Елімізге жыл сайын миллиардтаған хакерлік шабуыл жасалады

26412

Кибер қорғаныс саласы күшейе түспек. 

Елімізге жыл сайын миллиардтаған хакерлік шабуыл жасалады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Руслан Әбдіхалықов Қазақстанға жыл сайын миллиардтаған кибершабуыл жасалатынын мәлім етті.

"Жалпы, 2019 жылы еліміздің инфрақұрылымдарына екі жарым миллиардқа жуық кибершабуыл жасалды. Алайда бұл шабуылдар елімізге кіре берістегі "электронды шекарада" тоқтатылды. Ал "электронды шекара" – киберқалқанның бір элементі. Өздеріңіз білесіздер, 2018 жылы желтоқсан айында Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығы іске қосылған болатын. Осы орталық хакерлер тарапынан жасалатын негізгі соққыға алғашқы болып қалқан қояды. Яғни үлкен киберқалқан қызметін атқарады. Ал хакерлік шабуылдар саны жыл сайын еселеп өсуде. Бірнеше жыл бұрын жүз мың шабуыл біз үшін көп болып көрінетін. Ал қазір 2,5 млрд шабуылдан қорықпаймыз. Өйткені хакерлік жортуылдар қазіргі кезде әлемдік трендке айналып отыр. Ең бастысы, бірде-бір кибершабуыл бізге залал келтіре алған жоқ. Қалқанның бұдан да зор шабуылға төтеп беруіне қауқары бар",  – деп еліміздегі ақпараттық қауіпсіздікке жауапты тұлға сеніммен айтты.

Руслан Әбдіхалықов электронды үкіметке жасалған кибершабуылдарға ерекше тоқталып, қорғаныс қалай құрылатынын түсіндірді.

"Электронды үкімет инфрақұрылымына жасалған 2,7 млн шабуылға назар аударған жөн. Олар үлкен торға түспей кеткен ұсақ балықтар тәрізді негізгі сүзгіден өтіп кеткен вирустар. Дегенмен екінші деңгейдегі кіші қорғаныста бұлардың бәріне тойтарыс берілді. Егер үлкен қалқан болмаса, кіші қалқанды хакерлер бұзып өтер еді. Кибер қауіпсіздіктің қағидаттарының бірі – бірнеше қабаттан тұратын қорғаныс құру. Ең үлкен қалқан – Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығы, екіншісі – мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігінің жедел орталықтары. Одан бөлек жекеменшік жедел орталықтар мен ішкі қорғаныс элементтері бар",  – деді кибер қауіпсіздік маманы.

Өткен жылы жаз кезінде еліміздің 11 млн азаматының жеке мәліметтері интернетте тарап кетуі жөнінде министрлік өкілі түсініктеме бере кетті. Оның айтуынша, ол оқиғаға жеке адам кінәлі болған.

"11 млн Қазақстан азаматы туралы дерек желіде тарап кетті. Бұл өте масқара жағдай. Осы мәселе жөнінде алғашқы анализ жасаған кезімізде, адами фактор себеп болғанына көзіміз жетті. Бұл жерде ешқандай ақпаратты қорғау құралы да, Windows жүйесі де кінәлі емес. Тек адам ғана кінәлі. Осы мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқықтық тұрғыдан Бас прокуратура өз пайымын айта жатар. Алайда бұл оқиға біздің министрлікке қалай әсер етті? Азаматтардың дербес деректерін қорғау туралы қолданыстағы заң ескірген. Цифрлық технологиялар күн сайын дамуда, ал жеке деректерді қоғау мәселесі біраз артта қалып қойды. Қазір біз жаңа заң жобасын әзірлеп, парламентке ұсынып отырмыз",  – деді Руслан Әбдіхалықов.

Айта кетсек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жапондық және қазақстандық ақпараттық қауіпсіздік компанияларына қолдау көрсете отырып "Қазақстанның киберқалқаны" жобасын одан ары дамытпақ. Осы мақсатта бүгін шетелдік және отандық компаниялар ғылыми және техникалық әріптестікті бастау туралы келісімге қол қойды.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу