Пандемия кері әсер етпеген сала

15229

2020 жылы Қазақстанның автоөнеркәсібі өндіріс пен сатылым бойынша айтарлықтай өсім көрсетті.    

Пандемия кері әсер етпеген сала

NCSA – Ұлттық автомобильдерді сату қауымдастығының сарапшылары 2020 жылдың ортасында әлемдік автоөнеркәсіптің жағдайы мәз емес екенін айтып, дабыл қақты. Сол тұста қауымдастықтың назарындағы 96 мемлекеттің 4-еуі ғана оң динамика көрсеткен екен. Оның ішінде Қазақстан да бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, өңдеу өнеркәсібі секторында былтыр ең үлкен өсімді (50 пайыз) дәл осы автомобиль жасау саласы көрсеткен.

Өткен жылы елімізде 77 471 бірлік техника өндірілді. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен бір жарым есе немесе 50 541 бірлікке артық. Соның ішінде жүк автомобильдері мен автобустар өндірісі бойынша көрсеткіштердің өскені байқалады. 2019 жылы Қазақстанның машина жасау саласындағы автомобиль жасау секторының үлесі 26,3 пайызды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 33,4 пайызға дейін өскен.

2020 жылы автоөнеркәсіп саласы жаңа зауыттармен, өндірістермен толықты. Мәселен, Қостанайда Chevrolet автомобильдерінің өндірісі іске қосылды. Бір жылға жетпейтін уақыт ішінде аталған отандық автомобильдер Қазақстандағы 2020 жылғы ең танымал, ең жылдам дамып келе жатқан брендке айналды.

Алматы қаласында Hyundai жеңіл автокөліктерін шығаратын зауыт ашылды. Оның өндірістік қуаты бірінші кезеңде – 30 мың бірлікті, екінші кезеңде жылына 45 мың бірлікті құрамақ. Осылайша, 2020 жылы қазақстандық тұтынушылар Hyundai маркасына ерекше қызығушылық танытты.

Қарағанды облысының Саран қаласында Yutong компаниясымен бірлесіп құрылған автобустар мен арнайы техника шығаратын зауыт іске қосылды. Компанияға салынған инвестициялардың жалпы сомасы – 23 млрд теңге. Кәсіпорынның жобалық қуаты жыл сайын 1 200 автобус пен электр автобустарын, сондай-ақ 500 бірлік арнайы техниканы шығаруға мүмкіндік береді. Шығарылатын көлік Қазақстанның қоғамдық көліктерін жаңарту бағдарламасын іске асыруға үлесін қоспақ.

2020 жылы Қазақстан шетелге 8 122 автомобиль экспорттады. Бұл 2019 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда үш есе артық. 2019 жылы 2 629 автомобиль эспортталған еді. Жалпы, бір жыл ішінде өндірілген барлық техниканың 10 пайыздан астамы шекара асырылған. Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Қырғызстан елдерінде бізде өндірілген Hyundai, Chevrolet және JAC брендтеріне сұраныс жоғары.

2020 жылы қазақстандықтар 93 мыңнан астам жаңа техника сатып алған. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен (75 156 техника) 25 пайызға артық. Осы орайда елімізде сатып алынған үш автомобильдің екеуі отандық өндірістен шыққанын атап өткен жөн.

Өткен жылы Қазақстанда Hyundai, Chevrolet және Toyota брендтері ең көп сұранысқа ие болды. Ең танымал 5 брендтің 4-еуі – (Hyundai, Chevrolet, Ravon және Lada) отандық өндірістің өнімі. Автобустардың ішіндегі ең көп сатылған бренд – Yutong. 2020 жылы Қазақстанда аталған брендтің 1 мыңға жуық автобусы мен электр автобусы сатылған.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу