Ипотекалық қарыздар қайта қаржыландырылады

20329

Ұлттық банк 2026 жылға қарай бағдарлама қатысушыларының пулын 25 мыңнан 40 мыңға ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Ипотекалық қарыздар қайта қаржыландырылады

ҚР Ұлттық банкі 2026 жылға дейін ипотека бойынша шамамен 41 мыңдай проблемалық қарызды қайта қаржыландыруды жоспарлап отыр.

2017 жылдың 1 қарашасындағы жағдайға сәйкес, 20630 өтінішті, яғни негізгі борыштың 116,6 млрд теңгесі қайта қаржыландырылған. 2015 жылдың сәуірінен 2017 жылдың 1 қарашасы аралығында бағдарлама бойынша барлығы 141 млрд теңгенің 23028 өтініші мақұлданған. Бұл ретте аталған аралықта жалпы сомасы 214,7 млрд теңгені қайта қаржыландыру үшін банктерге 29216 өтініш түскен. Еске сала кетейік, бағдарлама қабылданған 2015 жылы оны жүзеге асыруға бар-жоғы 130 млрд теңге бөлінген болатын.

Өткен аптада Ұлттық банкте қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесіне қатысты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараға қатысқан ҚР Ұлттық банкі қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Александр Терентьев қаржы көлеміндегі айырмашылықты түсіндіріп берді. Оның айтуынша, бағдарлама қаржысын игеру жаңартпалы механизм бойынша жүзеге асырылады екен. Бұл дегеніміз қарызды қайта қаржыландыру бұған дейін қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түскен қаржы есебінен банктерге бастапқы қаржы орналастырылған күннен бастап 10 жыл ішінде жүзеге асырылады.

"Біз әу баста бөлінген 130 млрд теңгеге 25 мың қарыз алушыны қамтуды жоспарлаған едік. Енді жаңартпалы сипатта 40 мың қарыз алушыны қамтымақшымыз. Оның шамамен 12 мыңы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады", – деді Александр Терентьев. 

Оның айтуынша, қазіргі таңда 20 мыңнан астам отбасы ипотекалық несиелерін ойдағыдай төлеп, өз баспаналарында қалыпты жағдайда өмір сүруде. Сондай-ақ несиені теңгемен беру арқылы валюталық тәуекелдер жойылған.

Десе де мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар пулын кеңейту үшін тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізу қажет. Бүгінде Ұлттық банк ипотека бойынша проблемалық несиелер бағытындағы мәселелерді шешудің екі нұсқасын әзірлеп қойды.

Біріншіден, 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін (осы күннен бастап шетел валютасындағы несиелерге заңды түрде тыйым салынды) қарыз алушыларға берілген валюталық несиелерді 188,35 теңге бағамы бойынша қайта санау идеясы бар. Александр Терентьевтің сөзінше, шетел валютасындағы қарыз алушылар тобына шамамен 30 мың адам ілінеді. Алдын ала есептеулерге сәйкес, аталған идеяны жүзеге асыру үшін 160 млрд теңгеге жуық қаржы керек. Дегенмен әзірше оның нақты мерзімі мен қаржыландыру көзі анықталған жоқ.

Екінші идея төлем қабілетсіздігі нашар халықтың әлеуметтік осал топтарына қатысты. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге халықтың әлеуметтік осал топтарының ипотекалық қарыздарын заңнама бойынша қайта сатып алу құқығымен 20 жылға ұзақмерзімдік жалға беруге ауыстыру мүмкіндігін  қарастыруда.

"Біз банктерге осындай мүмкіндік беру керек деп есептейміз. Бірақ бұл бағытта түрлі алыпсатарлық жағдайлар орын алмас үшін аталған бағдарламаға қатысатын және бағдарлама шеңберінде мемлекетпен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейтін банктерге ғана осындай мүмкіндік қарастырған жөн. Яғни қарыз алушының қаржылық жағдайын жақсарту үшін нақты қадамдарға баратын банктерге басымдық беру керек", – деді Александр Терентьев.

Назар аударарлығы, бүгінде бағдарлама ипотекалық қарыз алушылардың борыштық жүктемесін жеңілдету үшін негізгі борыштың қалдығын жылдық мөлшерлемесі 3%-дан аспайтын капиталдандырылған соманы шегеру арқылы қайта қаржылдандыруды қарастырады. Бұл ретте банк қарыздың сыйақы, комиссиялар, қарыз алушының тұрақсыздық айыбы бойынша жинақталған берешектерге кешірім жасайды. Алайда бағдарламада берешекті толық кешіру қарастырылмаған.

2017 жылдың 1 қазанындағы жағдайға сәйкес, қарыз алушылардың 58,3 млрд теңгесі кешірілген. Оның ішінде капиталдандырылған негізгі қарыз сомасы – 2,3 млрд теңге, сыйақылар, комиссиялар және өсімақылар – 38,5 млрд теңге, шетел валютасындағы проблемалық қарыздардың бағам айырмашылығы – 17,2 млрд теңге, халықтың әлеуметтік осал топтарының несиелері бойынша мемлекеттік баж салығы 0,3 млрд теңгені құрады. 

Александр Терентьевтің айтуынша, осы жылдың 11 сәуірінде мемлекет басшысы Ұлттық банкке үкіметпен бірлесіп бағдарламаны кеңейтудің мақсаттылығына қатысты ұсыныс енгізуді тапсырған болатын. Еске сала кетейік, бүгінде аталған бағдарлама негізінен 2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық қарыз алғандардың меншігіндегі жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған. Александр Терентьевтің сөзінше, бағдарлама қабылданған сәтте тұрғындардың бұл тобы еліміздің банк жүйесіндегі проблемалық қарызы бар барлық адамның 80%-ын құраған еді. Бүгінгі таңда олардың көбінің мәселесі оң шешіліп, көмекке мұқтаж топқа жататын адамдардың саны едәуір қысқарған. Алайда проблемалық қарызбен басы қатып жүрген адамдардың тағы екі тобы бар.

"Ипотека нарығына мониторинг жүргіздік. Соған сәйкес қазіргі экономикалық жағдайға байланысты қарыз алушылардың осал топтарын анықтадық. Олар – шетелдік валютамен міндеттеме алған жеке тұлғалар және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылар. Бүгінгі таңда мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Ұлттық банк бағдарламаны кеңейту бойынша ұсыныс әзірлеуде", – деді Ұлттық банк өкілі.

Александр Терентьевтің айтуынша, 2009, 2014, 2015 жылдары ұлттық валютаның бағамына түзету енгізудің нәтижесінде шетелдік валютамен қарыз алушылардың теңгедегі борыштық жүктемесі орташа есеппен 2,7 есеге артқан. Бұл көрсеткіш айтарлықтай көп болмаса да, қарыз алушыға едәуір салмақ салатыны түсінікті. Валюта бағамындағы өзгерістерге байланысты қарыз алушылардың қосымша міндеттемелерінің артуынан олардың кепілдікке қойылған мүлкінің бағасы айтарлықтай төмендеді. Ұлттық банктегілердің айтуынша, соңғы 10 жылда доллар эквивалентіндегі баспаналар өз құнының шамамен 55%-ын жоғалтқан. Осының салдарынан кепілдікке қойылған мүлікті қамтамасыз ету мүмкіндігі шетелдік валютамен қарыз алған адамдардың міндеттемелерін толық көлемде жаба алмайды.

Александр Терентьевтің сөзінше, халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінде қасақана төлемеушілердің көп бөлігін жалғыз басты аналар құрайды. 

"Біз бағдарламаны бастаған кезде банктерге халықтың әлеуметтік осал топтарының бірде-біреуін кепілдікке қойылған мүлкінен қуып шығуға жол бермейміз деп ресми түрде хабарладық. Себебі біз бұл топқа жататындардың көпбалалы отбасылар, жалғыз өзі бала тәрбиелеп отырған аналар екенін жақсы білеміз. Біз жүргізген сараптаманың қорытындысына сәйкес, ер адамдардың әлдеқайда әлсіз екеніне көзіміз жетті. Отбасында қандайда бір дағдарыс орын алған жағдайда олар бала-шағасын тастап кетеді. Ипотека қарызына байланысты мәселе туындаған отбасылардың 60%-да осындай жағдай қайталанған. Өкініштісі мұндай жауапкершіліктің бәрі жалғызбасты аналардың иығына түскен. Сондықтан біз адамдардың мұндай тобын әрдайым назарда ұстап, қорғайтын боламыз", – деді Ұлттық банк өкілі. 

Еркебұлан Қыздарбек, Элина Гринштейн

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу