Менменсіген миллиардер барынан айрылуға шақ тұр

6164

Tesla акцияларының құны екі есе құлдырап кетті.

Менменсіген миллиардер барынан айрылуға шақ тұр Фото: klerk.ru

Кешегі бір ғана күнде америкалық автоалпауыттың акциялары бірден 15 пайызға құнсызданды. Құлау қарқыны алапат.

Былтырғы қарашадағы Президент сайлауының қорытындысында Дональд Трамптың мерейі үстем болғаннан кейін оның жеңіс шыңын бағындыруына тікелей ықпал еткен Илон Маск тиісінше, жаңа Президенттің әкімшілігінде сүбелі лауазымға ие болды.

Ол Американың "№1 реформаторы" атанды. Осыдан кейін Tesla акцияларының котировкасы күрт шығандап, тарихи белесін бағындырған еді.

Салыстырсақ, 2024 жыл бойы Тесланың бағалы қағаздары акционерлер үшін сонша құнды болмады және 150 доллардың ар жақ-бер жағын айналшықтан жүрді. Мәселен, 22 сәуірде 144 долларға дейін түсіп кетті.

АҚШ-тың жаңа көшбасшысы таңдалар басты сайыс жақындағанда ғана 200 доллар шамасына таяды. Өйткені осы кезде әлемдегі №1 миллиардер кімді жақтайтынын жаһанға жариялап, сайлау науқанына белсенді араласа бастаған болатын.

Ал, сайлаудағы жеңіс нәтижесінде, 2024 жылдың желтоқсанында оның 1 акциясының бағасы ешқашан болмаған 480 долларға жетті. Алайда бұл меже – оның шырқау шегі болғаны енді анықталуда. Содан бері бұл белес оған бірде бір рет бағынған емес.

Кеше Илон Маск басқаратын Tesla компаниясының акциялары биржа жабылғанда 222 доллар бағамына дейін құлады. Құнды қағаздардың құнын түсіруден табыс табатын биржа "аюлары" тіпті 190 доллар ұсынды.

Осылайша, dpa агенттігі назар аудартқандай, Дональд Трамптың президенттік додадағы жетістігінен кейін тіркелген барлық өсім көрсеткіштері Тесла үшін түгесілді. Таз кепеш қалпына кері оралды.

"Tesla котировкалары былтырғы жылдың желтоқсанында өсу жөнінен шырқау шегіне жетті. Сонда компанияның әрбір акциясының бағасы 480 долларға бағаланды. Бұл Илон Маск Трамптың сайлау науқанына белсенді қатыса бастаған кездегіден 2 есе жоғары болатын. Бүгінде Tesla компаниясы акцияларының құны шамамен 222 доллар ғана", – деп жазды dpa.

Салдарынан, Тесла компаниясының жалпы құны 1,5 триллион доллардан бүгінде шамамен 715 миллиард долларға дейін арзандап шыға келді.

Дегенмен, сарапшылар Тесланың бәрібір ең қымбат автоконцерн атағын сақтап қалғанына назар аудартады. Салыстырсақ, америкалық тарихи автогигант Ford-дың нарықтық құны – шамамен 40 миллиард доллар ғана. Ал, General Motors-тың құны – шамамен 48 миллиард.

Өз кезегінде, Deutsche Welle Масктың жеке байлығы ғарыштық алпауыт SpaceX-ке емес, бірінші кезекте Tesla акцияларының бағамына тәуелді екенін еске салды.

"Сондықтан Tesla акциялары құнының тоқтаусыз құлдырауы Илон Масктың өзі үшін де проблема туғызды. Масктың байлығының көбі – тек қағаз жүзінде ғана. Америкалық бұл миллиардер өзінің осы компаниясының акцияларын кепілге қойып, қаптатып кредит алуымен де белгілі. Соның арқасында ол қағаз жүзінде дүниежүзіндегі ең бай адамға айналып шыға келді. Алайда акциялары құнсызданған сайын кредиттерінің құны да қымбаттайды, қосымша кепілдік талап етілуі мүмкін", – дейді германиялық экономикалық шолушы Ася Миллер.

DW жазуынша, егер Тесланың акциялары әрі қарай "девальвациялана" берсе және белгілі бір деңгейден төмен түсіп кетсе, Илон Масктың барлық кредиторлары бір мезгілде одан қосымша кепілзат талап ете бастайды.

Өз кезегінде Bloomberg құнсыздануға қарамастан, бүгінде Масктың әл-ауқаты әлі де болса 300 миллиард доллардан асатынын нақтылады. Бірақ оқиға осы қалпымен өрби берсе, одан жұрнақ та қалмауы ғажап емес. Онда Илон Масктың әлем тарихындағы №1-ші триллионер атану арманы елестей жоқ болады.

Миллиардердің өзі осы алаулаған өртке май құя түсуде. Ол кеше өзі жетекшілік ететін "АҚШ Үкіметі жұмысының тиімділігін арттыру ведомствосының" (DOGE) штатын 2 есе өсіруге ниетті екенін мәлімдеді.

Демек, қуғын-сүргін күшейеді, оны ілгерілетушілер саны екі есе көбейеді. DOGE кесірінен, Білім, Денсаулық сақтау, Әлеуметтік қызметтер және басқа да маңызды министрліктерде, Федералдық тергеу бюросы мен Орталық барлау басқармасынан бастап, өзге де қызметтерде жаппай қысқартулар, бюджеттік секвестрлер жүргізілуде.

Бұған қоса, Канадада, Австралияда, Еуропада Тесла көліктерінің саудасы 80 пайызға дейін құлады. Өзге елдер Трамп әкімшілігін жазалау үшін Tesla-ға қарсы жоғары импорттық баж енгізіп жатыр. Германия Тесла электрокарларын сатып алушыларға беретін бюджеттік субсидияны жойды.

Американың өзінде Маскке өшіккендер Тесла электрокарларын сататын салондарға шабуылдап, оларды қуаттайтын станцияларды қиратуда.

"Ызалы жүрек, долы қолға" тап болмау үшін Тесла электромобильдерінің иелері көлігінің зауыттық таным белгісін жасыруға, алып тастауға немесе Audi, Mazda, Honda сияқты басқа маркалы машинаның эмблемасын тағып алуға мәжбүр.

Amazon-да: "Мен бұл көлікті Илонның есалаң екенін білгенге дейін сатып алдым" (I Bought This Before We Knew Elon was Crazy) деген сияқты жапсырмаларға кең сұраныс пайда болды.

CNN хабарлауынша, АҚШ жолдарында Tesla Cybertruck көліктерінің артқы бортында түрлі көріністер проекциялана бастаған. Оның бірінің иесі машинасын граффитимен бүлдіріп тастамауды өтінеді. "Бұл машина онсыз да мені ақымақ жағдайда қалдырды" деп жазылған онда.

Тағы бір көріністе Сайбертрак қожайыны "MuSSk production" деп жазып қойыпты. Мұндағы қосарланған SS фашистік Германияға сілтеме болып табылады.

Көптеген сарапшылар Масктың Трамппен тығыз ынтымақтастығы Tesla-ға тиімділік әкеліп, бүкіл әлемдегі көшбасшылығын нығайтады деп күтті. Оның үстіне миллиардерге жаңа Президент ел тарихында ешкімде болмаған кең ауқымды өкілеттіктер берді.

Алайда автоөндіріс саласын өрістету үшін бұл жеткіліксіз, тіпті кесірлі болып шықты.

"Жығылғанға жұдырық" дегендей, Tesla-ның салмақты кінәраттары табылуда. Атап айтқанда, көлік иелерінің шағымдарына сәйкес, сондай-ақ қайталанған бірнеше апаттан кейін АҚШ-тың Жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық басқармасы (NHTSA, National Highway Traffic Safety Administration) "Autopilot" атты жүргізушіге көмек жүйесін мұқият тексеруге кірісті. Ал, бұл жүйе Тесланың ұстыны болып табылады. Онсыз барлық дерлік құндылығын жояды.

Сонымен бірге, дәл осы басқарма Маск екпін салып отырған "роботаксиді" мақұлдауда шешуші рөл атқарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу