Электромобиль мінуге дайын емеспіз

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
8157

Қарапайым қазақстандықтардың қалтасы көтермейтін экологиялық көлік ауқатты адамдарға ғана алданыш болып тұр.

Электромобиль мінуге дайын емеспіз

Биылғы жылдың алғашқы алты айында елімізде жалпы құны 64,5 млрд теңгені құрайтын 8 768 автокөлік шығарылыпты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6 есеге көп көрсеткіш екен.

Қазақстан экспортқа көлік жөнелтуде де жетістікке жетіпті. Жыл басынан бері 831 автокөлік шетел асқан көрінеді.

"Қазавтоөнеркәсіп" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағы ЗТБ басқарма төрағасы Олег Алферовтың аузынан осындай мәліметті естігенде кәдімгідей қуанып, қанаттанып қалдық. Алайда қуаныш отының лап етуінен, жалп етуі тез болды. Себебі...

Себебі дейсіз бе, себебі Олег Алферовтың айтуынша, біздің ел электромобиль мінуге дайын емес.

EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізіп жатқан тұста мұндай мәселемен бетпе-бет келу, әрине ұят. Алайда бұл жерде барлығын ұятқа сілтеп, сыртқа сыра салуға болмайды. Өйткені ұяттың арғы жағында күрмеуі шешілмеген мәселе тұр.

Қазіргі заманның ең мықты трендтерінің бірі болып табылатын электромобиль бензинмен жүретін көлікпен салыстырғанда үнемділігімен, қарапайымдылығымен және ең бастысы қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндігімен бір бас жоғары тұрады. Оның қарапайымдылығы моторын баптаудың оңайлығымен, үнемділігі отынды аз жұмсайтындығымен ерекшеленеді.

Электромобильді толық қуаттандыру үшін шамамен 40 кВт энергия жұмсалады. Қуат күші тас жолда 160, қала ішінде 250 шақырымға жетеді. Мұны ақшаға айналдырсақ, бір шақырымға 4 теңге кетеді. Ал бензинмен жүретін автокөліктің шығыны бұдан 3 есе көп. Айтпақшы электромобильді тұрмыстағы қарапайым розетка арқылы да қуаттандыруға болады. Бір көлікті тоқпен толық қамтамасыз ету үшін 2,5 сағат кетеді. Адамдар электромобильге осындай қасиеттері үшін қызығады.

Қызығу мен сатып алудың арасы...

Жер мен көктей. Иә, иә, дәл солай. Арадағы алшақтық осындай. Сөзімізді салмақтау үшін статистиканы сөйлетейік.

2015 жылы қазақстандықтар 32, ал былтыр небары 35 электромобиль сатып алған. Өткен жылы иелерін тапқан электромобильдердің 25-і Алматыда, 8-і Астанада, 2-і Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. 

Аbctv.kz-тің сараптауынша, сатып алушылар шетінен ауқатты адам болған. Өйткені олар премиум санаттағы машиналарды иеленген. Мысал үшін айтайық, алматылықтар сатып алған Tesla кроссовері X моделінің құны 85,5 мың, Tesla седаны  S моделінің бағасы 66-109,5 мың көк қағазды құраған. Ал BMW i3 электромобилін тізгіндегендер автодиллерлерге қиналмай 46,4 мың доллар ұсынған. 

Бұл қазіргі электромобильдерқалтасы қалың адамдардың ғана қалауы, қарапайым қазақстандықтар мұндай көлікті армандамайды деген сөз. Баға саясаты өзгермейтін болса, электромобильдер алдағы уақытта да тек қана ауқатты адамдардың алданышы болып қала береді.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 2 қыркүйегі мен 2017 жылдың тамызы аралығында Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағында электроқозғалтқышы бар автокөліктердің импортына салық бойынша нөлдік мөлшерлеме енгізілді.

Бұған қоса елімізде утилизациялық алым мен көлікті тіркеуге жеңілдік жасалды. Сонымен қатар электромобиль иелері көлік салығынан босатылды.

Жеңілдік бар, жағдай жоқ

Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қарапайым адамдар электромобиль сатып ала алмайды. Ал ауқатты адамдардың электромобильдеріне жеңілдік емес, жайлы жағдай, яғни инфрақұрылым қажет.

Күні бүгінге дейін елімізде батареямен жүретін машиналарға арналған орталық пен бекет бой көтерген жоқ. Салдарынан адамдар тоқ тұтынатын автокөліктерін үйден, ауладан қуаттандырып жүрді.

Айтпақшы таяуда ғана Астанада 13 түрлі электромобильді қуаттандыратын әмбебап бекет ашылды. Ол Экспо көрмесі аяқталғанша электромобильдерге тегін қызмет көрсететін болды.

Олег Алферовтың айтуынша, электромобильдердің қолжетімділігі мемлекет қолдау көрсеткен кезде ғана артады.

"Биылғы жылдың алғашқы алты айында ел азаматтары 19 электромобиль сатып алды. Бұл аз ба, көп пе, өзіңіз пайымдай беріңіз. Қарапайым адамдардың экологиялық көліктерді тізгіндеуіне жағдай жасау үшін Қытай мемлекеті сияқты электромобильдің жарты құнын субсидиялауға болады. Алайда бұл бізге тиімді ме, тиімсіз бе, мұндай бастама өзін-өзі ақтай ма, ақтамай ма, осы жағын зерделеу қажет", – деді ол.

Оның пікірінше, қалай болғанда да ел азаматтары жаппай электромобильге ауыспайды.

"Адамдар үйренген көліктерінен бас тартпайды. Алайда біздің қоғамда да  электромобильболады, тек көліктің дәл осы түрін таңдағандардың санын қолдан, жасанды түрде өсірмеген жөн. Мысалға Дания мемлекетінің тәжірибесін алайық. Мұнда электромобильдерді өткізу үшін түрлі жеңілдік жасалды. Сол-ақ екен халық жаппай электромобильге ауыса бастады. Уақыт өте келе барлық жеңілдік алынып тасталды, ал электромобильдердің саудасы тоқтап қалды. Бұл ретте Батыс Еуропа, АҚШ, Қытай мемлекеттері де электромобильдердің сатылымын мемлекеттік субсидия арқылы ұстап тұрғанын ұмытпауымыз керек", – деді Олег Алферов.

Оның ойынша, бізге шетелдің тәжірибесін қолдану шарт емес.

"Қазақстанның аумағы өте үлкен, қыста табиғаты қатал. Сондықтан ел азаматтары жаппай электромобиль мінеді деп кесімді пікір білдіре алмаймын. Шетелдің тәжірибесінелімізге енгізе қояйық деуден де аулақпын. Өйткені Еуропа елдері 2050 жылдан бастап ішкі жану қозғалтқышы бар көліктерді пайдалануды шектеп, біржола электромобильге көшуді жоспарлап отыр.Ал біздің елде дәл қазір мұндай ой жоқ", – деді ол.

Гибридке көшеміз

Бағасы аспанға атылып тұрғандықтан қазақстандықтар электромобильге қызықпайды. Мәселені оң шешу үшін отандық автоөндірушілер бензинмен және электр қуатымен жүретін гибрид автокөлік өндіруге көшейін деп отыр.

"Бүгінге дейін Өскеменде KIA Soul, JAC, Қостанайда LADA Vesta сынды электромобильдер шығарылды. Бұдан былай біз гибрид көлік құрастыруға басымдық береміз. Осылайша халықтың сұранысын қанағаттандырамыз", – деді Олег Алферов.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу