Нұр-Сұлтанда біраз былық ашылғалы тұр

3771

Президенттің өзі отырған қалада интернеті жоқ тұтас аудандар бар.

Нұр-Сұлтанда біраз былық ашылғалы тұр

Енді елордалықтар интернет сапасын арттыруға тікелей ықпал ете алатын көрінеді. Себебі Нұр-Сұлтан әкімдігі ресми интернет ресурсында "Елорда тұрғындарын интернет және байланыс сапасын жақсарту бойынша жұмыс тобына шақырамыз" деп жар салып жатыр.

Бұл ақпарат салаға жауапты құрылымдардың Нұр-Сұлтан қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының және Astana Innovations сайттарында да жарияланды.

"Елорданың интернет пен байланыс сапасын жақсарту мақсатында құрылған жұмыс тобына қала тұрғындары мүше бола алады. Құзыретті органдармен кездесіп, жауапты операторлармен тілдесіп, өз тұрғын үй кешеніңіздегі байланыс сапасын жақсартуға үлес қоса аласыз. Жұмыс тобына қатысу үшін жеке мәліметтеріңізді мына сілтеме бойынша өтіп қалдырыңыз. Айта кетейік, әрбір тұрғын үй немесе көп пәтерлі тұрғын үйдегі КСК немесе ОСИ өкілдерінен, белсенділерден жұмыс тобына тек бір өкіл қатыса алады", – делінген хабарландыруда.

Әкімдіктің мәлімдеуінше, жұмыс тобының мүшелері қатарында елордалық тұрғын үй кешендері мен аудандарының өкілдері, Цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитетінің өкілі, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясының өкілі, Байланыс операторларының, елорда аудандары әкімдіктерінің, қалалық Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының және "Aстана Innovations" АҚ өкілдері кіреді.

Қалалық белсенді Вадим Василенко берілген сілтемемен өтіп, тіркелмек болғанын, алайда нәтиже шығара алмағанын айтады.

Жалпы жауапты органдар әзірге тек тізім қалыптастырып жатқан көрінеді. Сілтеме арқылы келіп түскен өтініштер арасынан жұмыс тобына нақты кімдердің кіретінін бәрібір қалалық шенділер анықтайды. Демек кез келген адам кіре алмауы мүмкін.

Қалай болғанда, ауыл-аймақ түгіл, бас қаланың өзінде, біраз жерде интернет және ұялы байланыс тым нашар, ХХI ғасырдың басындағы деңгейде екені жасырын емес. Тіпті интернет ұстамайтын аудандар бар.

Мысалы, қала тұрғыны Равиль Усманов өз ауданындағы ұялы байланыс пен интернет сапасы сын көтермейді деген пікірде.

"Мен қиянда емес, Нұр-Сұлтан қаласында, Күйши Дина көшесінде тұрамын. Амалсыздан, Билайн және Кселл байланыс операторларының қызметін қатар пайдаланамын. Бірақ бұл екі оператордың да байланысы өте сорақы деңгейде! Сөйлесіп жатқан кезде байланыс доғарылады. Жұрттан ұят, әдепсіз, тастай салды деп ойлауы мүмкін. Интернет те қарап жатқан кезде үзіліп қалады. Осы операторлардың байланыс орталықтарына әлденеше рет шағымдандым, түк те шешпейді! Тұтас министрлік бар, неге шара қолданбайды?", – деп ренжиді Равиль.

Бұл Астананың ескі орталығындағы жағдай. Бәлкім Есілдің сол жағалауындағы жаңадан тұрғызылған орталықта ахуал жақсы болар? Жоқ, онда "өлі аймақтар" көп болмаса, тіпті аз емес.

Елорда тұрғыны Айбек Өтегенов Үркер шағынауданында байланыс пен интернеттің тым нашарлығына шағымданады. Осының салдарынан пандемия кезінде балалар қашықтан оқуға көшкенде, тұрғындар қиналыпты. Интернет болмағандықтан, оқушылардың көбісі дұрыс оқи алмаған, кейбірі балаларын елорданың интернеті бар аудандарындағы туыс-туғанына жіберген, енді бірі сол аудандардан пәтер жалдауға мәжбүр болған. Содан бері тұрғындар ұлардай шуласа да, ахуал өзгермепті.

"7 арнадағы" әріптесіміз Әділ Балтабаев Нұр-Сұлтанның Тұран даңғылында тұрады.

"Нағыз проблема сол, біздің ауданда интернет мүлдем жұмыс істемейді! Ешқашан болған емес. Әрине, егер қандай да бір оператор ғана бұл ауданда қызмет көрсетуден бас тартса, бір сірә. Бұл маңда байланыс операторларының ешқайсысы жұмыс істемейді. Бас қалада отырып, интернетке қол жеткізе алмаған деген масқара, бұған қалай жол берген? Нұр-Сұлтан қаласында, Президенттің өзі орналасқан басты шаһарда отырып, интернетке жарымасақ, қияндағы ауылдарға қатысты не айтуға болады? Операторларға базалық станция орнатып, жұмыс істегеннен гөрі азын-аулақ айыппұлды төлей салған оңай. Бұл туралы министр Бағдат Мусин де талай рет айтты. Айтты, қойды. Ал астанада тұтас аудан интернетсіз отыр. Бұлай болмауға тиіс қой", – дейді журналист Әділ.

Мұны құзырлы орган растады. Дегенмен бұған тұрғындардың өзін кінәлі санайтыны байқалады. Тұрғындар радиация таратады, билік сол арқылы миға, санаға ықпал етеді деп үрейленіп, базалық станцияларды орнатқызбайды деп отыр

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Асхат Оразбектің хабарлауынша, министрлік 2021 жылы тұрғындардың шағымына орай, "Magnum" гипермаркеті ауданындағы (Туран 55Д, 55/10, т.б.) тұрғын үйлердің аумағында байланыс сапасына тексеріс жүргізіпті.   

"Тексеріс қорытындысында анықталғандай, ондағы байланыс сапасы бекітілген нормаларға мүлдем сәйкес келмейді. "Magnum" гипермаркеті ауданында орнатылған базалық станциялар тұрақты байланысты қамтамасыз етуге жетпейді. Олқылықты жою мақсатында операторларға тиісті ұйғарым бағытталды. Бірақ әлі күнге дейін операторлардың бірде бірі "Sezim Qala.Baqyt", "Aq Didar" сияқты тұрғын үй кешендерінен олардың шатырларында базалық станцияларды орнатуға рұқсат ала алмаған. Өйткені ол аудандағы тұрғындардың көбінде радиофобия анықталды", – деді Асхат Оразбек.

Сондықтан Цифрлық даму министрлігі Нұр-Сұлтан әкімдігінің және операторлардың өкілдерімен бірге, тұрғындармен кездесіп, түсініктеме жұмыстарын жүргізіпті. Әйтсе де оң шешімге қол жеткізе алмағандарын мойындады.

"Байланыс операторлары байланыс сапасын жақсарту үшін қажетті құрал-жабдықтарды орнатуға дайын. Бірақ бұл үшін тұрғын үй заңнамасына сәйкес, үй тұрғындарының көпшілігінің келісімін алу қажет", – деді вице-министрі Асхат Оразбек.

Дегенмен Вадим Василенко мұның бәрін бос сылтау санайды.

"Мен тұратын алып тұрғын үй кешенінің төбесінде үш оператордың базалық станциялары тұр. Олардың орнатылғанын біз білген жоқпыз. ПИК/КСК төрағасы өзі келісім беріп, орнаттыра салған. Оны біз МИБ құру барысында бір-ақ білдік. Төраға базалық станция тұрғаны үшін операторлардан ай сайын аренда төлемін тып-тыныш қана алып келіпті. Тұрғындарға айтпаған. Қаладағы барлық дерлік тұрғын үй кешендерінде осындай жағдай. Ал енді тұрғындар соны біле сала, радиофобиясы ұстап, базалық станцияны құлатып тастапты дегенді естімеппін. Ондай деректі радиофобия туралы жағы талмай айтып жүрген Мусин де ауызға алмады. Демек бұл бос сөз", – деді қоғам белсендісі.

Ол министрлік пен операторлар шөп басын сындырмау үшін көрінгенді сылтау етіп отыр деген пікірде, себебі егер тұрғын үйлер шатырына қоюға рұқсат етпесе, онда базалық станцияны арнайы коммуникациялық мұнара-баған орнатып, соған қоюға болады. Бірақ бұл қымбатқа түседі деп операторлар одан ат-тонын ала қашады. Осы орайда Парламент оларды ынталандыру үшін байланыс операторларына базалық станцияларын орнату үшін электр бағаналары мен мұнараларын да пайдалануға рұқсат ететін заңды қабылдады. Яғни барлық тетік бар, енді тек жауапты тұлғалар әрнені бір сылтау етпей, жұмыс істегені керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу