Мемлекеттің биыл халыққа тарататын 133 миллиардын кімдердің ала алатыны анықталды

3049

Қазақстанда АӘК тағайындау тәсілі қайтадан өзгергелі жатыр. 

Мемлекеттің биыл халыққа тарататын 133 миллиардын кімдердің ала алатыны анықталды Фото: dauletten.kz

Атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) Үкімет жаңаша төлеуге ұйғарды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзінің бұрынғы басшысы Тамара Дүйсенованың мұрасын өзгертетін жаңа құжат әзірледі. Жаңа тетік көмек алуды қиындатады.

Еңбекминінің жаңа бұйрығының жобасы "Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 21 маусымдағы "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы" №227 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" деп аталады.  

"Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпанда және 2025 жылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында берген, нақты мұқтаж азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып, халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында осы құжат әзірленді", – делінген бұйрық жобасына түсініктемеде.

Сонда не өзгереді?

Бұдан былай мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алғысы келетін отбасылардың әрбір мүшесі мұқият тексеруден өтетін болады. Соның ішінде олардың, соның ішінде жасы 18-ге толған балаларының (одан жас балалардыкі ата-анасы арқылы тексеріледі) есепшоттары, мобильді банкинг қосымшасындағы әрбір тиын-тебеннің қозғалысы, ақша аударымдары, банктен, микроқаржы ұйымдарынан, тіпті туған-туыс, көрші-қолаңнан алған қарызы егжей-тегжей талдаудан өтуі мүмкін.

"Бұйрық жобасына сәйкес, мемлекеттің атаулы әлеуметтік көмек көрсетуінен үміткер келіскен кезде шығыс операциялары, банктік шоттардағы, банктік қарыздардағы, микрокредиттегі, жинақ салымындағы, депозиттегі ақша қозғалысы туралы мәліметтер алу көзделеді", – деп түсіндірді Еңбек министрлігі.

Бұл не үшін жасалады? Шенеуніктер АӘК алатын кейбір отбасы шын табысын көлеңкеге көшіріп, оны қарыз, өзгеден ақша аударымы түрінде жасыруы мүмкін деп сезіктенеді.

Бұл ақпараттар егер үміткер келісім берсе ғана тексеріледі. Келісім бермесе, оған көмек тағайындалудан бас тартылуы мүмкін.  

Осы арқылы мемлекет жұртқа ауыр тұрмысы туралы айтып жылап-сықтайтын, артынша мейрамхана кезіп, курорттарға саяхаттап, қымбат заттар алып, шалқи өмір сүретін "көзбояу кедейлерге" емес, шын мәнінде жағдайы ауыр қазақстандықтарға ғана көмектесуді қалайды.

Айтпақшы, егер үміткер келісімін берсе және содан кейін басталған тексеру қорытындысында оның шығысы кірісінен көп асып кетсе және ол шығындар күнкөріс үшін бірінші кезекте қажет емес деп танылса, онда да мемлекет АӘК тағайындаудан бас тарта алады.

Ондай адамдарға шығысын оңтайландырып, көрпесіне қарай көсілуге кеңес беріледі. Немесе, "AMANAT" партиясының халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған "Қарызсыз қоғам" жобасының курсынан өтуге жіберілуі ықтимал.

"Мұндағы мақсат – мұқтаж делінген азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындай отырып, оған әлеуметтік көмек көрсетудің қажет әлде қажет еместігін анықтау. Бұйрық жобасын қабылдау және АӘК тағайындау тетігіндегі алдағы өзгерістер мұқтаж азаматтарды анықтауға, оларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді нысаналы етуге және ашықтығын күшейтуге, сол арқылы мемлекет тарапынан нақты зәру адамдарды ғана қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді" – деп түсіндірді Еңбекмині.

Ведомство бұл өзгерістер 2025 жылғы желтоқсан айында күшіне енетінін хабарлады.  

Сарапшылар мемлекеттің осы арқылы елде АӘК алатындардың санын қысқартуға мықтап бет бұрғанына назар аудартып жүр. 2024 жылдың өзінде 78,1 мың отбасыдағы 413,7 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліпті.

Биыл АӘК түрінде халыққа 132,9 миллиард теңге тарату жоспарланған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жыл басынан бері 214 мыңнан астам адамға осы ақшалай көмек аударылды. Бір отбасыға орта есеппен жалпы сомасы 200 мың теңгедей төленген.

"2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 40 мың отбасындағы 214,3 мың адамға 8,1 миллиард теңге сомасына атаулы әлеуметтік көмек берілді. Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 132,9 млрд теңге қарастырылған. АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару", – деп мәлім етті Еңбекмині.

АӘК-ке қол жеткізген отбасылар алатын игіліктер келесідей:

  • табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын ақшалай әлеуметтік көмек тағайындалады,
  • ол отбасыдағы 1–6 жас аралығындағы әрбір балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беріледі. 2025 жылғы 1 сәуірде АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 65 мың балаға 1,1 миллиард теңге сомасында қосымша төлем аударылды.
  • Отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмысқа орналастырылады.
  • Егер өз бизнесін ашуға ниеттенсе, қайтарымсыз гранттар берілуі мүмкін.
  • Жаңа мамандық игеремін деген отбасы мүшелері болса, тегін біліктілікті арттыру курстарына жібереді және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығында (бұрынғы Жұмыспен қамту орталығы), ауыл округінің әкіміне, сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35% деңгейінде, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен емес деңгейде айқындалған.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлік бөліністе АӘК алушылардың ең көп саны Түркістан облысында – 15,8 мың отбасы (20,3%), Шымкент қаласында – 8,8 мың отбасы (11,3%), Алматы облысында – 6,1 мың адам отбасы (7,8%), Қызылорда облысында – 6,4 мың отбасы (8,1%) тіркелді.

АӘК алушылар Ұлытау облысында – 363 отбасы (0,5%), Атырау облысында – 840 отбасы (0,9%), Солтүстік Қазақстан облысында – 1,2 мың отбасы (1,5%).

Министрліктің дерегінше, 2024 жылы АӘК алған 50,9 мың отбасы кедейлік жағдайынан шықты. Яғни, оларға ары қарай аталған көмек берілмейді.

Мысалы, Еңбекмині баяндағандай, Өскемен қаласының тұрғыны Нұргүл Дуанова мемлекеттік қолдау шаралары аясында оқудан өтіп, мамандық алып, табысты жұмысқа орналасты. Нәтижесінде, Нұргүлдің сүйікті ісі табыс әкелетін жұмысқа айналыпты.

"Біздің үлкен отбасымыз 2020-2024 жылдар аралығында атаулы әлеуметтік көмек алып келді. Содан кейін мен "кондитер" мамандығы бойынша кәсіптік оқыту курстарынан өттім. Оқуды аяқтаған соң 2024 жылдың тамыз айында "Happy Cake" кондитерлік цехына жұмысқа тұрдым, онда осы күнге дейін жұмыс істеймін", – деді Нұргүл.

Министрлік 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК-ке үміткер отбасылардың материалдық жағдайын учаскелік комиссиялар тексеретінін және олардың қызметі цифрландырылғанын жеткізді.

Комиссия мүшелері үміткердің үйіне ескертусіз сау ете қалып, оның баспанасының іші-сыртын, оған тиесілі мүлік түрлерін фотоға түсіріп, биыл іске қосылған арнайы мобильді қосымшаға енгізеді.

"Бұл шара әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім шығару кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ өтініш берушінің тұрғылықты жерін анықтауға және оның материалдық жағдайын суретке түсіруге бағытталған", – деп сендірді министрліктегілер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу