ЕАЭО аумағынан көлік тасымалдау тоқтап тұр

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
14225

"ҚазАвтоӨндіріс" жоспарды орындау үшін бір апта ішінде шетелдік автокөліктерді қоса алғанда 31800 көлік сатуға тиіс.

ЕАЭО аумағынан көлік тасымалдау тоқтап тұр

Таяуда инвестиция және даму министрлігі мен энергетика министрлігі ел аумағында Еуро-4 экологиялық классынан төмен, АBC және көлденең қауіпсіздік жастығы мен күндізгі жарығы жоқ автокөліктерді тіркеуге тыйым салынғанын, сонымен қатар тіркеу құны мен утилизациялық алым құны көтерілгенін және ЕАЭО аумағынан көлік тасымалдау тоқтатылғанын хабарлады.

"Бұл тоқтам қазір күшінде және келесі жылы да өзгеріссіз қалады" деп мәлімдеді қос министрлік.

Ал 2018 жылы Ресейден Қазақстанға тасымалданатын көліктің құны көтерілуі мүмкін. Бұған  утилизациялық алымның АЕК-пен бірге өсетіндігі себеп болуы ықтимал. Жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап есептік көрсеткіш 5%-ға (2 мың 269 теңгеден 2 мың 405 теңгеге дейін) ұлғаяды.  Ал утилизациялық базалық құн – 50 АЕК-ке тең. Жаңа көрсеткіш бойынша алым 6 мың 800 теңгеден 120 мың 250 теңгеге дейін өсуі ғажап емес.

Еске сала кетейік, отандастарымыз 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында 999,4 млн долларға 41,7 мыңға жуық көлік сатып алған. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл көрсеткіш – былтырғыдан ақша жағынан 30,4%-ға, ал көлік саны жағынан 5,9%-ға жоғары.

"Автонарық саласында 2017 жылдың басты нәтижесі ретінде 2 жылдан бері созылып келе жатқан нарықтық құлдыраудың аяқталуын айтуға болады. Бұл құлдырау 2014 жылдың ортасында басталған еді. Биылғы қараша айы  құлдыраудан шыққаннан кейінгі үздіксіз өскен жетінші ай болып отыр. Бұл саланың қайта қалпына келуіне отандық өндірушілер де ықпал етті. Олардың ұсыныстарының артуы, сондай-ақ  макраэкономикалық қордың тұрақтануы және тұтынушылардың жаңа валюталық өзгерістерге үйренісуі дағдарыстан шығуға әсер етті", – дейді "ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының" басқарма төрағасы Олег Алферов.

Оның айтуынша, биылғы 12 айдың қорытындысы бойынша елімізде 46 мың көлік сатылуы тиіс. Осылайша отандық автонарыққа өз ішімізден 1,1 млрд доллардан астам қаржы түсіру жоспарланған. Алайда кейінгі 11 айдың қорытындысы бойынша отандық автозауыттар шығарған 27,4 мың автокөліктің тек 14,2 мыңы ғана сатылған. Осыны ескерсек, "ҚазАвтоӨндіріс" басшысы айтқан 46 мыңға қалған бір апта ішінде жете қою екіталай. Жоспарды орындау үшін олар шетелдік автокөліктерді қосқанда 31800 көлік сатып үлгеруі керек.

Астанада өткен "Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні" атты ұлттық телекөпірде елбасы еліміздің мұнай мен газға тәуелділігін жою үшін жаңа өндірісті дамыту қажеттігін алға тартқаны мәлім.

"Өздеріңіз байқап отырғандай, алдыңғы қатарлы мемлекеттің бірі Оңтүстік Кореяда мұнайдың өзін айтпағанда, бір түйір көмір жоқ. Ал Сингапурда қандай мұнай мен газ, көмір бар деп ойлайсыздар? Швейцария мен Германияда не бар? Сондықтан біз де ақыл мен ой арқылы дамыған мемлекеттердің алдында болуымыз қажет. Білектің күшімен жерді қазып, темір шығаратын қазақ болмай, жұрт сияқты ақыл-ой, парасатпен ақша табайық! Бірақ, не болса соны жасамай, бәсекеге қабілетті өнімді ғана шығарғанымыз жөн", – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл бізге Корея мен Германияның темір тұлпарларына тамсана бермей, өзіміздің өндірістісті дамытқан тиімді деген сөз.

Мәселен  телекөпір барысында Қарағанды қаласында ескі көліктерді қайта өңдейтін зауыттың екінші кезеңі іске қосылды. "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағында салынған зауыттың бірінші кезеңі жұмысын биылғы шілде айында бастаған болатын. Ал бұл жолы жалпы құны 3 млрд  400 млн теңгені құрайтын зауыттың құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Енді оның мүмкіндігі 98%-ға артып, қуаттылығы жылына 50 мың бірлікке дейін жеткізілмек.

"Бұл – тасымалдау құралдарын қайта өңдейтін Қазақстандағы алғашқы зауыт. Бар болғаны 9 айдың ішінде тұрғызылды. Жоғары теxнологиялық құрал-жабдықтар жылына 50 мыңға тарта ескі көлікті қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Жылына 20 мың тонна қара және түсті металл алу көзделіп отыр. Теxнологиялық үдерістердің барлығы қоршаған ортаға зиянын тигізбейді", – дейді "Recyclinig Company" ЖШС қамқоршылық кеңесінің мүшесі Айдын Нұраxметов.

Өткен жылы ескі көліктерді өңдеу бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданып, соның аясында тозған көліктер мен олардың қосалқы бөлшектерін жинақтау іске асырыла бастады. Енді еліміздің әрбір тұрғыны іске жарамсыз болып қалған көлігін сондай арнайы орындарға тапсырып, ақысын ала алады. Ол үшін елімізде көлік қалдықтарын жинайтын 17 пункт ашылған. Ескі көліктердің иелеріне 150 мың теңге көлемінде қолма қол ақша немесе отандық көлік сатып алуға 350 мың теңгелік сертификат ұсынылады. Мұны апатқа ұшыраған көлік иесі оны зауытқа өткізіп, одан алған ақшасының үстіне өзінің жиғанын қосып, басқа көлік сатып алып отырса, отандық автонарық бағасының тұрақтануына сеп болатынын құлаққағыс қылу үшін айтып отырмыз.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу