қызметте еңбек етуге білімім, тәжірибем жетеді. Қазіргі министрге маған білдірген сенімі үшін алғыс айтамын. 

"Мен бәріне дайынмын!"

– "Кісіге пайдаң тимесе, зияның тимесін" деген сөз бар. Адамға тілмен де зиян келтіруге болмайды. Бірақ қоғамда біреуді жазғыруға, кінәлауға, жамандауға дайын тұратын адамдар бар. Қажет болса, маған қатысты жағымсыз пікір білдіріп жүрген адамдармен кездесейін. Зал табайын, олардың сұрақтарына жауап берейін. Сыртымнан ғайбат айтқанша, келсін, арым таза, мен бәріне дайынмын! 

"Жұрт шенеуніктер түк істемейді деп ойлайды"

– Жасыратыны жоқ, жұрт тура осы пікірде. Бұл – қате түсінік. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу  – үлкен жауапкершілік әрі үлкен мектеп. Барлық шенеунік қалғып, мүлгіп жүрсе, еліміз қалай дамып, қалай өркендеп жатыр. Осыны бір мезгіл ой елегінен өткізу қажет шығар деп ойлаймын.

"Уақыт көрсетеді"

– Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі қызметіне тағайындалғаныма көп уақыт болған жоқ. Дәл қазір "тау қопарып, тас бұздым" деп айта алмаймын. Алайда менің атқарған жұмысымды уақыт көрсететінін және мен атқарған ісіме ұялмай, жауап беретінімді айтқым келеді.

Сұхбатасқан Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу