Мәжіліс депутаттары неге журналистерге доқ көрсете бастады?

3599

Бір мандатты округтерден сайланғандар көзге түсті.

Мәжіліс депутаттары неге журналистерге доқ көрсете бастады? Фото: inbusiness.kz

Адам құқығын қорғау жөніндегі Human Rights Watch халықаралық ұйымы 2023 жылғы Дүниежүзілік баяндамасында Қазақстанды қатты сынға алды. Себебі, Әділетті Қазақстанда сөз бостандығына қысым жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Қазақстанда БАҚ өкілдері сол бұрынғыдай, қысымға ұшырауда, тұтқындалуда, физикалық шабуылға, зорлыққа тап болуда, қылмыстық қудалануда", – дей келе, халықаралық ұйым қазақстандық журналистердің өз кәсіби қызметін орындағаны үшін ұсталып, қамалатынына назар аудартты, нақты мысалдарды да келтірді.

Соңғы кездері билік органдарының баспасөз қызметтері мен баспасөз хатшыларының ақпарат құралдарындағы кез келген сынды ауыр қабылдап, адуынды қоңыраулатып, кәдімгідей қорқытумен айналысуға әуестеніп алғаны да тіксінтеді.

Шетелдік ақпарат құралдары тіпті ескі билік тұсында болмаған кесірлі көріністердің Жаңа Қазақстанда тіркеле бастағанына алаңдаушылық білдіреді. Мысалы, "Mediazona.ca" 2023 жыл басталғалы, Қазақстан тәуелсіз журналистерге қысыммен дараланғанына екпін түсірді: олардың автокөліктері өртелген, баспаналары "миналанған", сайттар бұғатталған, әлдекімдер қоқан-лоққы көрсеткен.

"Барлық зардап шеккен репортерлар шабуылдардың өз жұмысына қатысты болғанын айтады. Бірінші инцидент биылғы 13 қаңтарда Алматыда болды: белгісіз біреулер журналист Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберген. Журналист қыз іші отқа оранған ақ Kia Soul салонындағы өртті ер адамның сөндіріп жатқаны бейнеленген фото мен видеоны Инстаграмда жариялады. Журналист өрттің адам шығынына соқтыруы мүмкін екенін еске салды: егер автомобиль жарылғанда, онда жарқыншақтары мен жарылыс толқыны тұрақтағы өзге машиналарға, жақын тұрғын үйлерге зардабын тигізетін еді. Ертесіне полиция қылмыстық іс қозғады. Ізінше Егеубаеваның автокөлігін өртеді деген күдікпен, 2005, 2006 және 2007 жылдары туған 5 бозбала ұсталды. Олар белгісіз бір адамнан телеграм арқылы тапсырыс алғанын және оның тиісті төлемді де интернет арқылы аударғанын жеткізді", – деп жазады орталықазиялық басылым.

Д.Егеубаева Медиазонаға сұхбатында өртті биылғы 19 наурызда өткен Мәжіліс сайлауымен байланыстырды:

"Мен алдағы сайлаудың легитимді еместігі туралы қатаң сын айтқан едім. Былтырғы 18 қарашада "Азаттыққа" осы тақырыптағы сұхбатым да жарияланды. Бұған қоса, мен қаңтар оқиғалары туралы төл зерттеуімді де жарияладым. Осылардан кейін машинамды өртеп жіберді", — деп қамығады Динара Егеубаева.

Сонымен бірге биыл хакерлер Ulysmedia сайтын бұзып кіріп, онда оның бас редакторы Самал Ибраеваның дербес деректерін жариялады. Сондай-ақ оның жеке нөмірін порносайттарға орналастырып, жыныстық қызмет көрсететіні туралы жалған ақпарат жазыпты. Бұған да тоқтамай, оның балалары мен отбасы мүшелерінің дербес деректерін ашық орналастырған.

Проблемаға Президенттің өзі назар аударған соң құзырлы органдар қимылдай бастады. Журналистер мен блогерлерге шабуыл жасаған 18 адамды ұстады.

Былтырғы қаңтар оқиғалары кезінде біраз БАҚ өкілі зардап шеккені белгілі. Оны қоспағанда, 5 айға жетер-жетпес уақыт ішінде, 2022 жылғы қыркүйектен бастап, 2023 жылғы 20 ақпан аралығында, тек Алматы мен Астанада жеті журналистке шабуыл жасалған.

"Журналистерге қатысты олардың жылжымайтын мүлкін қасақана бүлдіру, автомобилдерін өртеу, оларға түрлі заттарды жеткізу арқылы қорқыту, жәбірленушілер тұратын мекенжайларға қатысты терроризм актісі туралы жалған хабарлау, олардың дербес деректерін интернет арқылы ашық тарату сияқты фактілер жасалған", – деп нақтылады жыл басында Ішкі істер министрлігі.

Қылмыстарды ашу үшін Ведомствоаралық тергеу жедел тобы құрылды. Қылмыстық кодекстің аталған деректерге сәйкес келетін баптары бойынша 20 қылмыстық іс қозғалды. Тергеулер, айғақзаттар іздеу жұмыстары басталды. Олар сол бойы жалғасуда.

Енді бұған жаңа зұлмат қосылды. Жаңа сайланған Мәжіліс депутаттары үркіте бастады.

Мысалы, астаналық бір мандатты округтен сайланған депутат Дәулет Тұрлыханов өзінің қылмыс жасаған ұлы туралы көп жазғандарды қудалайтынын меңзеп, қорқытуға тырысқаны жұртты шошынтты.

Мәжіліс депутаты соңғы кезде өз ұлына қатысты ақпарат кеңістігінде тарап жатқан хабарларға байланысты төл үндеуін жариялауға шешім қабылдапты.

"Соңғы бес айда әлеуметтік желілерде ұлыма қатысты жағдайға байланысты өте көп ақпарат шығып жатыр. Ия, бұл жағдайдың болғаны рас, алайда оны қоғамдық ортаға қайта-қайта сала берудің жөні жоқ деп есептеймін. Қазіргі кезде қоғамдық ортада менің ұлымның бір қателігінен басқа, қаншама айтылатын өзекті мәселелер бар емес пе?! Осы орайда, ұлыма байланысты жағдайдың қоғамда үлкен ақпаратқа айналғаны түсініксіз. Жарайды, ақпараттар шығып жатыр, осы арқылы хайп жинап, қоғамда рейтингін өсіремін дегендер өз мақсатына жеткен шығар. Енді менің ойымша бұл мәселені осы жерден доғарғанымыз дұрыс", – деп ескертті Д.Тұрлыханов.

Негізі, Парламент бүкіл озық елдерде демократияның, сөз бостандығының басты ұстыны саналады. Сондықтан пікір білдірген қазақстандықтар парламентшінің халық аузына қақпақ қоюға тырысуын әбес көрді. Елдің айтуынша, қалаулы қазақтың "бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ" деген даналығын ұмытса керек.

Сарапшыларды әсіресе, депутаттың үндеуінің соңғы бөлігі алаңдатып отыр.

"Осы ақпараттар менің ұлыма үлкен психологиялық ауыртпалық түсіріп жүргенін сеземін. Ол әлі жап-жас жігіт. Оның жасағаны дизертирлік емес, былайша айтқанда, балалыққа салынып "самоволкаға" шығып кеткені. Мен ұлымның Қазақстан Қарулы күштерінің сапында жауынгер болып жүргенін мақтан етемін. Ол жастықтың жалынымен қателік жасағаны түсінікті. Ғашық болып жүрген бала, сүйген қызы келген екен, соған шығып кеткен. Бұл енді жастық сезім, махаббат сезімі. Әрине, мен оны ақтамаймын. Қай ата-ана өзінің баласын жаман болсын дейді?! Осы жағдайға байланысты ақпараттардан хабардар болып отырған баламның қазіргі психологиялық жағдайы мені қатты алаңдатады. Құдай сақтасын, осы жағдай баламның тағдырын тәлкекке салып, қандай да бір оқыс әрекетке баруына себеп болса, мен де өз тарапымнан қарап қалмаймын, қолданыстағы заң шеңберінде әрекет етемін", – деді Дәулет Тұрлыханов.

Бұл жерде оның үндеуінің орысша нұсқасы әлдеқайда зілді естіледі.

"И не дай Бог, он наложит на себя руки – я этого не оставлю просто так. Обязательно виновные, те, кто приложил руку понесут наказание по всей строгости закона!", – деді Мәжіліс депутаты. Қоғамдық сынға қарамастан, бұл суық ескертпе Д.Тұрлыхановтың Фейсбук парақшасында сол бойы тұр.

Бір мандатты округтен сайланған Мәжіліс  депутаты Болатбек Нажметдинұлы болса, журналисті абақтыға қаматқызуымен көзге түсіп қалды. "Сарыағаш-Информ" газетінің редакторы Амангелді Батырбеков Мәжіліс депутатының шағымымен темір торға отырғызылғаны туралы ақпарат шығысымен, парламентшіге қарсы қоғамдық сын қарша борады.

Түсініктеме берген Б.Нажметдинұлы аталған басылымда өзіне қатысты материал жарияланысымен, адвокатына хабарласып, одан газет редакторымен байланысуды, оны құжаттармен таныстырып, жұрт алдында айып тағудан бас тартқызуға шақыруды сұрағанын айтты. Бұған жауап ретінде редактор дөрекі сөйлеп, сотқа шағымдануға уәде етіпті-мыс.

Мәжіліс депутатының айтуынша, отырыста бұған дейін оның қызметін сынап жүрген белсенді Нұркен Айнабеков те қатысты. Материалға негіз болған құжатты да Батырбековке сол беріпті. Нажметдинұлының пікірінше, журналист қоғам белсендісінің сөзіне және құжатына сеніп, ақпаратты ресми органдарда тексермеген.

Еске сала кетсек, Түркістан облысында "Сарыағаш-Информ" газетінің бас редакторы Амангелді Батырбеков тұтқындалды. КазТАГ агенттігінің хабарлауынша, Батырбеков өзі жариялаған материалда Болатбек Нажметдинұлының 2020 жылы "Алаяқтық" бабы бойынша күдікті деп танылғаны жазған. Журналист өз сөзін растайтын құжат барын, оған Шымкент қаласының полиция басқармасының мөрі, тергеушінің қолы қойылғанын және құжаттың ресми тіркеу нөмірі барын мәлімдеп отыр.

Мәжіліс депутаты бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ол өзінің "күдікті" мәртебесі туралы жалған дерек беделіне, абыройына нұқсан келтірді деп есептейді. Сондықтан журналистің үстінен шағымданған. Ол соттың шешімін әділ әрі объективті деп бағалады.

"Азаттықтың" хабарлауынша, Түркістан облысының Сарыағаш ауданының Мамандандырылған әкімшілік соты бас редактор Амангелді Батырбековты Әкімшілік кодекстің "Жала жабу" атты 73-3-бабы бойынша 20 күнге тұтқындады.

Ішкі істер органдары мамандарының айтуынша, бұл бап бойынша көбіне жеке тұлғаға 160 АЕК (биыл 552 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Алайда судья журналистке осы бап тармағында қарастырылған ең ауыр жазаны қолдануға – 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға ұйғарыпты.

Мұндай қарқынмен "Әділетті Қазақстанның" шенділері Ресейдегідей репрессияларға ұрынбаса, соның жолына түспесе, игі.

Дәулет Байшора

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу