Карантин кезінде онлайн алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

2817

Елорда полиция департаментінің мәліметінше, 50 адам осындай алаяқтардың құрбаны болған. 

Карантин кезінде онлайн алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды

Пандемия кезінде қаржы ұйымының атын жамылған алаяқтар елдегі әрбір үшінші адамға қоңырау шалып, ақшасын ұрлауға әрекеттенетінін бұған дейін жазған болатынбыз

Онлайн алаяқтар бұнымен тоқтамай, ендігі кезекте интернетте хабарландыру берген адамдарға хабарласа бастаған.

Нұр-Сұлтан қаласы криминалдық полиция басқармасының кибер қылмыспен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция мойоры Саят Дүйсенбаев қаскөйлер қалай әрекет ететінін айтып өтті.

"Алаяқтар алдымен olx.kz тәрізді танымал сауда-саттық сайттарына шыққан хабарландыруларды зерделейді де, затын сататын адамдарға сатып алушы ретінде қоңырау шалады немесе мессенджерлер арқылы байланысқа шығады. Содан кейін саудаласқандай болып, "затты сатып алу үшін алғашқы сомасын жібереміз" деген тәрізді айла-шарғымен құрбанының ЖСН-ін және банктік картасының нөмірін сұрайды. Осылайша банк картасындағы ақшаны шешіп алады", – деп түсіндірді полиция мойоры.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің криминалдық полиция бөлімінің бастығы Талғат Бөлегенов интернет алаяқтардың тағы бір әрекетін ашып айтты.

"Интернет хабарландыруда көрсетілген нөмірге хабарласқан қаскүнемдер құрбанына затын жеткізу қызметін пайдалануды ұсынып, фишингтік сайтқа сілтеме жасайды. Фишингтік сайт бір қарағанда, шын сайтқа ұқсайды. Дегенмен жалған сайттың айырмашылығы – атауында артық әріп немесе белгі болады. Алаяқтар осындай сайтты азаматтардың жеке деректерін алу үшін алдын-ала әзірлеп қояды. Адамдар сілтеме арқылы өтіп, фейк сайтқа кіреді. Ол сайтта банк картасының деректерін, CVV кодын және картаның әрекет ету мерзімін толтыру ұсынылады. Өкінішке қарай, азаматтар құпиялылықты сақтамай, банктік карталарының және өздерінің жеке деректерін беріп қоюда", – деді полиция бөлімінің бастығы.

Елордалық полиция департаментінің мәліметінше, 50 адам осындай алаяқтардың құрбаны болған. Жәбірленуші 50 адамның 17-сі зейнеткер. Жалпы материалдық шығын 2,5 млн теңгені құрады. Бұл қылмыстық істер соңғы екі айдың ішінде жүзеге асқан. Қазіргі кезде 5 қылмыс ашылып, 3 адам ұсталды. Полиция барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу