Соғыс басталғанда Мәскеу қара түтінге бөкті, бірақ бұл бомбалаудың әсері емес еді

2314

Қазіргі кезде де нақты саны белгісіз, бірақ кем дегенде 600 мыңнан астам қазақстандық майдан даласында қаза тапты.  

Соғыс басталғанда Мәскеу қара түтінге бөкті, бірақ бұл бомбалаудың әсері емес еді Фото: rtek24.ru

Екінші Дүниежүзілік соғыс гитлерлік Германияның Польшаға басып кіруінен, 1939 жылғы 1 қыркүйекте басталғаны мәлім. Қазақстан тарихы пәні аясында "Ұлы Отан соғысы" сол бұрынғыдай бөлек оқытылады, дегенмен, отандық тарихшы ғалымдар ҰОС – Екінші Дүниежүзілік соғыстың бір бөлігі ғана екенін дәлелдеп, жазып жүр.

Ал, екінші жаһандық соғыс 1945 жылғы 2 қыркүйекте Жапонияның капитуляциясымен аяқталғаны белгілі.  

Сонымен, Ұлы Отан соғысы 1941 жылғы 22 маусымда неміс әскерінің Кеңес одағының территориясынан басып кіруінен басталды. Әрбір бесінші қазақстандық майданға әкетілді. Жалпы алғанда, 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық соғысқа аттанғаны туралы дерек жиі ауызға алынады. Шынында, бұл кезде КСРО армиясының қатарында тағы 178 мың қазақстандық сардар мен сарбаз әскери қызметін өткеріп жатқан еді. Олар бірінші болып, соғысқа кірді.

Қазіргі кезде де нақты саны белгісіз, бірақ кем дегенде 600 мыңнан астам қазақстандық майдан даласында қаза тапты.  

Отандық тарихшылар жанқиярлық ерлігі арқасында қазақстандық жаужүрек жауынгерлердің Мәскеуді, тиісінше, бүкіл Кеңес одағын немістердің басып алуынан қорғап қалғанын айтады.

"Новая газета Европа" өз зерттеуінде Орталық Азиядан, өзге өңірлерден мобилизацияланған армия көмекке жеткенше, Кеңес әскері шегінумен болғанын жазады. Мұны сол зұлмат заман куәгерлері растаған.

"1941 жылдың 15-17 қазаны – соғыстың алғашқы төрт айының шырқау шегі болды. 16 қазанда радиодан Совинформбюроның таңғы хабарламасы жарияланды: "Өткен тәулік ішінде Батыс майданда ахуал нашарлады". Осыдан кейін ел халқына азды-кем ақпаратты там-тұмдап ұсынып тұрған жалғыз ақпарат көзі – радио тынып қалды. Кеңес одағында толық ақпараттық тыныштық орнады. Вермахт Мәскеудің табалдырығына аяқ басып тұрды. Одақ астанасын дүрбелең-паника жайлады. Кеңес басшылары Мәскеуден тұра қашты", – деп жазады "Новая".

Ресейлік жазушы Даниил Гранин 16 қазандағы ахуал туралы кеңестік премьер-министр Алексей Косыгиннің өзіне айтқан естелігін жариялады. Ол кезде Косыгин Халық комиссарлары кеңесі (Совнарком) төрағасының орынбасары болатын.

"Кеңес үкіметі Мәскеуден эвакуацияланды. Совнаркомдық кабинеттер бос қалды. Барлық есік айқара ашық жатыр. Телефондар тоқтаусыз безілдеуде. Жалғыз қалған Косыгин кабинеттен кабинетке жүгіріп, телефондардың құлағын көтеріп, білгенінше жауап беріп жүр. Басты мақсат – биліктің Мәскеуде екенін және жұмыс істеп жатқанын көрсету еді", – деп жазады жазушы Даниил Гранин.

Бүкіл Мәскеу қара түтінге бөкті, бірақ бұл бомбалаудың әсері емес еді. Құпия грифі бар құжаттар жаппай өртелді. Бұл "соғыстың басталуының кульминациясы болатын", ол кезеңдегі басты көңіл-күй – белгісіздік және не болып жатқанын түсіне алмай дағдару болды.

"Новая газета Европаның" зерттеуінде айтылғандай, 1941 жылдың 22 маусымында кеңес билігінің естен тана жаздағаны сонша, Германия әскерінің баса-көктей кіргеніне 7 сағат өтсе де, соғыстың басталғаны туралы халықты құлақтандыруды тарс естен шығарып алған.

Биліктегі дүрлігіс пен үздіксіз "байбаламға" салған телефон қоңыраулары арасында Совнарком мүшелерінің бірі ес жиып, "радио арқылы халыққа қайырылған, жауға бірлесе тойтарыс беруге шақырған жөн" болатынын айтады.  

Сталин сөз сөйлеуден бас тартты. Соғыстың совет территориясында басталғанына сегіз сағат өткенде ғана, 12:15-те Молотов халыққа үндеу жолдады. Радиожолдаудан кейін оны Сталин шақырып алды.

"Мен майдандардың қолбасшыларымен тегіс хабарласып шықтым. Олар тіпті майдан даласында нақты не болып жатқанын білмейді. Таңғалып тұрмын, сондай кеуделі әскери бастықтар, кенет жау келгенде абдырап қалғаны. Олар біздің бұйрығымызды күтпей, дұшпанға өз бетінше тойтарыс беруге тиіс еді. Армия да сол үшін керек емес пе?!", – деді И.Сталин.

Жоғарыдан бұйрық сол бойы біразға дейін түспеген.

"Басқыншылыққа тап болған ел қиындықпен жалғыз қалды. Одақтың шығысынан батысына және батысынан шығысына қарай ерсілі-қарсылы ғаламат миграция басталды. Белоруссия астанасы Минскіге сапарлайтын пойыздар соғыстың 3-ші күнінде ақырғы станциясына жете алмай қалды. Барлаушылар Германияның шабуылы күтіліп отырғанын нақты датасына дейін жеткізгенімен, Батыс округінің командирлері жаппай демалысқа жіберілген. Олар сол күндері өз бөлімдеріне жете алмай дағдарды. Көлік жоқтықтан, батысқа қарай тас жолдармен және соқпақтармен мобилизацияланған еркектер жаяу аттанып барады. Олар Отанды қорғауға дайын, дезертир атанғысы да келмейді, алайда өзі шақырылған әскери бөлімге дейін қалай жетуге болатынын білмейді. Олар тіпті немістердің таяп қалғанын да түсінбей, қарусыз болғандықтан, босқа қырылған", – делінген "Новая" зерттеуінде.

Кейде мобилизацияланғандар тобының жолы демалыстан шұғыл оралған командирлермен түйісіп, олар өз бетінше роталар мен батальондар құрды, қорғаныс шебін түзді. Сонымен бірге, майданның және тылдың қайда басталып, қай жерде бітетіні, штабтардың қайда орналасқаны туралы ақпарат жоқ. Оның бәрі біраз кейін жүйеге түсті.

Шығысқа қарай азғантай азық-түлік, киім-кешегін буып-түйіп, боқшасын арқалаған босқындар – әйелдер, балалар, қариялар ағылуда. Олар дүркін-дүркін әскери көліктер заулаған жолдардың шетімен жүріп барады. Техниканың ізіне түсіп, аулаған фашистердің әскери ұшақтары мезгіл-мезгіл төбеден төніп келіп, оқты қарша боратады. Мұндай кезде адамдар тұрған жерінде сұлап түсіп, жата қалады, немесе жол арықтары мен бұталарға домалап, жасырынған болады. Машиналармен бірге бейбіт халықты да пулеметтік кезек "тіліп-тіліп" өтеді.

"Минскіні Батыс майданының әскері тастап шықты. Минск қаласының оңтүстік-батысында кеңестің 3-ші, 4-ші және 10-шы армиясы жау қоршауында қалды. Бұл ҰОС-тағы алғашқы үлкен "қазандық" болатын. Салдарынан 330 мыңдай кеңестік солдат пен офицер тұтқынға түсті. Бұдан да қасіретті қоршаулар кейін болады. Кері шегінген танкистер жанар-жағармайы таусылып, амалсыз танктерін тастап, жаяу әскер қатарына қосылды. 1941 жылғы маусымда Белосток–Волковыск–Слоним тас жолы бойындағы деревняның тұрғыны, кейін партизандық жасақтың командирі Алексей Карпюк еске алды: "41-ші жылы тас жолда кеңестік танктер қаптап, иесіз қаңтарылып тұрып қалды. Еш жері зақымданбаған, моторы істен шықпаған, бояуы да жаңа. Пулеметтері мен зеңбіректері (пушка) сынбаған". Әскерде байланыс жоқ. Басқару жоғалтылған. Жолдар әрлі-берлі бейберекет ағылған адамдармен тығындалған", – деп жазады ресейлік басылым.

Мәскеу мемлекеттік университетінің деканы болған профессор Леонид Андреевтің айтуынша, соғыс басталғанда бірінші болып, байланыс жүйесі істен шықты. Бірде бір жерасты байланыс торабы қалмаған. Сталин де, Жуков та Мәскеудегі Горький көшесінде орналасқан Орталық телеграф арқылы майданмен байланыс ұстады. Егер фашистер сол ғимаратты жойып жібергенде, Кеңес одағының басшылығы мүлдем ақпарат көзінсіз қалатын еді.

"Есімде, 41-дің 15 шілдесінде Мәскеуден 6 сағаттық жердегі Смоленскіден тұрғындар жаппай қаша бастады. Көшелер босқындар мен әскерилерге толды. Көк аспанды неміс ұшақтары кезіп жүр. Өзен жағасында атып тасталған неміс парашютистерінің мүрделері жатты. Көпірлердің астына жарылғыш заттары бар шашкалар шұғыл қойылып жатты. Дүрбелеңге түскен жұрт есінен адаса жаздап, вокзалға үдере жүгірді. Әскерге керек-жарақ тасыған ашық жүк платформалары бар теміржол құрамы келсе, мыңдаған адам бірін-бірі тапап, шыңғырып, боқтап, жолай боқшантайлары мен шабадандарын жоғалтып, тұра жүгіреді. Оларды кері серпілту үшін ірі калиберлі зениттік пулемет сақылдап қоя береді. Мұндайда адамдар не вокзал қабырғасына ығысады, не пойыз астына жасырынады. 20 шілдеде біздің бірден үш армиямыз – 16-шы, 19-шы және 20-шы армиялар Смоленск ауданында қоршауда қалды", – деді Леонид Андреев.

Қоршауда қалғандар арасында 300 мыңдай жаралы және 200 мыңдай қаза тапқан жауынгер болған.

Киев түбіндегі "қазандықта" Оңтүстік-Батыс майданның 5 армиясы қалды. Немістердің дерегінше, Украина астанасының түбінде 665 мың әскери қолға түскен. Кеңестік тарихшы, генерал Д.Волкогонов Киев түбінде 453 мың жауынгер, соның ішінде түрлі мәртебедегі 60 мың қолбасшылық құрам өкілі тұтқындалғанын жазады. Мозырь–Гомель ауданында – 78 мың, Умань "қазандығында" қос армия – 103 мың жауынгер тұтқынға алынған.  

Осылайша, 1941 жылдың маусымы мен желтоқсаны аралығында гитлершілердің тұтқынына шамамен 3 миллион 335 мың кеңестік солдат пен офицер түскен.

Германия КСРО астанасы Мәскеуге шабуыл операциясын "Тайфун" деп атады:оны 19 қыркүйекте аяқтау жоспарланған. Дегенмен, кешігіп қалды.

"Тайфун" операциясының бірінші күні, 2 қазанда немістің 27 бомбалаушы ұшағы тізіле ұшып, Батыс майданының командалық пунктіне жойқын соққы жасады. Ғимарат жермен-жексен болды, 73 адам қаза тапқан.

6 қазанда Брянск қаласы жау қолына көшті. Қоршауда бірден 3 армия қалды. Одан жеке құрамның 20%-ынан азы ғана шыға алған. Соның алдында немістер Орел қаласын лезде басып алған еді. Сөйтіп, Мәскеуге бастайтын жол ашылды.

Фашистер Мәскеудің іргесіне дейін жеткені мәлім. Бірақ дәл осы кезде одақтың басты ордасын қорғауға "панфиловшылар" да жетіп үлгерді. Бұл Қазақ КСР-інің астанасы Алматыда және Қырғыз КСР-інің астанасы Фрунзеде (қазіргі Бішкек) қалыптастырылған 316-шы атқыштар дивизиясы болатын. Оларға генерал-майор И.В.Панфилов қолбасшылық етті.

Ресейлік тарихшылар Мәскеуді қорғаушылардың өзіне қару жетпегенін айтады. Екі адамға бір көне винтовкадан, бір жасаққа – жалғыз ғана пулеметтен берілген. Бірақ жауынгерлер адам сенбес төзімділік пен батырлық танытты. Қарсы келген жауын аяусыз жайпады. Олардың көзсіз, жанқилы қаһармандығы мен қайсарлығы жете бағаланбай келеді. Өкінішке қарай, кейінгі кезде Ресейде "панфиловшылардың" ерлігін жоққа шығару белең алды.

Өліспей беріспес қарсылыққа тап болып, ақыры "Тайфун" операциясын жоспарлағандай, күз ортасына дейін аяқтай алмай қалған фашистер логистиканы жөнді жолға қоя алмады, үскірік аяз бен ақырған боранда қалған әскерін керек-жарақпен қамти алмады. Олардың Мәскеуден кері шегінуіне бұл да ықпал еткені айтылады. Мысалы, кеңестік кинохроникада тұтқынға өз еркімен беріліп жатқан фашистердің үсіген аяқтарын аяқкиім сыртынан орамалдармен орап алғаны көрсетілді.

"1941 жылғы 15 қарашада, кешкі сегізде генерал-майор Панфиловтың бұйрығымен, қорғанысқа көштім. Қоластымда үш роталық тірек пункті болды", – деп хабарлады сол кездегі батальон командирі Бауыржан Момышұлы өз баянатында.

Қазақстандықтардың сол күзде фашистерді мәскеулік теміржолдар торабы мен Волоколамск тас жолынан өткізбей, ілгері бастырмай қоюы – соғыста шешуші рөл атқарды және гитлерлік әскердің жеңілісінің бастауына айналды. Мұны әрине, қазақтар жалғыз жасаған жоқ, өзге ұлт өкілдерімен тізе қоса отырып, ынтымақтасу арқылы жеңіске жетті.

1945 жылғы 30 сәуірде қазақстандық лейтенант Рақымжан Қошқарбаев қасына жетім солдат Григорий Булатовты ертіп, Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші қадады. Рейхтагта қызыл ту желбіреп тұрғанын көрген немістер сол күні беріле бастаған. Осылайша, Ұлы Отан соғысына қазақ жауынгері нүкте қойды.

Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің ресми сайттарында "Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі" деген шағын хабарламалар бар.

"1941 жылдың қыркүйек айының соңында басталған Мәскеу шайқасында Қазақстанда құрылған генерал И.В.Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясы ерекше орын алғаны белгілі. 16 қарашада Панфиловтың дивизиясы Ұлы Отан соғысының аңызына айналған шайқасқа қатысты. Бұл шайқаста 28 панфиловшылар Дубосеково торабының қарсаңында неміс танк батальонының жолына тұрып, 20-дан астам танкіні жойып, тоқтатқан болатын. Панфиловтың жиырма сегіз батырының ерлігі Мәскеу үшін шайқастың жарқын үлгілердің бірі болып, Екінші Дүниежүзілік соғыс тарихындағы бетбұрысы болғаны мәлім", – деп қысқаша жазылған сонда.

Қазақстандық жауынгерлер барлық шайқастарға белсенді қатысты. Майданның барлық бағыттарында жаулармен қиян-кескі соғысып, жанын да, қанын да аямады, ерлік пен патриотизмнің ғажайып үлгілерін паш етті. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды.

Мыңдаған қазақ фашистер жайлаған территорияларға жеткізіліп, партизандық қозғалыстарға қайсарлықпен қатысты.

"Жеңіс күн – жанарға жас толы мереке" деген сөз бар. Соғыс қайталанбауы керек. Қан майданда қаза тапқан қазақстандық ардагерлер сол үшін жанын қиды. Мұны келер ұрпақ та жадында сақтап, бейбіт күннің қадіріне жете білгені жөн. Сондай-ақ ұлттық армияның сырттан төнер жауға тиімді тойтарыс беруі жайы да үнемі жетілдірілгені маңызды. Соғыстың бір сабағы осы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу