Латвия: Балтық жағалауындағы Еуропа қақпасы!

23964

Бүгінгі таңда Латвия экономикалық көрсеткіш бойынша бірнеше Еуропа елдерінен озық тұр.  

Латвия: Балтық жағалауындағы Еуропа қақпасы!

Кез келген елдің өсуі мен өркендеуі оның экономикалық дамуына тікелей байланысты екені хақ. Жетістікке жету жолын, не болмаса сүрінген тұсты  саралағымыз келсе, өткенге үңіліп жатамыз. Әрине, өткенге қарап алдағы межені болжаған құптарлық. Дегенмен айналаңа көз жүгіртудің де пайдасы зор. Өйткені көршілес елге қарап өз жолыңды салыстыра отырып, жеткен жетістігің мен қалыс қалған тұстарыңды аңғарасың емес пе?!

Өздеріңіз білетіндей,  ATAMEKEN BUSINESS  арнасында "Соседи" атты деректі фильм топтамасы көрерменге ұсынылуда. Ал бұл жолы сол деректі фильмді қағаз бетіне түсіріп, оқырманға ұсынуды жөн санадық. Алғашқы сапарымыз Балтық жағалауына болмақ.

Бұл елдердің ерекшелігі неде? Бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп жатқандардың қайсысы шындық, қайсысы қауесет? Олар экономикалық дағдарыс шегінде жүр ме әлде, керісінше, дұрыс қадамдар жасап, қарыштап алға кетті ме? Екі ел арасындағы бизнес бастамаларға мүмкіндіктер ашылған ба? Балтық жағалауындағы елдерден үйренеріміз бар ма? Ендеше, бүгінгі шолуды Латвия еліне арнамақпыз.

Латвия

Бүгінде туризм, демалыс және жалпы әлемді тануға дүние жұрты құмар, одан отандастарымыз да қалыс қалып жатқан жоқ. Туристік бағыттан бөлек, іскерлік байланыстар, тәжірибе алмасудың түрлі іс шаралары арқылы  әлем қарбаласып, бірге қайнасып жататынын көріп отырмыз. Әр сапардың өз ерекшелігі бар. Ал балтық елдеріне барған сапарымызда бизнеске қатысты бірнеше оқиға төңірегінде өрбітуді жөн көрдік.

 ATAMEKEN BUSINESS  түсірілім тобы ұшаққа отырғаннан өз жұмысын бастап кетті. Оған басты себеп – Эйрбалтик әуе компаниясы. Бұл – екі ел арасындағы қатынаста бағасы жағынан арзан, бизнес пен туристік салаға таптырмас ұсыныс жасап отырған қомпания. ЭйрБалтик компаниясы арқылы жыл сайын 5 млн жолаушы барар еліне жетіп жатса, ал ел экономикасындағы оның үлесі де ауыз толтырып айтарлықтай жалпы ішкі өнімде 2,5 % құрауда.

ЭйрБалтик әуе кемесіндегі сапарымызда бірден байқағанымыз борт жолаушысына ас ұсынылмайды екен. Бірақ  қалаған тағам түрін ас мәзірінен таңдап алуға болады. Ас мәзірінде тағамның 70 түрі бар. Егер қалауыңызды алдын ала білсеңіз, оған тапсырысты да ертерек беруге болады.

Бүгінде әуе компаниясы 300 бағытта қатынас орнатқан және алдағы 5 жылда жаңа бағыттар ашып, жолаушы санын екі есеге арттыруды жоспарлауда.

Әуе компаниясының бас директоры Мартин Гаусс сұхбат беруге  бірден келісе кетті. Кез келген басшыда кездесе бермейтін бұл ашықтығын жоғары бағаладық.

Оның айтуынша, компания өткен жылы ұйымның бизнес-моделін түбегейлі қайта қараған. Осылайша әуе кемесінің паркі Эйр Бас А220-300 әуе борттарымен толыққан. Бұл ұшақ маркасының бағасы жағынан қымбат болмағанымен, сұранысы аса жоғары екенін де ерекше атады. Компания үшін бастысы жолаушыға барынша ыңғайлы жағдай жасау, содан болса керек, ұшақтағы 230 орын санын қысқартып, 150-ден асырмаған. Нәтижесі ойлағандай, әуе кемесі бүгінде бизнес-клас пен эконом-класты үйлестіре алған.

Мартин Гаусс компания алдындағы мәселелі сұрақтарды да айналып өтпеді. Түсінгеніміздей, жанармай бағасының қымбаттауы біздің елге ғана емес, латыштарға да тән құбылыс екен. Жанар-жағармай бағасының артуы көп жағдайда қызмет сапасына да әсер ететінін жасырмады. Дегенмен бәсекелестіктің жоғары болуына қарамастан, бұл компания алдындағы мақсатына жетуге, сын-тегеурінді еңсеруді міндет деп таныған. Компания қызмет бағасын өсірмей, сапаны барынша сақтауға аса мән беретінін жасырмады.

Әуе компаниясы, әрине, ірі бизнес, қарапайым адамдар үшін тіпті өте күрделі кәсіп түрі. Сондықтан алда басқа да қарапайым  бизнес түрлерін саралауға тырысамыз.

Латвияның бас қаласына да жеттік.  Сапарымызды ауа райы  да қолдағандай,  күн ашық әрі тұнық екен, нағыз серуен құрарлықтай. 

Рига – Балтық жағалауындағы ірі қала, шығыс пен батыс арасындағы көпір. Бұл экономикалық байланыстар торабы десек те артық болмас. Латвия – жаңа технологияға аса мән беретін елдің бірі. Ал Риганың орналасқан жері де оның дамуына өзіндік ықпалын тигізуде. Өйткені бұл қала теңіз жағалауында, Балтық жағасының дәл ортасында орналасқан.

Рига – ерекше қала, оны алғаш көрген адам бей-жай қалмасы да анық. Оның көше жолдарындағы ескі тас төсеуіштер мен  көше бойында тізілген үйлер осыдан 100-200 жыл бұрын, тіпті 300 жыл бұрын салынған. Югенд стилінде немесе ар-нуво стиліндегі ғимараттардың құрылысы қайталанбас өнер туындылары екені сөзсіз.

Сәулет өнерінің тартымдылығы соншалық, тіпті бір қарағанда кей көшелердегі ғимаратты еріксіз ойыншық үйлерге ұқсатып жатасың. Көше бойында суретшінің қыл қалам ізін тамашалау Ригада қалыпты құбылыс екен. Оны Ригада жиі кездестіресің. Ал кей көшесінде орналасқан арт стиліндегі ескерткішті көргенде туынды авторының түпкі ойына үңілгің-ақ келеді. Мысалы, мына фотодағы мешін ескерткішіне қарап, біраз ойланғанымызды жасырмасақ болады.

Кезінде кеңестік дәуірде батыс елдері жайлы фильмдер түсіру үшін Риганың таңдалғаны бекерден-бекер болмаса керек. Ғимараттарға қарап отырып, көрерменге танымал болған "Электрониканың шытырман оқиғасы" фильмі, Шерлок Холмс, Василий Ливанов сынды кейіпкерлер еріксіз ойыңа келетіні анық. Бұл сөзімді жастар түсінбесе де, жоғары буын бірден ұғары хақ.

Рига – тарихы терең, сәулеті жарасқан қала. Кезінде Ресейдің әйгілі патшасы Петр І  Еуропаға "терезені" осы қаладан ашқан. Ал бүгінде бұл Еуроодақтың шығыстағы қақпасы іспетті.

Риганың тағы бір ерекшелігі – климатының жұмсақтығы, керемет самал желі де жанға рахат сыйлайтынын да айта кеткен жөн болар.

Балтық елдері экономикалық даму жолында Еуроодаққа мүше болуды таңдады. Бұл ең ұтымды әрі жалғыз жол болғаны рас. Осылайша Латвия  2004 жылы  Еуроодақ мүшесі атанады, үш жылдан кейін Шенген аймағына да қосылады. Қарқынды өзгерістер елдегі орташа жалақыға әсер етіп, екі есеге көтерілуіне септігін тигізді. Осылайша орташа жалақы 700 еуроға жеткен.

Еуроатлант интеграциясы Латвияның  батыс нарығымен байланысын нығайтуға көмектесті. Бұл интеграция елге не берді? Латвия бюджет тапшылығы ең аз – 0,9%-ды құрайтын әлемдегі үшінші ел. Республиканың Еуроодақтағы мемлекеттік қарызы да ең аз ел, яғни олар бесінші орында.

Сөз орайы келгенде айта өткен жөн болар, кез келген қаланы тартымды етер оның орталықтағы сәулет ғимараттары ғана емес, басқа да қала бөлігіндегі қалыптасқан мәдениет болмақ. Орталық көшеден кішігірім аулаға барсаң да, осы мәдениеттің сақталғанын байқайсың. Кішігірім ауланың өзінде керемет ғимарат болмаса да, тазалығында мін жоқ. Барлығы мұнтаздай.

Ел экономикасында да осы тиянақтылық қалыптасқан. Кез келген мекеменің сыртқы беті де, ал бастысы, оның ішіндегі жұмыс та аса мұқияттылықты аңғартады.

Бұған ел экономикасының даму қарқыны да әсер берсе керек. Қаржы тәртібін анықтау, елдегі ақша қорын орынды бөлу – Латвия жетістігінің бірі. Өйткені осы бағыттағы жұмыстың дұрыс қойылуы елді 2008 жылғы қаржы дағдарысынан қиналмай өтуіне септігін тигізген бірден-бір фактор. Ал 2014 жылы Латвияның Ұлттық кредиттік рейтингі тұрақты деп танылып, ең жоғары – "А" деңгейін көрсеткен.

"Кеңсе ішінде әр зат өз орнында, іші кең болмағанымен, терезеден қарағандағы көрініс – ең ғажабы. Бұл менің жұмысыма ерекше әсер етеді. Бір ғана сағат тырсылы уақыттың салмағын ұғындырады", – дейді келесі кейіпкер.

Латвия Экономика министрлігі сала департаментінің директоры Гатис Силовстің айтуынша, бүгінгі таңда Латвия экономикалық көрсеткіш бойынша бірнеше Еуропа елдерінен озық тұр. Халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімдегі көрсеткіші Польшаны, Венгриямен Португалияны, Грецияны әлдеқайда артта қалдырған. Әлбетте, Германия, Ұлыбритания сынды елдерге жету үшін әлі де білек сыбана жұмысқа кірісу қажет екенін мақсат етіпті. Ал елдің бүгінгі даму қарқыны жылына 2-3 пайыз екен. Ал оның аз не көп екенін түсіну үшін қарапайым мысал келтіре кетейік. Еуропа елдеріндегі өсу көрсеткіші жылына 1 пайыз.

Бұл – Латвия еліне жасаған сапарымыздың алғашқы легі. Бұл елдегі бизнес қаншалықты дамуда? Латыштардың бизнесте ұстанар пәлсапасы қандай? Ірі, орта және шағын бизнестің бір-бірінен айырмашылығы неде екенін келесі шығарылымда ұсынбақпыз.

Латвияның бизнес әлеміне тән тың ақпардан қалыс қалмаңыз, оқырман!

Әлия Баймұхамедова, Шұға Наурызбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу