Елімізде тоқтаусыз белең алып жатқан дерт белгілі болды

627

Қазір жасы бар, кәрісі бар, қант диабетіне шалдыққандар жайында көп естудеміз. 

Елімізде тоқтаусыз белең алып жатқан дерт белгілі болды Фото: ГКБ им. А.К. Ерамишанцева

Осы күні Қазақстанда бұл дертпен ауыратындар жарты млн-нан асып жығылады. Оның үстіне сан үздіксіз артуда. Бұл қарқынмен алдағы 10 жыл өтпей-ақ науқастар саны млн-нан асып кетуі мүмкін. Бұған не себеп болуда, бірнеше жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған жоба неге аяқсыз қалды?

Дәрі-дәрмекке млрд-тар жұмсалуда

Осыдан 3 жыл бұрын ғана қант диабетімен 383 мың қазақстандық тіркеуде еді. Араға бір жыл салып тізім 445 мыңға жуықтады. Ал былтыр желтоқсанда 522 мың адамнан асып жығылды. Науқастардың 95 пайызы 2-типтегілер. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне қарап отырып, ауру жыл сайын қатты үдеп отырғанын байқау қиын емес.

Диагноз қойылғаннан кейін науқастардың түгелі дерлік дәрі-дәрмекпен өмір сүруге мәжбүр. Көбіне үкімет қамтамасыз етіп, қаржы бөліп отырады. 2021 жылы диабетке қарсы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында 31 млрд теңге жұмсалса, былтыр – 56,3 млрд, 2025 жылы – 70 млрд теңге қарастырылады. 3 жыл аралықта 2 еседен астам өсіп отыр.

Аурудың жай-күйіне оралайық, клиникалық зерттеулерге сүйенсек, қазір әрбір он ересектің біреуі II-типтегі қант диабетімен ауырады, ал он адамның екеуінде бұл дерттің белгілері бар, бірақ әлі диагноз қойылмаған. Ең қорқыныштысы, II-типтегі қант диабеті жасарып келеді, қазір бұл диагнозбен тіркелгендердің шамамен 33%-ын балалар мен жастар құрап отыр. Рафинадталған өнімдердің қолжетімділігін, фастфуд, тәтті газдалған сусындар және жоғары калориялы тағамдарды артық тұтыну осыған жол ашуда.

Жоғарыда тәтті сусын деген бір ауыз сөзді бекер қоспадық. Себебі дәрігерлердің көбі осыны алға тартады. 2021 жылы Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда тәтті сусындарға 15 пайыз қосымша салық енгізуді, 2025 жылы мөлшерін 45 пайызға жеткізу туралы мәселе көтерген еді. Алайда жоба қолдау тауып келе жатты да, соңында мақұлдаусыз қалды. Себебі тәтті сусын өндірушілері жаппай қарсылық көрсетті.

Медицина мамандары әлі де болса акциздің енгізілуін қалайды. Себебі қосымша салық жүктелсе, тәтті сусындар қымбаттап, бағасы халыққа қолжетімсіз болып, тұтыну көлемі де азаяды деген көзқарас бар. Баға өскенде тәтті сусындар әлеуметтік осал топтар үшін қолжетімсіз бола бастайды. Осал топтар ғана емес, қаржылық тұрғыдан тиімсіз екенін білген адамдар су, қантсыз шай, табиғи шырындар секілді пайдалы баламаларды іздейді. Ал салықтан түскен ақшаны мемлекет медицина саласына бағыттай алады.

Дегенмен бұның бәрі болжам ғана. Зиянды заттарды шектеу, бағасын өсіру керісінше оның өршуіне алып келетінін айтушылар жетерлік. Бір қарағанда, бұл – тәтті сусындарды алкоголь мен темекі өнімдеріне теңестіру секілді көрінеді.

Тәтті сусындармен қатар жүретін әрі наразылық тудыратын тағы бір өнім – энергетикалық сусындар. Оның түрлі ауруға жол ашып жатқанын айтушылар аз емес. Былтыр Қазақстан да энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салды. Медицина ғылымының кандидаты Гүлмира Тұқсаитова да оның зияны орасан екенін жеткізді.

– Бұл сусындарды жиі немесе шамадан тыс тұтынған жағдайда ағзаға елеулі зиян келтіруі мүмкін. Олар қант мөлшерінен бөлек, кофеин, таурин, гуарана және басқа да стимуляторлардан тұрады. Оның әсерінен жүрекке күш түседі, қан қысымы көтеріледі, қан тамырлары тарылып, қан айналымы нашарлайды. Бұл жағдайда тахикардия, аритмия сияқты жүрек ырғағының бұзылыстары болуы мүмкін. Әсіресе жүрек-қан тамыр ауруларына бейім адамдар мен жасөспірімдер үшін қауіпті. Жүрек ұстамалары бар адам шамадан тыс энергетик ішіп, физикалық жүктеме түсірсе, өлімге де әкелуі мүмкін, – дейді маман.

Кәсіпкерлер тәтті сусынның зияны дәлелденбегенін айтады

Сонымен, тәтті сусын өндірісіне қосымша салық салу бастамасына қарсы екендерін білдіре жүріп, кәсіпкерлер жобаға тоқтау салған еді. "Еуразия энергетикалық сусындары" қауымдастығының төрағасы Ермек Шериязданов айтуынша, қосымша салық бастамасының тоқтатылуы үкіметтің дұрыс шешімі болған.

– Дегенмен қазір энергетикалық сусындарға салық салу мәселесі өзекті болуда. Энергетикалық сусындар мен тәтті сусындар арасындағы айырмашылық тек кофеиннің мөлшерінде ғана. Әйтпесе энергетикалық сусындардағы кофеин мөлшері бір кесеге салынған шай не кофеге қарағанда шамамен 2,5 есе аз. Сондықтан энергетикалық сусындар лимонадпен теңдей, – дейді кәсіпкер.

Энергетикалық сусындарға акциз енгізу бизнеске елеулі соққы әкелуі мүмкін екен. Салық түсімдері азайып, жұмыс орындары қысқарады. Мемлекет тікелей инвестициядан қағылады.

Мысалы, 2023-2024 жылдары Қазақстандағы энергетикалық сусын өндірісіне 10 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Қазіргі салық мөлшері сақталған жағдайда, 2025-2026 жылдары да осындай көлемде инвестиция күтіледі.

– Акциз енгізілген жағдайда өндіріс 30%-ға қысқарып, өндірушілер мен дистрибьюторлар тарапынан жұмысшылардың 20%-ы қысқартылуы мүмкін. Шамамен 2,5 мың адам жұмыссыз қалады. Өндірісте жалақы қоры 7 млрд теңгеге, дистрибьюторларда 6,5 млрд теңгеге қысқарады, жалпы қысқару 13,5 млрд теңгені құрауы мүмкін. Алғашқы жылдың өзінде бюджетке түсетін салық көлемі 6 млрд теңгеге азаяды. Келесі жылдары бұл көрсеткіш орта есеппен 20%-ға төмендейді. Сондықтан салық енгізу мәселесіне байыппен, жан-жақты қарап, қоғам, бизнес қауымдастық және мемлекеттік деңгейде кеңінен талқылау қажет, – деді "Еуразия энергетикалық сусындары" қауымдастығының төрағасы.

Кәсіпкер мұндай салық халықтың қант тұтынуын азайтуға әкелетіні туралы нақты ғылыми зерттеулер жеткіліксіз екенін алға тартты. Себебі қант адам ағзасының қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет, сондықтан адам оны әртүрлі өнімдер арқылы бәрібір тұтынады.

Сондай-ақ Шериязданов қауымдастыққа мүше барлық өндірушілер "Жауапты өндіруші кодексіне" қол қойғанын жеткізді. Бұл кодексте сусындардағы қант мөлшерін азайту міндеттемесі де бар екен.

– Өндірушілер өнімнің 100 мл-іне шаққандағы қант мөлшерін төмендетуде. Бұрын ол орта есеппен 12,5 г/100 мл болса, қазір бұл көрсеткіш 11 г-нан аспайды. Кейбір брендтер қантсыз немесе қант алмастырғыштармен дайындалған өнімдерді белсенді түрде ұсынуда. Бұл – әлемдік тренд, қазақстандық өндірушілер де осы бағытты ұстануда. Халық қантты ең алдымен шай немесе кофе ішкенде қасықпен қосып тұтынады. Екінші орында – тәтті кондитерлік өнімдер. Ал қантты сусындар тұтыну деңгейінде үшінші орында тұр, – деді кәсіпкер.

Сонымен, халық арасында қант диабеті де, тәтті сусындарды тұтыну деңгейі де бірге артып бара жатқандай. Дегенмен медицина мамандары алдағы уақытта қоғамда диабеттің таралуына сусындар қаншалықты әсер етіп жатқанына жүйелі зерттеу жүргізгені абзал. Әйтпесе, мәселеге біржақты қарауға болмайтын іспетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу