Түркістанда 5G желісі қосылды: Қалай жұмыс істейді?

6482

"Түркі әлемінің рухани астанасы" аталған тарихи қалаға қатысты саяси шешімдер қабылданғалы жан жақты назар аударылып отыр. Онда туристерді тарту мақсатында 5G интернет желісі де іске қосылды. Бұл республикада қала көлемінде іске асырылып жатқан тұңғыш жоба болды. Оның таныстыру салтанатына inbusiness.kz тілшісі де қатысып қайтты. 

Түркістанда 5G желісі қосылды: Қалай жұмыс істейді?

Сегіз нүктеге орнатылды

"Түркістанда атқарылып жатқан істерде әрбір компания мен әрбір облыстың еңбегі бар. Бес жүз жыл қараусыз қалған қалаға әрқайсысы ғимарат салып беріп, осы деңгейге жеткізді. Бесінші буын интернеті де кәдеге асқалы отыр. Оны Kcell операторы мен Ericsson телеком-жабдығын жеткізуші компаниясы енгізіп отыр. Біз оларға қала ішінде туристер көбірек келетін және жалпы халық көбірек шоғырланған нүктелерді көрсетіп бердік", – деді Түркістан облысының әкімі Рашид Аюпов. 

Оның айтуынша, outdoor-станция қаланың сегіз нүктесіне орнатылды. Атап айтсақ, конгресс-холл, "Түркістан арена" стадионы, автовокзал, "Фараб" орталық кітапханасы, "Батыр" жастар сарайы және қаланың орталық аудандары. Интернет негізінен стратегиялық маңызды туристік объектілер мен тұрғындар көп шоғырланған аймақтарды қамтиды.

Ғимараттардың төбесіне орнатылған станциялар бір мезетте 3G-ден бастап 5G-ге дейін барлық жылдамдықты таратып тұратынын айтады түсіндіруші мамандар.

Айфон мен Samsung-ке қашан қосады?

"5G желісі жасанды интеллект, smart city тұжырымдамасы, бұлтты есептеулер мен big data жұмысын жеделдетеді. Осылардың ішінде бір ғана "ақылды қала" жобасы дами түсетінін алып қарасақ, қауіпсіздік жағы нығая түсетінін түсініп отырған боларсыздар. Қазір кcell мен аctiv абоненттері 5G-ді көтеретін смартфондармен қосыла алады. 5G байланысы қазір Xiaomi, HUAWEI, ixxi, oppo моделдеріне қосылған. Ал samsung смартфондарында сынақтан өткізіліп жатыр. Алдағы уақытта іске қосылуы керек. Келесі жылы айфондарға қосу үшін Apple компаниясымен келіссөздер жүргіземіз", – дейді Kcell компаниясының бас атқарушы директоры Юрий Харламов.

Жиында айтылғандай, қалада қосылған 5G байланысының жүктеу жылдамдығы – 1,5 Гбит/секунд. 
"Бұл біз қолданып жүрген LTE-ден жеті есе жылдам. Бір мезетте қанша кино жүктеуге болатынын елестете де алмай отырмын тіпті", – дейді баспасөз конференциясының модераторы интернеттің жылдамдығын мақтап.

Адамдардың денсаулығына қауіп жоқ па?

"Біз ақпарат пен деректердің қауіпсіздігіне баса назар аударамыз. Қауіпсіздік жұмысы жолға қойылған. Адамдардың денсаулығын да ойлаймыз. Бұған дейін біздің компания Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірге көптеген елде жүзге тарта медицианалық сынақ жүргізген. Сынақ нәтижесі бойынша жылдам интернеттің адам денсаулығына теріс әсері жоқ екені белгілі болды. 5G радиотолқындары өзге жылдамдықтағы желілермен бірдей", – деді жобаны техникалық жабдықпен қамтамасыз етуші Ericsson компаниясының Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі радио және көлік желілерін дамыту жөніндегі вице-президенті Анатолий Ильяич.

Оның айтуынша, 2027 жылдың аяғына қарай 5G желілерінде 4,4 млрд байланыс болады. Бұл әлемдегі барлық мобильді қосылыстың жартысына тең.

Тариф бағасы көтеріле ме?

"Қазақтелеком" компаниясының басқарма мүшесі Тимур Құдайбердиевтің айтуынша, жылдам интернет қосылғанымен, тарифтердің бағасын көтеру жоспарланып отырған жоқ. Журналистер қайыра нақтылап сұрағанда да ол осы жауабын қайталап айтты.

"Ендігі жұмыс қала халқының цифрлық көзқарас деңгейін көтеруге бағытталуы керек. Иә, жылдам интернет қосылғанын бәрі түсінеді. Бірақ көбінің түсінігі осымен шектеліп қалып жатады. Біз енді оның мүмкіндіктерін халыққа түсіндіруге жұмыс істеуіміз керек. Сондықтан қала басшылығынан денсаулық сақтау, білім, өндіріс, тіпті ауыл шаруашылығы сынды маңызды салалардың барлығына дерлік технологиялық жаңашылдықтарды енгізуді сұраймыз. Цифрлық жетістіктер арқылы барша мәліметті талдап, болашақты жоспарлауға болады. Мүмкіндіктері өте көп", – дейді Тимур Құдайбердиев.

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу