"Қазақфильмді" қысқартулар толқыны жапты

21147

Бірнеше атақты режиссердің киноларын түсіру тоқтатылды.

"Қазақфильмді" қысқартулар толқыны жапты

Қазіргі күрделі шақ қандай кәсіпорынға да қиын тиюде. Экономикадағы көптеген салалардың бақшасын Қытай індеті, мұнай нарығындағы соғыс, әлемдік дағдарыс және ұлттық валютаның құнсыздануы секілді алай-дүлей борандар жайпауда.

Мемлекет басшысы енгізген төтенше жағдай және Мемкомиссия жариялаған карантинге байланысты кинотеатрлар тегіс жабылды.

Kazakh Cinema ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мәліметінше, ТЖ режиміне орай бюджеттен қаржыландырылатын кинотуындылар түсірілімдері тоқтатылған. Арасында режиссер Қанағат Мұстафиннің он жылдан астам уақыттан бері дайындаған Қажымұқан туралы фильмі, Ақан Сатаевтың "Боксері", Эмир Байғазиннің "Выбор" фильмі және басқасы бар.

Covid-19 пандемиясы салдарынан биылғы жаһандық кинофестивальдер мен кино-биенналелер өтпей қалды. Ал оларға қатысу үшін қазақстандық кино саласының шенеуніктері біраз ақша бөлінуіне қол жеткізген-тін.

"Мысалы, Канн фестивалі жоспарланған мерзімде өтпейтіні белгілі болды. Оған Қазақстан атынан бірнеше киножоба ұсынылған еді", – деп мәлімдеді Kazakh Cinema.

Бұдан бөлек, "Қазақфильмде" қысқартулар жүріпті. Оған майталман мамандар да іліккен екен. Соның бірі – кино саласының белгілі маманы, фильмдер мен дубляж редакторы Н.Шубаева Мәдениет және ақпарат министрі Ақтоты Райымқұловаға араша сұрап жүгінді.

"Көптеген жыл бойы кино саласында үздіксіз қызмет атқарып келдім. Дегенмен, Ұлттық экономика министрлігінің нұсқауымен киностудияда 16 пайыз қысқарту жасалды. Өкініштісі, қысқартуға киностудияда ұзақ жылдар бойы еңбек еткен тәжірибелі, білікті мамандар ілінді. Жаңа басшылық білік пен білімге зейін қойып, тоқталып жатпады. Шаш ал десе, бас алдың керін жасады. Бірден "Дубляж" бөлімін жауып, бөлім редакторларын қысқартуға жіберді. Бірақ көп ұзамай бөліміміз де, бірнеше қызметтер де қайта қалпына келтірілгенін білдік. Бөлім ашылғанымен редакторлық қызметіме қайта алынбадым. Орныма іс-қағаздарының аудармашысы, бұл салада тәжірибесі жоқ қызметкер дубляж бөлімінің редакторы ретінде бекітіліпті", – дейді арыз иесі.

Наразылық білдірген бұрынғы қызметкерлерге киностудия басшылығы оларды қайта ала алмайтынын айтып, жауап қайырыпты. Білікті мамандарды "Қазақфильм" тек уақытша жұмыстарға, аутсорсингке тартпақ ниетте.

"Маған уақытша жұмыстар қажет емес, отбасылы, бала-шағалы адаммын. Маған қатысты заңсыздықтың орын алғанын Еңбек департаменті де мақұлдап отыр", – деген шағым иесі министрден әділетсіздікке нүкте қойып, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп, қайта орналасуға жәрдемдесуді сұрайды.

Алайда Мәдениет және спорт ведомствосының басшысы еш көмегі болмайтынын ұғындырды.

"Ел Президентінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2019 жылғы жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 5-тармағын орындау мақсатында Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" акционерлік қоғамында бірқатар бөлімдер қайта ұйымдастыру жолымен біріктірілді. Атап айтқанда, логистика мен постпродакнш бөлімдері "Фильмдер шығаруды қамтамасыз ету қызметі" құрамына, ал анимациялық фильмдер бөлімі мен дубляж секторы "Редакциялық алқаға" енгізілді. Оңтайландыру нәтижесінде штаттық қызметкерлер саны 181 бірліктен 163 бірлікке дейін қысқарды. Сонымен бірге штаттан тыс қызметкерлердің 21 бірлігі де қысқартылды", – дейді Ақтоты Райымқұлова.

Яғни, студия 39 маманмен қош айтысқан. Маусымдық жұмысшылар, тұрақты емес жүктемесі бар жұмысшылар да кетіпті.

"Жұмыстарды орындауға тапсырыстар түскен жағдайда "Қазақфильм" міндетті түрде шарттық негізде мамандарды тартатын болады. Мысалы, фильмдерді түсіру кезеңіне арналған иллюминаторлар және түсіру механикасы, фильмдердің көшірмесін алуға тапсырыс алған жағдайда дубляж режиссерлері және басқасы. Болашақта тапсырыстар түскен жағдайда фильмдердің түсіру кезеңінде түсірілім техникасының жарық берушілері мен механиктері, сондай-ақ фильмдерді дубляждау бойынша дубляж директорлар тартылады", – деген мәдениет және спорт министрі әзірге бос вакансия болмауына байланысты оларды жұмысқа қабылдау мүмкіндігі болмайтынын мәлім етті.

2019 жылы Есеп комитеті ел игілігіне айналмаған, жарыққа шығарылмай, сөрелерде шаң басып босқа жатқан 185 фильмге бюджеттен 19 миллиард теңге жұмсалғанын анықтады. Кейінгі 9 жылда "Қазақфильм" 325 фильм жасапты. Оған 43 миллиард теңге шығындалған.  

"Бұл фильмдердің үлкен бөлігі өкінішке қарай, түсірілімі аяқталғанда ғана сапасыз екені әшкереленді. Осыған байланысты бізде реформалар жүргізілуде, сол арқылы келеңсіз жайттар мен сорақы сандардан құтылмақпыз", – деді ақпарат құралдарына сұхбатында Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Бақытжан Темірболат.

Қандай жобалардың бюджеттен қаржыландырылатынын Kazakh Cinema ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы анықтайды. Сондықтан ел Үкіметі бұл орталықтың құрамын өзгертіп, бақылауды күшейтуге ұйғарыпты. Нәтижесінде, Үкіметтің 2019 жылғы 15 наурыздағы "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын құру туралы" №113 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" жаңа қаулы жобасы әзірленді.

Оған түсіндірме жазбада министр А.Райымқұлова осы құжат мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың 2020 жылғы 10 ақпандағы тапсырмасын орындау үшін қабылданатынын жеткізді. Жоба аталған меморталық жанындағы сараптама кеңесінің құрамын жетілдіреді.

Осылайша, қандай режиссердің қандай киносын мемлекет қаржыландыратынын шешетін сарапшылар ортасына Президент әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушілері Ғабит Абзалбек пен Абзал Мұхимов қосылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу