Десе де, бітім шарттарын Ресей де дәл сондай деңгейде сақтауы тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сауд Арабиясында өткен келіссөздер бір қадам болсын соғысты тоқтатуға жақындағандай әсер қалдыруда.
– Украина АҚШ-тың екі тараптың өзара келісімімен ұзартуға болатын 30 күндік уақытша бітім енгізу туралы ұсынысын қабылдауға дайын екенін көрсетті. Бұл бітім Ресей Федерациясының келісімі мен оны бір мезетте орындауына тәуелді, – делінген Жиддадағы келіссөздерден соң жарияланған АҚШ-Украина бірлескен мәлімдемесінде.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл ұсынысты Мәскеуге дереу жеткізетінін айтып, "Ендігі кезек – Ресей тарапында" деді. Егер Кремль бұл келісімге қол қоймаса, "бейбітшілікке кім кедергі келтіріп отырғанын анық білеміз" деп нақтылай түсті ол.
– Бүгін біз әлемге бейбітшілікті қалайтынымызды көрсеттік. Әділетті және ұзақ мерзімді бейбітшілік керек, – деді келіссөздерден кейін Украина Президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак.
Сауд Арабиясындағы келіссөздерге қатыса алмаған Украина президенті Владимир Зеленский ел ұстанымын тағы да қайталады.
– Біздің ұстанымымыз өте айқын. Украина соғыстың алғашқы күнінен бастап бейбітшілікке ұмтылып келеді. Біз оны мүмкіндігінше тез әрі сенімді түрде жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бізге соғыстың ешқашан қайталанбағаны керек, – деді ол.
Егер Ресей толықтай атысты тоқтату шарттарын қабылдайтын болса, сол сәттен бастап тыныштық орнауы мүмкін.
– Украина бейбітшілікке дайын. Енді Ресей де соғысты тоқтатуға дайын екенін көрсетуі тиіс. Немесе оны жалғастырғысы келе ме? Ақиқат ашылатын уақыт келді, – деп сөзін қорытындылады Зеленский.
Екі ел өкілдерінің Сауд Арабиясында прайдалы қазбалар бойынша келісімге келу мүмкіндігін талқылағаны да белгілі болды. Бірлескен мәлімдемеде бұл келісім көп ұзамай жүзеге асатыны айтылған.