Ақтоты Райымқұлова одақтастар мен серіктестер іздеуге кіріспек

10126

Оларға жүздеген миллион теңге бөлу ұсынылып отыр.

Ақтоты Райымқұлова одақтастар мен серіктестер іздеуге кіріспек

Тарихқа шолу жасай кетсек, 1932 жылғы 23 сәуірде Бүкілодақтық Коммунистік партияның (большевиктер) Орталық комитеті (БКП ОК(б) "Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы" қаулы қабылдап, Кеңес одағында, соның ішінде Қазақстанда болған барлық еркін қоғамдық бірлестіктерді таратты, жойды. Олардың орнына Жазушылар одағы, Суретшілер одағы, Сәулетшілер одағы, Композиторлар одағы, Кинематографистер одағы, Дизайнерлер одағы секілді бір-біріне ұқсас бірыңғай ұйымдар қаптап құрылды.

Бұл шығармашылықтың әрбір саласын мемлекеттің монополияландыруына соқтырды. 1934 жылы Жазушылар одағының пленумында әдебиет пен өнердегі жаңа шығармашылық әдіснама – "социалистік реализм" бекітілгені мәлім. Сонымен бір мезгілде елде цензура күш алды.

Министр одақтарға жаңа рөл ойлап тапты

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін кеңестік идеология жойылып, биліктің шығармашылық саласындағы үстемдігі жайына қалды. Өнердің өзіне қарайтын тармағын жатқызып өргізген одақтардан әл кетті. Әрқайсысы өз бетінше күн көрудің қамына кірісті.

Рас, қазіргі кезде одақтар грант түрінде бәрібір мемлекеттен ақша алады. Бірақ одақтар да, мәдениет шенеуніктері де мұны азсынатын болса керек. Мәдениет және спорт министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасының тұжырымдамасын ұсынды. Тұтас заң, егер қабылданса, бір-ақ мақсатты көздемек: шығармашылық одақтарды қолдаудың жүйелі шаралары қабылданады.

Меморган бұл одақтарды "елдің шығармашылық күштерін жұмылдыруды қамтамасыз ететін тірек механизмі рөлін атқарады" деп қарастыратынын жасырмады. Сондай-ақ олар министрлік жүргізетін, "Рухани жаңғыру" қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының басымдықтары мен идеяларын кең ілгерілетуге бағдарланған мәдени саясатты іске асырудың орасан зор әлеуетіне ие көрінеді. 

Әрине, нарық заманында ешбір одақ тегін жұмысқа жегілгісі келмейді. Осы "әлеуетін" мемлекеттік саясатты ілгерілетуге бағыттауы үшін оларға ынталандырушы құрал – ақша керек.

"Бірақ бүгінде заңнамалық деңгейде шығармашылық одақтардың қызметін басқару мен реттеудің нақты тетіктері жоқ. Тұрақты қаржылық қолдаудың пәрменді тетіктері дамымаған. Сонымен бірге, шығармашылық одақтар іс жүзінде мемлекеттің стратегиялық серіктестеріне айналуы қажет. Одақтар "қоғамда мемлекеттің идеяларын таратушы рөлін" атқаруға тиіс", – деді мәдениет министрлігі.

Ведомство бір нәрсеге қатты қынжылды.

"Алайда, өкінішке орай, одақтардың бұл рөлі әлсіреді. Бұған олардың экономикалық тұрақтылығының, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың болмауы себеп. Шын мәнінде, шығармашылық пен идеологияны ілгерілету орнына, одақтар қазіргі экономикалық жағдайда аман қалудың жолын іздеуге мәжбүр", – делінген тұжырымдамада.

"Бөтен" үкіметтік емес ұйымдар шеттетіледі

Жалпы, одақтар мүлдем мемқаржыландырусыз қалған емес. "ҚР мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы" заңына сәйкес шығармашылық одақтарды Үкімет мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыруға тартуда. Одақтардың шығармашылық ниеттері мен идеялары гранттар және сыйлықақы-премиялар беру арқылы мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Әйтсе де, мұны олар қомсынады, көбірек алғысы келеді. Министрлік бұл істе оларды қолдауға бел буғандай.

"Мемлекеттік сатып алу жобаларын іске асырудың бірыңғай тәсілі және одақтардың мәдениет пен өнер саласындағы конкурстарға өзге ҮЕҰ-лармен тең дәрежеде, жалпы негізде қатысуы – оларды атаулы, адресті түрде қолдауға мүмкіндік бермейді. Бұл тұрғыда мәдениет саласындағы уәкілетті органның (министрліктің) мәдениет пен өнерді дамыту саласындағы гранттарын тағайындау – шығармашылық одақтардың мемлекетпен серіктестік қызметін жандандыру үшін қуатты ынталандыру болар еді деп ойлаймыз", – деді Мәдениет және спорт министрлігі.

Бұл гранттан өзге ҮЕҰ-лар үміттене алмайды. Олар шөміштен қағылмақ.

"Аталған гранттарды алудан тек "мемлекеттің стратегиялық серіктестері" ретінде мойындалған, шығармашылық одақтар мен бірлестіктер ретінде құрылған, кең өкілдік базасы бар бейінді үкіметтік емес ұйымдар ғана үміткер бола алады. Осыған байланысты "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы заңына өзгеріс енгізіп, заңнамада "мемлекеттің стратегиялық серіктесі" деген ұғымды бекіту ұсынылады", – делінген жаңа заң жобасының тұжырымдасында.

Министрліктен жүздеген миллион бюджет ақшасын тікелей алуға жол ашатын бұл ерекше мәртебені кімдер және қалай ала алады?

Министрліктің түсіндіруінше, шығармашылық одақтарды "стратегиялық серіктес" деп тану рәсім-процедурасы келесідей: олар мәдениет саласындағы уәкілетті органның аккредиттеуінен өтуі керек. Бұл ретте ол біріншіден, одақ не бірлестік мәртебесінде құрылып, тіркелгені, екіншіден, мемлекеттің мәдени саясатын елде және шетелде ілгерілетуге қуаты жететінін, кең өкілдік базасы мен барлық өңірде филиалдары барын, ресурстарының әлеуетті екенін дәлелдегені жөн. Аккредиттеуден өтіп, "стратегиялық серіктес" атанған одақ тиісті мәдениет саласын дамыту жөніндегі өкілеттіктерге ие болады деп күтілуде. 

"Қазақстанның Жазушылар, Кинематографистер, Театр қайраткерлері одақтары және басқа да бейінді үкіметтік емес ұйымдар Мәдениет және спорт министрлігі үшін осындай стратегиялық әріптес бола алар еді", – деді ведомство.

Рас, меморган осы бастамасында келмеске кеткен Кеңес одағының емес, Ресей, Оңтүстік Корея, Франция секілді елдердің тәжірибелерін басшылыққа алып отырғанына назар аудартады.

"Кезінде КСРО күйреп, республикалар тәуелсіздік алғанда кеңестік одақтардың орнына құрылған ұйымдар олардың мол дүние-мүлкіне ие болды. Өңірлер мен қалалардағы қаншама ғимарат, көлік құралдар, басқа да активтер солардың иелігіне көшті. Рас, олар оны ұқсатып жұмсай алмай, басшылары жілікті мүліктерін талан-таражға салғаны, заңсыз жолмен жекешелендіріп жібергені кездесті. Бірақ одақтарды кедей санауға болмайды. Сондықтан жазушылар, кинематографистер, театралдар өз одағы басшысын сайлаған сайын қырылысып, жік-жікке бөлініп жатады", – дейді мәдениеттанушы Әйгерім Тұрыспекова.

Ол министрліктің шығармашылықты мемлекеттік деңгейде қуатты қолдайтын жетекші елдердің тәжірибесін назарға алуы орынды екеніне шүбаланады.

"Ресей өз мәдениеті арқылы "русский мир" концепциясын таратуда. Оңтүстік Корея K-Pop, корей мәдениеті үлгілерін кең насихаттауда. Францияның киносы әлемде Үндістаннан кейінгі америкалық киноға мықты бәсекелес саналады. Ал ақша бөліс пен ішкі алауыздықтан бас көтермейтін біздің одақтар әлемдік дәрежеде жаһанды жалт қаратардай тегеурін мен пәрмен көрсете алады дегенге сену қиын. Ендеше бюджеттік миллиондар тағы да одақтар басшыларын байытуға кетпесіне кім кепіл? Оны кім қадағалайтыны жаңа тұжырымдамада жазылмаған", – дейді сарапшы.

Сонымен, мәдениет министрлігі тек одақтарға ғана грант ретінде тарату үшін қанша ақша сұрап отыр? Заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен жылына жарты миллиард – 500 миллион теңге көлеміне дейін қосымша қаржы талап ететіні анықталды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу