КСРО-ға шегініс: Путин кеңестік ән байқауын қайта жандандыруға бұйрық берді

623

Ресей Президенті Владимир Путин "Евровидение" ән байқауына жауап ретінде Мәскеуде өтетін "Интервидение" туралы жарлыққа қол қойды.

КСРО-ға шегініс: Путин кеңестік ән байқауын қайта жандандыруға бұйрық берді Фото: ria.ru

Ол Кремль мен Үкіметтің жоғары лауазымды шенеуніктеріне музыкалық шараға дайындалу керектігін ескертті. 

Конкурсқа Қытай, Куба, Бразилия және басқа да елдер қатысады деген болжам бар.

2022 жылы Ресейдің "Евровидениеге" қатысуына тыйым салынды. Айта кетсек, Путин он жылдан астам уақыттан бері "Интервидениені" жандандыруға тырысып келеді.

ЛГБТ+ тақырыптары мен орындаушыларын жиі әспеттейтін "Евровидениеден" айырмашылығы сол, "Интервидение" дәстүрлі жалпыадамзаттық, рухани және отбасылық құндылықтарды құрметтеуге баса назар аудармақ.

"Өнер адамдарының зорлық-зомбылыққа шақыратын, қоғамның ар-намысын қорлайтын әндерді орындауына болмайды және ән мәтіндерінен саяси тақырыптарды мүлдем алып тастау талап етіледі", – деп хабарлайды Reuters агенттігі Ресейдің жоспарлау құжаттарының біріне сілтеме жасап.

Путиннің сөзінше, Батыс өзінің шектен тыс индивидуализмі пен діни дәстүрлерді құрметтемеуі салдарынан моральдық ұстанымдарын жоғалтып алған.

Ресей "Евровидениеге" 1994 жылдан бері 23 рет қатысыпты. Бірақ Батыспен байланысы нашарлағандықтан кеңестік дәуірдегі "Интервидениені" қайта жаңғырту мәселесін қарастыра бастады.

"ИНТЕРВИДЕНИЕ"

"Интервидение" 1960 жылдары Кеңес Одағының басшысы Леонид Брежневтің тұсында пайда болды. Ол Мәскеудің Шығыс Еуропадағы одақтастары мен Куба сияқты басқа да коммунистік мемлекеттерді біріктіретін блогының капиталистік "Евровидение" ән байқауына баламасы ретінде өткізілді.

Ресей шенеуніктерінің сөзінше, Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь сияқты бұрынғы кеңестік республикалар мен Қытай, Бразилия, Куба тәрізді бірқатар елдер қайта жанданған "Интервидение" музыкалық байқауына қатысуға ниет білдірген.

Әртістерге әндерін жанды дауыста өздеріне ұнайтын тілде айту үшін 4 минутқа дейін уақыт беріледі. Ал жеңімпаз гастрольге шығып, ақшалай сыйлық алады екен.

"Байқауға ниет білдірген барлық елдер қатыса алады. Олар әлемдегі басқа халықтардың мәдени, этикалық, діни дәстүрлерін құрметтеуге тиіс", – делінген ұйымдастырушылар жариялаған құжатта.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу