Мәдениет және спорт министрлігін плагиатқа айыптап жатыр

6744

Кинокомиссиялар құрылмай жатып дауға қалған ба?

Мәдениет және спорт министрлігін плагиатқа айыптап жатыр

Министрлер кабинеті мақұлдаған және ел Үкіметінің қаулысымен бекітілген "Қазақстан Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспарына" сәйкес, Ақтоты Райымқұлова басқаратын министрлік биылғы жылы Үкіметке және ел Парламентіне киноға қатысты жаңа заң енгізуге тиісті.

Құжат атауы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады. Ведомство оны тамызға дейін енгізуге міндетті.

Заң жобасы 6 бағытта түзетулер енгізуді көздейді.

  • Біріншіден, егер ол қабылданса, Қазақстанда осы салада жаңа орган – кинокомиссия құрылады, ал заңда оның жұмыс істеуі механизмдері реттеледі.
  • Екіншіден, кинематография саласының материалдық-техникалық базасын сақтау мен дамыту ісі жүйелендірілмек.
  • Үшіншіден, кинематография саласында қолданысқа енген жаңа ұғымдар заңнамалық, құқықтық айналымға жіберіледі.
  • Төртіншіден, ұлттық фильмдердің халықаралық кинофестивальдарға қатысуы, кино күндерін және ұлттық фильмді шетелде жылжытуға бағытталған өзге де іс-шараларды өткізу мәселелері қарастырылады.
  • Бесіншіден, кинематография саласындағы халықаралық байланыстарды дамыту ісі регламенттеледі, халықаралық кинематография ұйымдарында, комиссияларда өкілдік ету, Қазақстанның киноиндустриясының халықаралық кинонарықтарда, кинобизнес-алаңдарда және басқа да іс-шараларға қатысуы және ұсынуы көзделеді.
  • Алтыншыдан, фильмдерді, режиссерлар туындыларын субсидиялау тәртібі айқындалады.

Осы алты бағыттың әрқайсысы Парламентте қызу талқы тудыруы мүмкін. Өйткені олардың бәрі бюджеттен шығын шығаруға өріс ашады.

Әзірге бірінші тармағына қатысты "шикілік" шыққанға ұқсайды. Нақтылай кетсек, өзінің айтуынша, 19 жыл тәжірибесі бар продюсер, режиссер Станислав Туманов Мәдениет және спорт министрлігін "жобама жиендік жасады" деп айыптап отыр.

Мәселенің мәнісі мынада: С.Туманов "Kazakhstan Office of Film Commissions" ("KOFC") құру жобасын ұсынады. Шенеуніктер оны қараған, алайда елемеген сыңай танытқан. Әйтсе де, ізінше кинематография туралы жаңа заң жобасының тұжырымдамасында содан айнымайтын ұйымды – кинокомиссияны құруды ұсынады.

Мұны көріп режиссер ашуға булығыпты, себебі идея, ұсыныс авторы ретінде режиссердің аты-жөні көрсетілмепті. Сондықтан авторлық құқығының бұзылғанын айтады. Өтемақы төленбегеніне меңзейді.

Ал министрлік болса, оны мойындамайды. Режиссерға жауабында меморган кинокомиссиялар қызметі әлемдегі жалпы практика екенін, яғни ол жаңа ештеңе ойлап таппағанын білдірді. Тиісті ақпаратты "интернеттен де еркін табуға болады".

"Ол ұсынған "KOFC" жобасынан материалдардың заңсыз алынғанына қатысты министрлік бұрынғы ұстанымында қалады. Бұған қоса, осы мәселе бойынша конструктивті шешім қабылдау мақсатында 2020 жылғы 23 қазанда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшылығы онымен кездесу ұйымдастырды. Соның барысында оған түсініктемелер берілді және авторлық құқықтардың бұзылуы мәселесі бойынша сотқа  жүгінуге кеңес берілді", – деп табандайды мәдениет министрлігі осы сәуірдің ортасында жолдаған кезекті жауабында.

Режиссер не дейді?

"Бұл жерде жалған түсінік беріп, жаңылыстыру, қызметтік міндеттеріне салғырт қарау және плагиат орын алып отыр! Менің "Kazakhstan Office of Film Commissions, КOFC, яғни "Кинокомиссияның қазақстандық кеңсесі" концепт-жобасын министрлік қарады. 2019 жылы министрлік пен Ұлттық киноны қолдау меморталығының басшылығына осы КOFC концепт-жобасы таныстырылды. AFCI халықаралық кинокомиссия қауымдастығы Қазақстанда ұқсас кинокомиссия құру бойынша менің бастамамды нақты растап, ресми хат жолдаған. Министрлік болса, мұны "әлемдік жалпы тәжірибе" дейді. Әлемдік тәжірибе "жіберілген жобаларды қарап, оларды жүзеге асыру бойынша конструктивті шешім қабылда" дейді, оны неге істемейді? Оның орнына біреудің жобасын "ұрлап" алып, өз амбицияларын қанағаттандыруға тырысады", – деп күйіп-піседі Станислав Туманов.

Ол министрліктің "мұндай ақпарат интернетте де бар" деген байламымен келіспейді.

"Интернеттегі қолжетімді ақпарат – толыққанды концепт-жоба емес. Ал "КOFC" жобасында мен нарығымыздың шектеулілігін ескере отырып, кинокомиссияның мақсаттары мен міндеттерін, қордаланған мәселелерді шешу жолдарын, маркетингін, аналитикасын, бюджетін және басқасын егжей-тегжейлі жаздым. Осы жобаға авторлығымды дәлелдейтін куәлігім бар. Министрлік пен меморталық басшылығы ойдан шығарылған дәйектерін алға тартып, сырғытпа жауап жазумен келеді. Мысалы, Ұлттық киноны қолдау меморталығының басшылығы 23 қазанда менімен кездесу ұйымдастырғанын хабарлады. Шынында, маған ол отырыстың хаттамасы ғана тапсырылды, оның өзінде оны 8 желтоқсанда өзім сұратып алдым", – деп ашынады режиссер.

Оның мәліметінше, хаттамада осы орталық басшысының орынбасары КOFC жобасының авторына ақшалай өтемақы төлеу мәселесін енгізгені айтылыпты.

"Осылайша, орталық басшылығы менің жобама плагиат жасағанын мойындап отыр. Концепт-жобамды қарауға қабылдағанда министрлік пен орталық басшылығы заңнаманы басшылыққа алулары тиіс еді. Яғни, "жиендік" жасамай, қателігін мойындап, сындарлы шешім қабылдауы қажет еді. Сондықтан Бас прокуратурадан, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен осы мәселеге назар аударуды сұрадым", – дейді С.Туманов.

Бұл шағымға орай Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ресми блогы арқылы да жауап қайырды.

"Авторлық құқықтың бұзылуы туралы мәселелерді шешу Мәдениет және спорт министрлігінің құзырына жатпайды. Бұл шағым қаралды және авторға әлденеше рет түбегейлі жауап қайтарылды. Сотқа шағымдануға кеңес берілді. Министрлік ұстанымымен келіспесе, ол тікелей сотқа жүгінуге құқылы", – деді ведомство басшысы.

Жалпы, қай елде болса да, кино айналасында миллиардтар айналады. Оған әркімнің таласы бар.

Қалай болғанда, өңірлік кинокомиссияларды құру – жаңа заң жобасының ұстыны болып табылады. Қолданыстағы "Кинематография туралы" заңында кинокомиссиялардың қызметі қарастырылмаған.

Заң жобасы тұжырымдамасына сәйкес, кинокомиссия – жергілікті әкімдіктер жанындағы коммерциялық емес ұйымдар болады. Олардың мақсаты – сол облыс-қалада кәсіби киноөндіріс үшін жағдайларды қамтамасыз ету және басқа өңірлер мен елдерден киноөндірушілер атынан инвесторлар тарту болмақ.

Қазақстандағы кинокомиссиялардың қызметін ұйымдастыру – отандық киноиндустрияны дамытудың негізгі міндеттерінің бірі болады. Бүкіл әлемде кинокомиссия мемлекеттің тікелей қолдауымен құрылып, жұмыс істейді. Осы жүйені енгізу қазақстандық кино саласының ішкі өсуін де, оның халықаралық нарыққа шығуын де жеделдетеді.

Әлемде 100-ден астам мемлекетте 1000-нан астам кинокомиссия бар.

"Түсірілім топтарына арналған киноөндіріс процесі барынша ыңғайлы болуға тиіс. Сондықтан кинокомиссия өңірлік билік пен кинокомпаниялар арасында модератор болады. Ал олардың өнімді өзара іс-қимылы "бір терезе" қызметі қағидасы бойынша қамтамасыз етіледі. Бұл кезде кинокомиссия киноөндірушіден түсірілім жасауға өтінім қабылдап, одан әрі барлық қажетті келісулерді жүзеге асырады", – деді министрлік.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу