Шағын ауылдар интернет желісіне қосылады

32992

"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. 

Шағын ауылдар интернет желісіне қосылады

Қазіргі кезде елімізде 117 қала мен 3 324 ауылда кең жолақты интернет қолжетімді. Қазақстан 2018 жылы әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-орынға ие болды. Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны 2018 жылы 81,3%-ды құрады және әлемдік рейтингте Қазақстан 45–орынға ие болды. Келесі кезекте – шағын ауылдарды талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілерімен қамту. 

Осы орайда, Үкіметтік сағатында "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда Қазақстанда халық саны 250 адамнан асатын елдімекендердің интернетке қол жеткізуін қамтамасыз ету талқыланды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар  Жұмағалиев ауылдық жерлерді кең жолақты интернетпен қамтуды жалғастыру үшін 2018-2022 жылдар арасында талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін кезең-кезеңмен салу жоспарланып жатқандығын айтты.

"Бірінші кезең – талшықты-оптикалық желілерді салу. Жобаны іске асыру 1250 ауылдық елдімекенде жоғары жылдамдықты интернет қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жағдай бойынша талшықты-оптикалық желілер 83 ауылдық елдімекенде   іске қосылды. Оның ішінде 85 денсаулық сақтау және 76 білім беру нысандары бар. 2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл интернет желісіне қосылады, ал 2020 жылы қалған 509 ауылды ғаламторға қосу жоспарлануда. Екінші кезең – LTE (4G) стандартындағы мобильді желілерді 2020-2022 жылдарда дамыту арқылы 3143 ауылды интернетпен қамту жоспарлануда",  –деді Асқар  Жұмағалиев.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің айтуынша, осы аталған жобаларды іске асыру аясында 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындарының саны 250-ден асатын 880 ауыл кең жолақты Интернет желісімен қамтылады. Сондай-ақ жоба аясында халық саны одан да аз елдімекен тұрғындарына да ғаламтор қолжетімді болатынын хабарлады.

"Сонымен қатар ары қарай тұрғындардың саны 50-ден жоғары 885 ауылды интернет желісіне қосу жоспарлануда. Қорытындысы бойынша 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елдімекен интернет желісіне қосылады. Ал қалған ауылдарға спутниктік байланыс арқылы интернет желісін ұйымдастырудың техникалық мүмкіндігі қамтамасыз етіледі. Осы орайда ауылдық елдімекендерді интернет желісіне қосу Ұлттық экономика министрлігімен жасалған перспективті ауылдар тізіміне сәйкес орындалатын болады",  –деді министр.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу