Оның сөзінше, Украина соғысты тоқтату туралы келісім аясында Ресейге территориялық жеңілдіктер жасауға мәжбүр болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты The New York Times-ке сілтеме жасап.
Рубионың бұл мәлімдемені Сауд Арабиясының Джидда қаласына ұшып бара жатқанда жасағаны белгілі болды. Ол аталған қалада жоғары лауазымды украиналық шенеуніктермен келіссөздер өткізуді жоспарлаған.
– Бұл келіссөздердің ең маңызды нәтижесі Украина қиын шешімдер қабылдауға дайын екенін түсінуі керек, дәл сол сияқты Ресей де қақтығысты тоқтату немесе ең болмаса уақытша тоқтата тұру үшін күрделі қадамдарға баруы тиіс, – деді ол.
Рубио "екі тараптың да ымыраға келуі – дипломатиялық реттеудің басты шарты" деп, соғыстың қос елге де шешімі жоқ екеніне тоқталды.
– Менің ойымша, бұл қақтығыстың әскери шешімі жоқ екенін екі тарап та түсінуі керек. Ресей бүкіл Украинаны басып ала алмайды, ал Украина үшін ресейліктерді 2014 жылғы шекараларына дейін ығыстыру жақын арада аса қиын болатыны айқын, – деді ол.
Мемлекеттік хатшы Мәскеумен болашақ келіссөздердегі негізгі мәселені де айтып өтті.
– Біз әлі де тараптар арасындағы келіспеушіліктер қаншалықты үлкен екенін білмейміз, – деп қосты ол.
Газеттің жазуынша, Сауд Арабиясында өтетін алдағы келіссөздер Украинадағы табиғи ресурстар туралы талқылауға арналмайды.
Рубио АҚШ Украинаға кейбір барлау деректерін беруді тоқтатқанына қарамастан, Вашингтон Киевке Ресей шабуылдарынан қорғану үшін қажетті ақпаратты жеткізіп отырғанын айтты. Ол сонымен қатар Илон Масктың SpaceX компаниясына тиесілі Starlink спутниктік байланыс жүйесіне Украинаның қолжетімділігі ешқашан қауіпке ұшырамағанын жеткізді.
Соңғы аптада АҚШ Украинаға қысымды күшейткенімен, Трамп осыған дейін Ресейге қосымша санкциялар салатынын да ескерткен еді. Рубионың сөзінше, Вашингтон Мәскеуді Украинамен келіссөздер жүргізуге мәжбүрлеу үшін қысым көрсетуді әлі де жүзеге асырып отыр.
Мемлекеттік хатшы алдағы келіссөздер барысында АҚШ-тың Украинаға әскери көмекті қайта жаңарту мәселесі көтерілуі мүмкін екенін ашық айтты.