Әлеуметтік желілерде шетелдік көлік жүргізушілерінен 200 мың теңге сұраған полицейлердің әрекеті жайындағы видео кеңінен тарады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Видео авторының айтуынша, тәртіп сақшылары жолда кетіп бара жатқан туристердің көлігін тоқтатып, құжаттарын тексерген. Көліктің қазақстандық техникалық тексеруден өтпегені үшін пара сұраған.
Сондай-ақ, туристерге шекараға дейін ешкім тоқтатпайтындығын айтқан.
Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталаған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын жеткізді.
– Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында патрульдік полиция қызметкерлерінің "Шымкент – Самара" жолындағы оқиғасы анықталды. Қазіргі уақытта бейнежазба бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Айта кетсек, полицияға жәбірленушілерден қандай да бір ресми арыз-шағым түскен жоқ, көлік құралының деректері анықталмады. Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдарына деген сенімге нұқсан келтіруі мүмкін кез келген ақпаратқа назар аударып, қатаң әрі нақты жауап береді. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, – делінген водомство ақпаратында.
Сонымен қатар, тиісті құрылым басшылығына қатысты қызметтік тергеу басталған.
– Кінәлілер заңға сәйкес жазаланады. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында патрульдік нарядтардың жұмысына бақылау күшейтілді. Министрлік қашанда сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы күрес пен тазарту шараларына басымдық беріп келеді. Тұрғындарға белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдіріп, диалогқа ашық екенімізді хабарлаймыз, – делінген ақпаратта.