Соңғы кезде жер сілкіністерінің көбейіп кету себебі белгілі болды

12330

Дәл қазір Бразилияда, Грекияда, АҚШ-та, Аргентинада және басқасында жер сілкінуде.

Соңғы кезде жер сілкіністерінің көбейіп кету себебі белгілі болды Фото: REUTERS

Жер тербелістерін бақылайтын мамандандырылған "VolcanoDiscovery" порталының дерегінше, қазіргі кезде Мьянма, Грекия, Коста-Рика, Бразилия, Колумбия, Аргентина, Филлиппин, Жаңа Зеландия, Грекия, Индонезия, Гондурас пен Шығыс Тимордың, америкалық Гавайи аралдарының және басқа да көптеген елдердің әртүрлі өңірлерінде жер тербеліп жатыр. Магнитудасы әртүрлі, орта есеппен 2,5-4 аралығында.

Жердің тынышы кеткеніне біраз болды. 2023 жылғы 6 ақпанда Түркиядағы және Сириядағы алапат зілзала жалпы саны 57 мыңнан астам адамның өмірін жалмады, 121 мыңнан астам адам мертікті, жараланды. Былтыр Тайваньда кейінгі 25 жылдағы ең қуатты жер сілкінісі болды. Сонда 200-ден астам зілзала мен афтершок тіркелген. 1038-ден астам адам зардап шекті.

Биыл жер тербелістері күшеймесе, азаймапты. 2025 жылғы 7 қаңтарда Тибетте болған жер сілкінісінен 100-ден астам адам қаза тапты.

6 ақпанда Грекия аумағында басталған сейсмикалық белсенділік аясында Санторини аралында төтенше жағдай жарияланды. Жер дүмпулері осы өткен түнде Грекияның Патры, Ламия, Филиатра, Триполи, Этолия мен Акарнания, Санторини, Эгей, Ион теңіздерінің жағалауы сияқты өңірлерінде тіркелді.

Кеше Орталық Азия да зілзаланы бастан кешті. 28 наурыздың түнінде Жамбыл облысының бірнеше ауданында жер сілкінді. Ең қуаттысы 5 балға дейін жеткен. Премьер Олжас Бектеновтің тапсырмасымен, жағдайды сараптап, бағалау және жедел шаралар қабылдау үшін Жамбыл облысына Үкіметтік жұмыс тобы аттанды.

Жұмыс тобы жергілікті әкімдіктерге жағдайды тұрақты талдау, жедел шаралар қабылдау, келтірілген шығынды анықтау және бағалау мәселелерінде көмек көрсетумен айналысады. Топқа төтенше жағдайлар вице-министрі жетекшілік етеді.

"Премьер әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы, жол қатынасындағы, кәсіпорындардағы жағдайды басым тәртіппен бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар нысандарды тексеру, шығындарды бағалау және деректерді жинау бойынша мобилді топтардың санын көбейтуді тапсырды", – деп хабарлады Үкімет.

Ал, Таиланд пен Мьянмадағы кешегі қуатты жер сілкінісі әлемдегі барлық дерлік ақпарат құралдарын аралап кетті, әлеуметтік желілер куәгерлер түсірген видеоға толды.

Жер сілкінісінің магнитудасы 7,7-ге жеткен. Соның ішінде Мьянмадағы қираулар ауқымы сұрапыл. Мьянма билігі 200-ге дейін адамның құрбан болғанын хабарлады. Бірақ құтқарушылар құрбандардың саны жүздеп саналуы мүмкін екенін ескертті.

"Келтірілген шығын орасан зор! Қаза тапқандар саны өте көп, әзірше басқа ештеңе айта алмаймыз. Өйткені құтқару жұмыстары жалғасуда. Құрбандардың нақты саны жүздеген болуы мүмкін", – деді Би-Би-Сиге елдің екінші ірі қаласы Мандалайдың құтқару қызметінің қызметкері.

New York Times, The Guardian және Reuters Мьянманың Мандалай, Таунгу және басқа да қалаларында адамдар мерт болғанын жазды. Мьянманың тізгінін ұстаған әскери хунта Сагайн, Мандалай, Бого, Магуэй аудандарында, Шан штатында, ел астанасы Нейпьидода төтенше жағдай жариялады.

Ақпарат құралдары бұл ел аумағы қатты зардап шеккенін мәлім етті. Мысалы, Иравади өзенінің үстінен Сикайн қаласын Ава қаласымен байланыстырып тұрған үлкен көпір құлаған.

Қалаларда жүздеген үйлер күйреді. Агенттіктер, волонтерлар және куәгерлер үйінділердің астында қалғандарды құтқаруға талпынған адамдардың фото, видеосын таратты.

28 наурызда Мьянма бірден екі қуатты зілзалаға душар болды. Жер тербелістерінің магнитудасы 7,7 және 6,4-ке жетті. Тұрғын үйлер, өзге ғимараттар, жолдар, инфрақұрылымдық объектілер қирады.

Мандалай тұрғыны Reuters агенттігіне әңгімесінде көз алдында 5 қабатты үй күйреп, тып-типыл болғанын баяндады. Жұртшылықтың бәрі бірдей сыртқа қашып шығып үлгермеген.

Ал, көрші Таиландта ғимараттарды, жолдарды жермен-жексен еткен жер сілкінісін билік "патшалық тарихындағы ең бір ірі нәубет" деп таныды. Бұл ішкі істер министрі Анутхин Чанвиракун мәлімдеді.

"Табиғи дүлей апатқа қарсы тұру деңгейі ірі ауқымдағы зұлмат дәрежесіне дейін артты. Бұл барлық 4 деңгейдің үшіншісі. Тиісінше, Табиғи апаттардың алдын алу және салдарларын жою жөніндегі ұлттық жоспардың аясында іс-қимылдар басталды", – деді министр.

Таиланд билігі жағдай тұрақтанғаннан кейін келтірілген шығынға кешенді баға беруге уәде етті. Ал, әзірше, мемлекеттің бүкіл күш-жігері зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетуге шоғырландырылды.

Дүниежүзіне тараған видеода Бангкокта салынып жатқан заңғар ғимараттың жер сілкінісінен опырылып құлағаны бейнеленген. Қирау кезінде құрылыс алаңында шамамен 400 адам болыпты. Көптеген құрылысшы жоғалғандар қатарында.

Ел астанасы апат эпицентрінде қалды. Бангкок губернаторы Чадчарт Ситтипунт қаладағы көптеген биік ғимарат бұзылғанын мәлімдеді. Дегенмен, олардың нақты саны беймәлім. Таиланд Үкіметі келесі тәуліктерде жаңа жерасты дүмпулері болуы мүмкін екенін ескертті.

Осы екі елдегі жерасты дүмпулерінің толқындары бүкіл Оңтүстік-Шығыс Азия елдерін аралап кетті, Қытайға жетті. Сарапшылар жер сілкінісінен кейін цунами қаупі пайда болғанын айтты. Сондықтан елдерге жаңа, ықтимал табиғи апатқа дайындалуға тура келеді.

Таиландтың жауапты құрылымдары судағы цунами қаупіне байланысты жоғарылатылған дайындық жағдайына келтірілді. Өйткені өңірлік бақылау жүйелері мұхитта қауіпті өзгерістерді тіркеген.

Сондықтан қазақстандықтар арасында да танымал Пхукет, Краби және Пхи-Пхи аралы сияқты туристік орындарда, теңіз жағалауларында эвакуациялау жолдарын тазалау жұмыстары басталды.

Қонақүйлерде саяхатшыларға қалай құтқарылу жөнінде нұсқаулықтар жүргізілген. Мысалы, биікте орналастырылған бассейндердің бәрі жабылып жатыр. Оларда шомылуға тыйым салынды.

Өйткені Бангкокта жер тербелістерінің бірінде көкке мойынсұнған алып ғимараттың төбесіндегі бассейндердің суы төменге лақ төгілді. Ішінде адам болғанда, оның бәрі төменге құлдилауы мүмкін еді. Сондай-ақ, бірнеше күнге теңізге шомылуға шектеулер енгізілуі ықтимал.

Таиландтың Метеорологиялық қызметі Андаман теңізінде толқындарды бақылайтын қосымша қалқымалар орнатуда.  

"Туристік Қамқор" туризм қорының мәліметінше, бүгінде Таиландта шамамен 4,5 мың қазақстандық турист жүр. Бірақ бұл туркомпаниялар арқылы ұйымдасқан түрде аттанғандары ғана. Өз бетінше саяхаттаушылар немесе іссапармен барған қазақстандықтар саны белгісіз. Зілзаланың орталығына айналған Бангкокта турфирмалар атынан барған отандық турист жоқ көрінеді.

"Қолда бар ақпаратқа сәйкес, Бангкокта біздің туристер жоқ. Бүгінде Таиландта шамамен 4,5 мың қазақстандық турист бар. Бұл – ұйымдасқан түрде барғандары. Туристерге жергілікті гидтер қолдау көрсетіп, қауіпсіздік шараларын, сақталуға тиіс қағидаларды түсіндіруде. Қажет болып жатса, олар Қазақстанның дипломатиялық миссиясынан, біздің қордан немесе туроператорларынан қолдау күте алады", – деп хабарлады "Туристік Қамқор".

Таиландтық қызметтер туристерге өмірлік қажетті қарапайым қауіпсіздік ережелерін білу керектігін қаперге салды:

  • Өзіңіз тұратын ауданнан эвакуациялану маршруттерін, құтқарылғандарды жинау орындарын алдын ала біліп алыңыз!
  • Рюкзагыңызға ауызсу құйылған пластик бөтелкелер, дәрі-дәрмек, құжаттарыңызды, бүлінбейтін тіскебасар-басытқыларды салып, "дабыл шабаданын" дайындап қойыңыз!
  • Телефоныңызды үнемі қуатталған күйде ұстаңыз!
  • Ресми байланыс арналарын бақылап отырыңыз!
  • Жақын адамдарыңызды үнемі жаныңызда ұстауға, ең құрыса, қайда жүргенін білуге тырысыңыз!
  • Таяу жердегі ең биік жер қайда екенін күнібұрын анықтап алыңыз!

Еліміздің Сейсмология институтының ғалымдары Күн "терең минимум стадиясына" кіргеніне, мұндай жағдайда әлемде табиғи апаттар жиілейтініне назар аудартты.

Ғалымдардың түсіндіруінше, "Күн минимумы" осы жұлдыздағы белсенділіктің төмендеу кезеңін білдіреді. Бұл ретте оның бетінде дақтардың саны мейлінше азаяды. NASA ғалымдары Күннің 2008-2009 жылдары "терең минимум сатысына" кіргенін жариялады. Бұл кезең содан бері жалғасып, өрістеуде.

Қазақстандық Сейсмология институтының ғалымдары таяу тарихымызда Қазақстан территориясындағы және іргелес аумақтардағы қуатты жер сілкіністері дәл осы "Күннің гранд-минимумдары" кезеңінде болғанын айтты. Ендеше мемлекет қамсыз қалмай, қауіп қылып, құзырлы органдарды бәріне дайын еткені жөн.

Өйткені ТЖМ дерегінше, Қазақстанда 400-ден астам қалалар мен ауылдарға зілзала қаупі төніп тұр. Бүгінде Қазақстан аумағының үштен бірі – сейсмикалық қауіпті болып табылады. Бұл аумақта Қазақстан халқының жартысынан астамы өмір сүреді. Отандық өнеркәсіптің бүкіл әлеуеттің 40%-ы соларда шоғырланған.

Жалпы алғанда, сейсмикалық қауіпті аймақта 2 мегаполис (Алматы, Шымкент) және 13 облыс (ШҚО, Абай, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе, Жетісу, Атырау, БҚО, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан) орналасқан деп болжанды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу