Жаңажылдық сыйлық енді Наурызда беріледі

28863

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов тосын қадамын түсіндірді.

Жаңажылдық сыйлық енді Наурызда беріледі

Аймақ басшысы атына ұжымдық шағым түсуде екен. Онда мемлекеттік мекеме қызметкерлері өткен жылдың желтоқсан айы соңында Жаңа жыл мерекесін жұмыста тойлауға тыйым салынғанына наразы. 

Мысалы, "Жуалы ауданының орталық аудандық ауруханасының барлық қызметкерлері атынан" хат жолдаған Виталина Санфирова медициналық ұйымның бас дәрігері үстінен шағым жасады.

"Бұл не деген есерсоқтық. Алпысбай Батихан биылғы жылы ауруханада Жаңа жылды мерекелеуге шектеу қойды. Себебін сұрасақ, "Қазақстанның барлық азаматтары жаңажылдық мейрамды Наурызда тойлауы керек" дейді. Салдарынан, қызметкерлердің балалары сыйлықсыз қалды", – дейді Виталина Санфирова.

Мүмкіндікті пайдалана отырып, ол қызметкерлерге емдеу-курорттық төлемақылар және жалақы төленбейтінін де қоса жеткізе келе, қалыптасқан жағдайдың байыбына барып, шара қолдануды сұрады.

Алайда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов аурухананың бас дәрігерін жақтап шықты. Ол ұқсас шағым бойынша 2019 жылдың қыркүйегінде Жуалыға денсаулық сақтау басқармасының мамандары тексеріс жүргізгенін айтты. Сонда жалақыны төлеу бойынша бұзушылықтар анықталмаған. Сондай-ақ 2019 жылы аурухананың 10 қызметкері санаторлық-курорттық емдеуге жіберілгенін хабарлады.

Әкімнің дерегінше, мекемеде емдеу-сауықтыру жәрдемақысы жыл сайынғы еңбек демалысын алу кезінде барлық қызметшілерге төленеді. Жалақы да жұмыс уақытын есептеу табеліне сәйкес есептеліп жатқаны айтылды.

Аймақ басшысы Жаңа жылды ұжымда атап өтуді шектеу мәселесіне жеке тоқталды және бұл тікелей әкімдік бастамасы екенін нықтады.

"Менің тапсырмам бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы сізге хабарлайды: "Ұжымдық келісімге" сәйкес және кәсіподақтың келісімі бойынша Жаңа жылды ұжымда мерекелеу биылғы жылы Наурыз ұлттық мейрамына ауыстырылды. Осыған байланысты қызметкерлердің балаларына сыйлықтар, сонымен қатар жыл басын қарсы алуға арналған барлық мерекелік іс-шаралар ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз аясында ұйымдастырылатын болады", – деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов.

Бұл ретте ол облыста Жаңа жыл мерекесі жойылмайтынын, оны өз бетінше атап өткісі келгендерге тосқауыл қойылмайтынын мәлім етті.

Жалпы, Жаңа жыл мерекесі айналасында идеологиялық тартыстар күшейіп келеді. Биыл, осы мейрам қарсаңында елімізде әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджері арқылы оны тойлаудың "харам" екеніне үгіттейтін роликтер  қаптап кетті.

Оған керісінше, Ресей бұл мерекені жыл басы ретінде ұлықтауға бағытталған насихатын елімізге кең тарайтын ақпарат құралдары арқылы үдете түсті. Саясаттанушылар байламынша, кеңес заманында "ең басты жалпыхалықтық мейрам" деп дәріптелген Жаңа жылды қазір Мәскеу посткеңестік кеңістікті өз қанаты астында біріктірудің бір құралы ретінде қарастырады. РФ МемДума депутаттары осы орайда 31 желтоқсанды да "демалыс күні" деп жариялау бастамасын көтерді және барлық ТМД-дағы әріптестерін соны қолдауға шақырды.

Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаттары Нұржан Әлтаев, Павел Казанцев қолдаған. КТК арнасы паш еткен сюжетте Нұржан Әлтаев 31 желтоқсан – жұмыс күні болғанымен, бұл күнде азаматтардың ойы жұмыста емес, басқада болатынын алға тартады.

"Адамдар азық-түлік сатып алып, мерекелік үстелді лайықты етуге дұрыстап дайындалғысы келеді. Оның орнына 31 желтоқсанды жұмыста өткізуге мәжбүр. Содан жұмыс аяқтала сала, жандәрмен дүкенге жүгіреді, барлық жерде ұлан-ғайыр кезек, қалалар кептеліске ұшырайды", – деп уайымдайды ол.

Депутат Павел Казанцев "бұл күнде жұмыскерлер санасы сансырап, азапқа түсетінін, бюджетке де, экономикаға да залал келетінін" айта келе, жыл соңындағы ақырғы күнді демалыс деп жариялауға шақырды.

Бірден айта кетелік, ресейліктерге ерген әріптестерінің бұл идеясын өзге депутаттар қолдамады.     

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл болса, Жаңа жыл адалы мен харамы аралас жүретін мейрам екеніне назар аудартты.

"Жаңа жыл қарсаңындағы корпоратив және басқа да томалақтар соңы жаппай арақ-шарап ішуге, төбелеске ұласады. Мас күйде әйел-еркегі зина жасап, жұбайларының көзіне шөп салып жатады. Мас жүргізушілер адам қағады. Бұл әрине, харам. Бұдан бөлек, Батыс идеологиясына берілген, Американың Голливуд пен әлеуметтік желі арқылы насихаттайтын қаңсығын таңсық көретін кейбір ағайын бұл мейрамда бірін-бірі "С Рождеством!" деп құттықтайды, "Дух Рождества" деп мәз-мәйрам болады. Мұны көріп өскен балалары Рождество "тікелей қазаққа қатысы бар мейрам" деп ойлап, санасына сіңіруі ғажап емес. "Дінім – Ислам, кітабым – Құран Кәрім, құбылам – Қағба шәриф" дейтін мұсылман үшін бұл харам", – дейді қалаулы.

Оның байламынша, бұл мерекені банктер – барынша көп тұтынушылық несие беру, ал сауда орындары – жыл бойы өтпей жатқан тауарын сатып жіберу үшін пайдаланады: халық дүрлігіс кезінде есі шығып, сөреде жатқан кез келген дүниені сыпырып әкетеді. АҚШ-тағыдай жаңажылдық мереке өткесін азаматтардың керексіз тарту-таралғыны жаппай дүкенге кері тапсыратын дәстүрі бізде дамымаған. Салдарынан қаптаған сый атаулы сый алған адамға ұнамай, ізінше қоқыстан табылады. "Тұрмыстық қалдықты босқа көбейтіп, отбасылық бюджеттерге, экологияға, коммуналдық қызметтерге қажетсіз ауыртпалық түсіреді", – дейді Бақытбек Смағұл.

Қалай болғанда, жыл басын қашан атап өтуге қатысты қоғамымыздағы пікірталастар әз-Наурызға қарай қайта қызуы мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу