Бүгінде аумақтық қорғаныс мәселесі өзекті болып қалды. Өйткені әлем тыныш емес. Аумақтық қорғаныстың маңызды құрылым екеніне көптеген елдер мән беріп жатыр. Сын сағаты келе қалған жағдайда жергілікті аумақтық қорғаныс жақсы ұй ымдастырылса нәтиже көрсетеді. Қазақстанда аумақтық қорғаныс мәселесі 2005 жылдан қолға алынды. Ал 2017 жылы аумақтық қорғаныс құрылымдарына аумақтық әскер мәртебесі берілді. Дегенмен бұл саланы жетілдіре түсу жағы жиі айтылды. 2023 жылдың соңын ала Қорғаныс министрлігі «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасын әзірледі. Түрлі талқыдан, сүзгіден өткізілген болса керек, заң жобасы Парламент Мәжілісінде енді мақұлданды. Құжат Сенатқа жолданды.