Бүгін елімізде – Абай күні

4488

Бүгін – Абай күні. Қазақтың ұлы ойшылының туғанына биыл 177 жыл толды, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Бүгін елімізде – Абай күні

Бұған дейін ғылыми және әдеби ортада Абай Құнанбайұлының туған күні туралы екі түрлі нұсқа танымал болған. Алайда абайтанушы Тұрсын Жұртбай бастаған ғалымдар ойшылдың туған күні 10 тамыз екенін дәлелдеді. Сол себепті Абайдың 10 тамыз Абай күні ретінде ресми бекітілді.

Айта кетерлігі, Президентке ұлы Абайдың туған күнін "Абай күні" деп атап, Ұлттық мерекеге айналдыру туралы ұсынысты Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы берген болатын. Зиялылардың талпынысы аяқсыз қалмады. Абай күні мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілді.

Абай Құнанбайұлы (азан шақырып қойған аты Ибраһим) 1845 жылы қазіргі Абай облысы Абай ауданындағы Қарауыл ауылында дүниеге келген. Құнанбайдың Ұлжан атты әйелінен тараған төрт баланың екіншісі. Оның өз кіндігінен Ақылбай, Хакімбай, Əбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан, Турағұл, Мекаил, Ізкаил, Кенже есімді балалар тараған. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен екінші дүниежүзілік соғыс Абай әулетінің де шаңырағын ортасына түсіріп кетті. Қазақтың шежірені ұл баламен тарататынын ескерсек, ашық көздердегі дерек бойынша, ойшылдың тұңғыш ұлы Ақылбайдан тараған бесінші буындағы ұрпағы Данияр Ақылбаев қазір Алматыда тұрып жатыр. Дана, Кәмила, Меруерт деген перзенттері бар.

Ұлы ғұлама өмірінің соңына дейін жастарды білім мен ғылымға баулумен айналысқан. Өскелең ұрпақ үшін сан алуан тақырыптағы еңбектері мен тәрбиелік мәні зор қара сөздерін мұра етіп қалдырған.

Академик Рымғали Нұрғалидің "Абай шығармаларындағы сарын – әуезді, ой-пікірді, идея-нысананы алаш азаматтары терең сезіп, тебірене насихаттай білген", – деп жазған пікірі бар.

Қазақ әдебиетіндегі Абай салған даңғыл жолды Алаш қаламгерлері жалғады. Ақынның коғамдық үні олар үшін үнемі алдыға бастар бағдаршамдай болды. Ақын поэзиясының үні, өзекжарды мәселелері мен идеялық мақсаты олардың шығармаларында өрістеп дами түсті. Абайдың азаматтық үнінен қуат алған олар бүкіл алаштың басын біріктіруді міндет етті.

Алаш арыстарының жүрегіне рухани тәуелсіздікке ұшқын түсірген Абайдың ойлы сөзі еді. "Азаттық жолына біржола түскен тұсында Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Мұхамеджан Тынышбаев пен Міржақып Дулатовтың, Сұлтанмахмұт пен Мағжанның Абайды терең зерттеуі соған дәлел. Демек, Абай қазақтың ұлттық рухын өлтірмей, өсер ұрпаққа тірі жеткізген елінің ұлы ұлтжанды тұлғасы" деген ғалым Тұрсын Жұртбайдың сөзінің астарында терең тарихтың парақтары жатыр.

Қазақ әдебиетіндегі ұлы дәстүр – Абай дәстүрі. Абай дәстүрі деген ұғымның сан салалы, күрделі екендігі баршаға мәлім. Абай мұрасы тақырып-мазмұн жағынан алғанда да, ақындық өнер, шеберлік тұрғысынан келгенде де ұланғайыр. Қазақ әдебиеті тарихында Абай дәстүрі деген ұғымның қалыптасып, кең қанат жайғаны бүгінгі әдеби үрдістің даму барысында зор маңызын көрсетіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу