Жаңа жылда бизнеске түсетін салық ауыртпалығы күрт өспек

4690

Қазірдің өзінде жұмыс берушілер бар тапқан-таянғанының жартысынан астамын алым-салыққа шығындайды.

Жаңа жылда бизнеске түсетін салық ауыртпалығы күрт өспек Фото: canva.com

Учет.kz мәліметінше, бүгінде тек қана еңбекақы төлеу қорына бағытталатын шығыстар жүктемесі шамамен 40%-ды құрайды.

"Бұл отандық бизнеске салмақты қаржылық қысым жасауда. Оған енді жалақылық салықтардың кезекті артуы қосылғалы тұр. Бұл қазақстандық компаниялардың ішкі және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп, олардың өсіп-өркендеуін тоқтатуы мүмкін. Осыған байланысты біз өзгерістерді енгізуді кем дегенде 1 жылға ары шегеру бастамасын көтеріп жатырмыз. Бұл өтпелі кезең бизнестің бейімделіп үлгеруі үшін қажет", – дейді "Учет" сарапшылары.

Бірақ Үкімет барлық шешімдерін құптап, есеп-қисабын жасап, жоспары мен нормативтік-құқықтық актілерін қабылдап қойды.

Оған сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, еңбекақы төлеу қорына салықтық ауыртпалықты тағы арттыратын, тиісінше отандық компаниялардың қаржылық тұрақтылығына соққы беруі мүмкін өзгерістер күшіне енеді.

Бұл тек басы ғана, бір жыл өткеннен кейін кезекті өзгерістер топтамасы өмірге жолдама алады. 2026 жылы жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі, онда мүлдем жаңа тәсілдер, ставкалар қарастырылған. Билік ұлттық бизнеске демеу болып келген көптеген жеңілдіктерден, артықшылық-преференциялардан және субсидиялардан бас тартқалы тұр.

Демек, сарапшылардың байламынша, бюджеттің жыртығын жамау жолында жанталасқан шенеуніктердің отандық бизнеске қарсы "шабуылы" үдейтінге ұқсайды. Депутаттар 2025 жылы Қазақстан бюджетінің тапшылығы тарихта ешқашан болмаған сомаға – 4,8 триллион теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін айтады. Қазынада қаражат қалмай бара жатқан соң, Үкімет Ұлттық қорға қол салды, елдің алтын резервін сатуда, одан қалды бюджет шығыстарын қысқартып, оның бір бөлігін бизнестің мойнына ілді.

Учет.kz мамандары ескертеді. Алым-салықтардың көз ілеспес жылдамдықпен өсіп, өзгеріп отыруы кәсіпкерлерге, бухгалтер-есепшілерге, қаржы мамандарына үлкен қиындық әкелгелі тұр. Олардың есептемелерде шатасуы, құжаттарда қателік жіберуі, салықты дұрыс төлемеуі, сонысы үшін айыппұл арқалауы ақыр соңында көптеген компанияның қаржылық орнықтылығын жоғалтуына әкелуі ықтимал.

Өйткені заңнамадағы барлық өзгерістерді ескеру, ұғыну, соның формулалары, талаптары, критерийлері негізінде есеп-қисапты дұрыс жүргізу үшін елеулі уақыт, жан-жақты дайындық және жаңа жағдайларға бейімделу қажет етіледі.

Мысалы, мемлекеттік кірістер органдары биыл "КДЛ Олимп" сияқты отандық зертханалық диагностикалау нысандарында тексерістер жүргізе келе, Салық кодексінің 290-бабында көзделген салық жеңілдіктерін қолдануға қатысты норманы өздерінше түсіндіріп, оларға 8 миллиард теңгеден астам сомаға салықты қосымша есептеген. Мұндай жағдай елдегі 166 клиникалық-диагностикалық зертхананың банкротқа ұшырауына немесе олар ұсынатын қызметтер бағасының күрт өсуіне соқтыруы ғажап емес.

Бұрынғы жылдары Қаржы министрлігі Салық кодексіндегі әрбір өзгерісті түсіндіру үшін түрлі семинарлар өткізіп, оқытатын, түсіндірме жұмыстарын жүргізетін. Енді оған мүмкіндігі жоқтай, сүрлігіп жатыр.   

Сонымен, 2025 жылы күшіне енетін негізгі өзгерістер келесідей:

  • Әлеуметтік аударымдар қазіргі 3,5%-дан бірден 5%-ға дейін артады;
  • Әлеуметтік салықтың ставкасы 9,5%-дан бірден 11%-ға дейін ұлғаяды;
  • Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) әрбір қызметкерінің жалақысының 1,5%-ы көлемінен 2,5%-ына дейін өседі;
  • Жалақыдан бірыңғай төлем ставкасы ағымдағы 21,5%-дан алдағы жылы бірден 23,8%-ға көбейеді (2028 жылға қарай 26,3%-ға дейін жетпек);
  • Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (договор ГПХ) бойынша жаңа әлеуметтік аударым енгізіледі.

АҚС шарттармен жұмыс істейтін қазақстандықтардың табысынан әлеуметтік алымды 2025 жылдан ұстай бастау Әлеуметтік кодексте, 243-248-ші баптарында көзделген. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жаңа әлеуметтік аударым әрбір адамның табысының 5%-ға дейінгісін құрайды. Объектіні анықтау кезінде 7 ең төменгі жалақы шегі ескеріледі.

Бұл жаңа алымды сондай-ақ дара кәсіпкерлер, шаруа және фермерлік шаруашылықтардың басшылары, шетелдік өкілдіктерде істейтін қызметкерлер, жеке практикамен айналысатындар, жеке көмекшілер, қазіргі кезде жойылған "Бірыңғай жиынтық төлемді" (БЖТ) төлеушілер ай сайын аударып тұруға міндеттеледі. Олардың бәрі енді міндетті әлеуметтік сақтандырылады.

АҚС шарттары бойынша алым-салық осындай шарт негізінде қызмет ететін жұмыскерлердің табысынан ұсталады. Бірақ сайып келгенде ол да қарапайым қазақстандық пен оның жұмыс берушісінің қалтасын қағады. Бизнес осындай шарттарды штатын қысқартып, әкімшілік шығыстарын оңтайландыру, штаттан тыс мамандардың қызметін тұтыну үшін пайдаланады.

Кәсіпкер, Respublica партиясының теңқұрылтайшысы Максим Барышев бұл өзгерістерден үлкен қауіп көріп отырғанын айтты.

"Келесі жылы алым-салықтардың жалпы өсімі 5 пайыздан асып кетеді. Сол себепті, Үкімет ең құрыса, жаңа Салық кодексі күшіне енгенге дейін 2025 жылы артқалы тұрған барлық ставкаларды бұрынғы күйде қалдыра тұруы керек", – деді ол.

Бизнес қоғамдастықтың өкілдері мұндай шаралар Қазақстанда жаңа жұмыс орындарын ашуды немесе қолданыстағысын ұстап тұруды қиындататынын айтып, алаңдаушылық білдіруде.

Оның үстіне мұндай қадамдар елге инвестиция тартуға, ең бастысы, халықтың өмір деңгейін жақсартуға кері әсер етеді.

"Көтергеннен табатын қаражат ел игілігіне жараса бір сірә. Қайда кетіп жатқаны, неге бюджеттің дефициті, мемлекеттің сыртқы қарызы рекордтық өсіп кеткені белгісіз. Сол үшін қандай да бір жауапты министр жазаланыпты, жемқорлар жаппай қамалуда деген естілмейді. Салық заңнамасындағы өзгерістердің соңынан үлгермей жатырмыз. Егер салықты дұрыс төлемесек, басшы мен бухгалтерді қосақтап, "ұйымдасқан қылмыстық топ басшылары" етіп қояды. Салық көтерілсе, бизнес оның бәрін тұтынушыларынан өндіріп алады, ендеше келесі жылы жаңа қымбатшылық толқыны келе жатыр деңіз. Тамағы үшін қарыз алатын халық кредит батпағына одан сайын батады", – деп болжады есепші Алтынай Сұңқар.

Ал, кәсіпкер Шынар Омарова оның орнына міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жоюды ұсынды, содан босаған қаржыға жұмыскерлердің жалақысын көтеруге болады. Қазақстандықтар онсыз да медициналық көмекті ақылы түрде алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу