Темірді тозғанда тапсыр

7005

Қарағанды қаласының "Сарыарқа" арнайы экономикалық аймағында ескі автокөліктерді қайта өңдейтін зауыт ашылды.

Темірді тозғанда тапсыр

Итальяндық техникамен жабдықталған кәсіпорын бір сағатта тозығы жеткен 25 автокөлікті металға айналдыра алады. Батыс елдері бұл мәселені  әлдеқашан шешіп қойған. Біз енді бастап жатырмыз.  

Орта Азия елдерінде баламасы жоқ зауыттың ашылу салтанатына инвестиция және даму вице-министрі Алик Айдарбаев, энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков және Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қатысты.

"Қазақстандағы 5 млн автокөліктің үштен бірі жүруге жарамсыз. Бұл мәселе біздің ел үшін өте маңызды. Ескі көлікті қайта өңдеу металлургиясы дамыған аймаққа аса қажет деп ойлаймын", – деді ресми рәсімде облыс әкімі.

Айта кетейік, жаңа зауыт индустрия 4.0 және цифрландыру талаптарына толық жауап береді. Зауыттың барлық жұмысы автоматтандырылған. Мұнда Италияның "BONFIGLIOLI" өндіруші компаниясы шығарған шредерлік құрылғы тозығы жеткен көліктерді  жойып, қайта өңдейді.

"Орталық  Азияда  теңдесі жоқ зауыт ел экономикасына жаңа серпін береді.  Ескі автокөліктерді өңдеу бизнесі болашақта Қазақстанға мол табыс әкелетініне сенімдімін", – деді журналистерге сұхбат берген кезде энергетика вице-министірі  Ғани Сәдібеков.

Зауыттың  өндірістік  қуаты жылына  50 мың көлікті  жоюға және өңдеуге жетеді. Бұл жерде автокөліктің әр бөлшегі жеке-жеке сұрыпталып бөлшектенеді.

Жалпы құны шамамен 3,4 млрд теңгені құрайтын зауыттың құрылысы 2017 жылдың жел­тоқсан айында толық аяқталады.  Жобаның екінші кезеңі аясында зауытқа пирролизді қондырғы орнатылып, өңдеу деңгейі 98%-ға ұлғаяды.

Айта кетейік, экологиялық һәм экономикалық маңызды жоба 2016 жылдың қазан айында қолға алынып, биылғы жылдың 16 қаңтарында жұмысын бастады.

Бүгінгі таңда еліміздің 17 қаласында ескі автокөлік қабылданып жатыр.

Статистиканы сөйлетер болсақ, ескі көліктерінен құтылуға асығып жатқандардың көшін шымкенттіктер бастап тұр. Одан кейін Қостанай мен Ақтөбе орналасқан.

Біле жүріңіз, ескі көлік екі санат бойынша қабылданады. Тозығы жетсе де жүріп тұрған автокөлікті үкімет 150 мың теңгеге бағалап отыр.  Ескі әрі істен шыққан көлік иелері 48 мың теңге беріледі. Ал ескі көлігінің орнына отандық автокөлік сатып аламын деушілерге  315 мың теңге көлемінде арнайы жеңілдік қарастырылған.

Ескі көліктер арнайы құрылғылармен тығыздалып, ұсақ бөлшекке бөлінеді. Ал қалдықтан алынған түсті қара металл қорытпасы аймақтағы мыс қорыту зауытына жөнелтіледі.

Аяжан Ералықызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу