"Ахматты" өрге сүйреген Максим

354

"Ахматтың" үздік сұрмергеніне айналған Максим Самородов жайлы сөз қозғамақпыз.

"Ахматты" өрге сүйреген Максим Фото: matchtv.ru

22 жастағы қазақстандық шабуылшы Максим Самородов Ресей Премьер-лигасында "Ахмат" командасының сапында тамаша өнер көрсетіп жүр.

Ол 2024 жылдың тамызында "Ақтөбеден" ауысып барғаннан бері команда үшін маңызды ойыншыға айналды.

12 сәуірде Ресей Премьер лигасының 24-туры аясында "Ахмат" "Ростовты" 2:1 есебімен жеңді. Жеңіс голын Самородов 67-минутта соқты. Лечи Садулаевтан пас алған ол қақпа алдынан дәл соққы жасап, командасының басымдығын еселей түсті.

Бұл оның биылғы маусымдағы 6-шы голы болды. Бұдан бөлек ол қазіргі таңда "Ахматтың" үздік сұрмергені саналады.

Матчтан кейін Самородов командалық жұмыстың маңыздылығын атап өтті:

"Агрессияны арттырдық. Бірінші таймда жіберген қателіктерімізді саралап, екінші таймда оларды түзетуге тырыстық. Бұл ойындағы нәтиже мен ойынды жақсартуға ықпал етті. Әр матчқа жалғыз мақсатпен шығамыз - жеңіске жету. Үш ұпай үшін күресіп, одан әрі алға басу керек", - деді Максим.

Самородовтың күшімен "Ахмат" чемпионаттағы жеңістер сериясын 8 матчқа жеткізіп, клубтық рекордты қайталады.

Ақтөбе футбол мектебінің түлегі Самородов кәсіби мансабын 2019 жылы "Ақтөбе" клубында бастады.

Максим Қазақстандық клуб сапында 121 матч өткізіп, 24 гол соқты. 2024 жылдың тамызында "Ахматпен" 4 жылдық келісімшартқа қол қойды.

Халықаралық аренада ол Қазақстан құрамасында алғаш рет 2021 жылы өнер көрсетті. Сол уақыттан бері ол ұлттық құрама сапында 25 матч өткізіп, 5 гол соқты.

Максим Самородовтың ойыны "Ахматтың" чемпионаттағы позициясын нығайтып қана қоймай, Қазақстандағы жас футболшыларға шабыт беріп отыр.

Ол табандылық пен талант арқылы халықаралық аренада да табысқа жетуге болатынын дәлелдеп келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу