Қор биржасында кім белсенді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
19982

Орталық депозитарийде 119 037 жеке шот бар.

Қор биржасында кім белсенді

Қазақстан қор биржасының (KASE) мамыр айындағы сауда-саттығының жиынтық көлемі 10 342,5 млрд теңгені құрап, сәуір айындағы көрсеткіштен 4% немесе 425,4 млрд теңгеге кем болды.

KASE индексінің мәні 3,3 %-ға төмендеді. Мысалы KAZ Minerals PLC-тің акциялары бір айда негізгі құнының 20,74 %-ын жоғалтып, 2 560 теңгеге түсті. Теріс көрсеткішке мыс бағасының арзандауы себеп болды.

Мамырда "ҚазТрансОйл" АҚ жай акцияларының бағасы 6,32 %-ға азайып,1 175 теңгеден сатылды. Ал "Қазақтелеком" АҚ жай акциялары 4,04 %-ға өсіп, 26 790 теңгені құрады. Айта кетейік, 21- мамырда "Қазақтелеком" АҚ миноритарлық акционерлермен корпоративтік дауды реттегені туралы ресми мәлімдеме жасады. 29 - мамырда компания жай акциялар бойынша 4 млрд теңге дивиденд төледі.

Мамырда акция нарығының капитализациясы 2%-ға төмендеп, 320,4 млрд теңгеден 15,6 трлн теңгеге дейін құлдырады. Бұған кері баға динамикасы әсер етті. Есесіне сауда-саттық көлемі сәуір айымен салыстырғанда 28,3 %-ға өсіп, 2,4 млрд теңгеден 10,7 млрд теңгеге жетті. Мұнда сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 533,5 млн теңгені құрады.

Қазақстан қор биржасында жеке тұлғалар белсенді екен. Ел азаматтары шоттардағы акция айналымының 55,3 % -ын реттеп отырған көрінеді. Жеке тұлғалардың орталық депозитарийде 119 037 жеке шоты бар.

Айта кетейік, алыс-беріс жасауда  брокер-дилерлердің үлесі 22,6%-ды, екінші деңгейлі банктердің үлесі 0,1 %-ды, заңды тұлғалардың үлесі 20,7 %-ды сондай-ақ резидент еместердің үлесі 36,6 %-ды құрайды.

Өткен айда айналымдағы корпоративтік борыш көлемі 0,5 % немесе 62,8 млрд теңгеге төмендеп, 11,5 трлн теңгеге түсті. Алайда корпоративтік облигациялардың қайталама нарығындағы сауда-саттық көлемі сәуір айымен салыстырғанда 10,0 %-ға ұлғайып, 43,3 млрд теңгеден 47,6 млрд теңгеге өсті. Сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 2,4 млрд теңге болды.

Мамыр айында мемлекеттік бағалы қағаздардың көлемі 1,6 % немесе 2,7 млрд теңгеге өсіп, 176,5 млрд теңгеге жетті. Сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 8,8 млрд теңге болды.

Есепке алынып отырған айда KASE сауда-саттық тізіміне 5 халықаралық қаржы ұйымы облигацияларының 26 шығарылымы енді. Тізімде Еуразиялық даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуропалық инвестициялық банк, Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) және Азия даму банкі болды.

Халықаралық қаржы ұйымы облигацияларының қайталама нарығында сауда-саттық көлемі 151 млн теңгені құрады. Оның 50%-ы брокерлік-дилерлік компаниялармен, 50 %-ы институционалдың инвесторлармен жасалған мәміле болды.

Мамырда шетел валюталарының сауда-саттығына KASE-нің 28 мүшесі  қатысты. Сауда көлемі 811,8 млрд теңгені құрады. Бұл жерде сауданың орташа күндік көлемі 40,6 млрд теңге болды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу