Мінгені қазақтардың "Toyota Camry"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
10975

Ел тұрғындары өткен 9 айда 785,4 млн долларға 32,2 мың жеңіл автокөлік сатып алған.

Мінгені қазақтардың "Toyota Camry"

Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағы таратқан ресми мәліметке сүйенсек, ресми дилерлер үш тоқсанда 32 181 автокөлік сатқан. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға көп. Тоғыз айда қазақстандықтар жаңа жеңіл автокөліктерді сатып алуға 785,4 млн доллар жұмсаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 36,2%-ға артық.

2017 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша өткізу көлемі былтырғы көрсеткіштен 47,2%-ға, ал тамыз айындағыдан 3,7%-ға асып түсті. Жалпы, қыркүйек айында 4 730 автокөлік өткізілген. Қыркүйекте нарықтың құнға шаққандағы көлемі 113,1 млн долларға жетті. Бұл бір жыл бұрынғы қорытындыдан 39,3%-ға артық.

Үш тоқсанда қазақстандықтар 21 530 автокөлікті шетелден сатып алған. Бұл – 9 айдағы жалпы көлемнің 66,9%-ы. Ал 10 650 сатып алушының (33,1%) таңдауы отандық зауыттарда құрастырылған "темір тұлпарларға" түскен.

9 айдың қорытындысына сүйенсек, қазақстандықтардың сүйікті бренді – "Toyota". 2017 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында республика аумағында жапон маркасының 6 839-ы сатылған. Ал "Lada" моделінің өткізу көлемі 5 691-ді құрады. Үшінші сатыға 2 846 көрсеткішпен "Ravon" тұрақтады. Үздік бестікте "Hyundai" (2 291) мен "Renault" (1 933) бар.

Жеңіл автокөліктер моделі бойынша "Toyota Camry"-дың седаны көш бастап тұр. 9 айда қазақстандықтар дәл осындай модельдің 2 596-сын сатып алған. "Lada 4x4" жол талғамайтын көлігі (1 874) мен "Ravon Nexia" (1 588) үздік үштіктен орын алды. Сонымен қатар бестікке "Lada Granta" (1 236) мен "Toyota Rav4" (1132) еніп отыр.

Қазақстан нарығындағы ірі дилерлік топ мәртебесін БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО холдингі ешкімге берер емес. Есептік кезеңде барлық сатып алушылардың (LCV – коммерциялық жеңіл автокөліктерді қоса есептегенде) 28,6%-ы аталған дилерлік топ ұсынған көліктерді таңдаған. "Astana Motors"-тың нарықтағы өткізу көлемі 16,7%-ды құрады. Алғашқы бестікке "Вираж" (9,1%), "Toyota City Алматы" (5,1%) және "Allur Auto" (4,3%) еніп отыр.

Алматы қаласының тұрғындары жеңіл автокөліктер сатып алуда белсенділік танытуда. Қаңтар-қыркүйек аралығында алматылықтар 8 017 автокөлік сатып алған. Екінші орында – Астана. Елордалықтар 9 айда 6 115 автокөлік иемденген екен. Үштікті 2 171 автокөлікпен Шымкент түйіндеп тұр. Бірінші бестікте Атырау (2 148) мен Қостанай (1 979) қалалары жайғасқан.

Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының басқарма төрағасы Олег Алфёровтің айтуынша, Қазақстанның автонарығы қатарынан бес ай бойы қалпына келуін жалғастыруда. Бұл ретте, отандық нарық үшін қыркүйек 2016 жылдан бергі табысты ай болғанын атап өту керек.

"2016 жылдың шілде-қыркүйек айларында автоорталықтардың клиенттері жаңа көліктер сатып алуға 214 млн доллар жұмсаған екен. Биылғы жылдың үшінші тоқсанында бұл көрсеткіш 313 млн долларды құрады. Бұл ретте, ел тұрғындары жеңіл автокөліктердің 94%-ын ресми дилерлерден сатып алғанын атап өту керек. 2017 жылдың қорытындысы бойынша нарықтық өсім 7-10%-ға артады деп болжап отырмыз", – дейді Олег Алфёров.    

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу