Салықтық түсім үлесін кем дегенде 90%-ға жеткізуге 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген жалпыға бірдей декларациялаудың қаншалықты әсер ететіні жайлы inbusiness.kz сайтының тілшісі салық, қаржы мамандарымен тілдесті.
2024 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталады. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін:
- заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайлары;
- жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары тапсырып үлгеруі керек.
Осыған байланысты ҚР Қаржы министрінің 29.03.2022 жылғы №323 бұйрығына сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша банктер бизнес өкілдерінің (заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен басшылары және жеке кәсіпкерлер (ерлі-зайыптылармен) банктік операциялары бойынша ақпарат беретін болады. Яғни осы жылдан бастап, үш ай қатарынан карталарына 100-ден аса аударым жасалған азаматтар туралы мәліметтер Мемлекеттік кірістер органдарына жолданатын болды. Салдарынан барлық кәсіпкерлер жаппай тек қолма-қол ақшамен төлем қабылдауға кірісіп, ел ішінде дау-дамай шықты.
Салық маманы Ғалия Нүридің айтуынша, жалпыға бірдей декларациялау туралы қазір халық арасында теріс пікір қалыптасқанымен, оны бірінші кезекте біздегі салық жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған маңызды қадам деп түсіну керек. Өйткені, салық органдары базасында барлық төлемдер, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтар жайлы ақпарат болғанымен, оларды көлеңкелі экономикадан шығаруға жол беретін, заңнамалық тұрғыда жауапкершілікке тартатын құрал болмай келді.
"Негізі, жалпыға бірлей декларациялау барлық дамыған шет елдерде байырдан қалыптасқан және салықтық-әкімшілік бақылау жүргізудегі теңдесіз құрал деп саналады. АҚШ, Франция, Швеция, Финляндия, Дания, Чехия, Италия, Жаңа Зеландия, Сингапур, Швейцария, Чили сынды елдерде тапқан табысына, әлеуметтік жағдайына қарамастан күллі халық декларация тапсыруға міндетті, тек Германияда ғана жағдай өзгеше — онда табысы белгілі бір көрсеткіштен асқан азаматтар ғана декларациялаудан өтеді. Бүгінде, барлық мемлекеттік органдар, соның ішінде салық органдары қажетті ақпаратпен толық қамтылған. Сондықтан, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүргендерді де біліп отыр, алайда оларды көлеңкелі экономикадан шығаруға жол беретін, заңнамалық тұрғыда жауапкершілікке тартатын құрал болмай келді. Енді жаңа реформа сол заңсыз әрекеттерді әшкерелеуге, біраз кәсіпкерлер қызметін заңдастыруға жол ашпақ", — деп баға берді салық маманы.
Сондай-ақ, жалпыға бірдей декларациялау туралы шешім қабылдаудың экономикалық та астары бар. Қаржыгер Бауыржан Ысқақтың айтуынша, қазір бюджеттің 60-65%-ын ғана салықтық түсімдер толтырып отыр, жетпеген 35-40%-ды Ұлттық қордан жырып отырмыз. Ал негізінде тұрақты экономика құрып, барлық әлеуметтік қажеттіліктерімізді жабамыз десек, салықтық түсім үлесін кем дегенде 90%-ға жеткізу керек.
"Жалпы мобильді аударымдарды бақылай алсақ, оның зиянынан пайдасы көп екені белгілі. Цифрландыру енгізілген сәттен бастап, қолма-қол ақша айналымы біршама қысқарды, нәтижесінде көлеңкелі экономика көрсеткіші 30%-дан 27%-ға дейін төмендеді. Бұл – интернет банкингтің ең үлкен артықшылығы. Алайда, барлығы банк карточкасымен не QR арқылы төлеп жатқан жоқ, әсіресе, үй жанындағы дүкендерде, кішігірім сауда орындарында мобильді аударымдар қолданылып келгенін ескерсек, бюджетке салынуы керек қаншама қаражаттан қағылғанымызды түсінеміз.
Жалпы экономикадағы, ЖІӨ-дегі бизнес субьектілерінің үлесін 40-50%-ға көтеруді ғана мақсат тұтпай, оның заңды жұмыс жүргізуін талап ету маңызды. Әйтпесе, Ұлттық қор арқылы тікелей жүзеге асырылып отырған "Ұлттық қор — балаларға" сынды ірі әлеуметтік жобалар сәтсіз аяқталады", — деді қаржыгер.
Сонымен қатар, Жалпыға бірдей декларация жемқорлық тізбектерін анықтап, оның алдын алуға көмектеседі. Өйткені, қолда бар машиналар, банктердегі салымдар, бағалы қағаздар, қатысу үлестерінен бөлек, шетелдік активтер де декларациялануы қажет.
"Декларацияның 250-бөліміне сәйкес, шетелдік активтер болған жағдайда олар көрсетілуі керек. Яғни, туған-туыстарына оффшорлық компанияларды рәсімдейтін шенеуніктерге сол оффшорлық компанияларды көрсетуге тура келеді. Барлығы айнадайын болмаса да, болашақта әр шенеуніктің белгілі бір лауазымға қандай себептермен тағайындалғанын анықтауға мүмкіндік туады", - деп айтып өтті Марат Абдурахманов Azattyq Rýhy-на берген сұхбатында.
Жалпыға бірдей декларация туралы күні кеше айтыла бастаған жоқ. 2020 жылы оны енгізуге байланысты дайындық жұмыстары басталып кеткен еді, ал 2021 жылы іске қосылды. Сондықтан, Ғалия Нүридің айтуынша, кәсіпкерлер 4 жыл уақыт ішінде салықтық өзгерістерге дайын болуы керек еді, жеке кәсіпкер мәртебесін алып, заңды жұмыс істеп жүргендерге сескенудің қажеті жоқ, ал мобильді төлемдердің қарапайым адамдарға еш қатысы жоқ.
"Жалпыға бірдей декларациялау халықтың салықтық мәдениетін көтеруге себеп болар шешім. Бұрыннан таза кәсіпкерлікпен айналысқандар үшін ешқандай тәуекел болмайды, сондықтан жаңа нормалардан сескенудің қажеті жоқ. Ал мобильді төлемдерге келер болсақ, бұл бағытттағы тексерістің сізбен-бізге еш қатысы жоқ. Бірінші кезекте мобильді аударымдарды бақылау кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз жүзеге асыратын тұлғаларды көлеңкелі бизнестен шығару мақсатында жүзеге асырылады.
Оған қоса, Мемлекеттік кірістер органдары барлық мобильді аударымдарды тексере бермейді. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру белгілері бар (үш ай ішінде ай сайын қатарынан 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар алған тұлғалар) аударымдар ғана тексеріледі", — деп түсіндірді маман.
Ал Мемлекеттік кірістер комитеті, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз екенін ескертеді.
"Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады, себебі "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған (25-бап)", – деп жазылған Комитеттің мәлімдемесінде.
Карточкалар арқылы төлем қабылдаудан бас тартқан кәсіпкерлерге бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал қайта заң бұзған бизнес иелеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабы бойынша, 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл көзделген.
"Мұндай жағдайға тап болсаңыз мемлекеттік кірістер органдарына хабарласуыңыз қажет. Бұл ретте, Салық кодексінде микро және шағын бизнес субъектілеріне жеңілдетілген салық төлеу режимі қарастырылғанын еске саламыз. Атап айтқанда, салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты 1%-дан 4%-ға дейін төмендетілді. Кәсіпкер өзіне ыңғайлы салық режимін таңдай алады – патент (салық мөлшерлемесі 1%); жеңілдетілген декларация (салық мөлшерлемесі 3%); бөлшек салық режимі (салық мөлшерлемесі 4%)", – деп түсіндірді Кірістер комитетінің баспасөз қызметі.