Түркия таяуда иеленген "ықпал аймағынан" айрылып қала жаздады

2776

Сирияда жаңа билік мемлекеттік төңкерістің алдын алды. 

Түркия таяуда иеленген "ықпал аймағынан" айрылып қала жаздады Фото: lenta.ru

Сирияның қауіпсіздік қызметі, елдің Қорғаныс министрлігімен тізе қоса отырып, мемлекеттік төңкеріс талабының жолын кесті.

Бұл туралы Сирияның жаңа Ішкі істер министрі Анас Хаттаб мәлімдеді. Оның дерегінше, сириялық армияның Башар Асадқа қызмет еткен бұрынғы офицерлері мен қолбасшыларының тобы жаңа билікті тақтан тайдыру үшін ұйымдасып, құпия сөз байласқан.

Сирия ІІМ-інің дерегінше, құпия ымыраласушылар "қуылған режимнің" жақтаушыларына сүйеніп, іс басындағы билікті қарулы жолмен орнынан кетіруді, қарсыласқандарын жазалауды жоспарлаған көрінеді.  

Олардың қарау жоспарлары күш құрылымдарының жедел жұмысы, сауатты және үйлесімді іс-қимылы, сондай-ақ халықтың қолдауы арқасында әшкереленгені мәлімделді.

"Біз бұрынғы режимнің сардарлары дайындаған төңкеріс жоспарларын жоқ қылдық. Бұған Қарулы күштеріміздің және халқымыздың бірлескен күш-жігері арқасында қол жеткізілді", – делінген Ішкі істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде.

2024 жылғы 8 желтоқсанда, революция нәтижесінде Сирияда Башар Асадтың режимі күйрегелі оның орнына түркияшыл күштер ел тізгінін өз қолына алды. Алайда жаңа билікті күшейту жұмыстары біраз қиыншылыққа тап болуда.

Елдің кейбір өңірінде қарсыластармен, негізінен, террористік топтармен қарулы қақтығыстар жалғасуда. Сондай-ақ, ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, біраз қару-жарағын, әскери техникасын, мүлік-мүкәммалын әкеткенімен, Сирия территориясындағы Ресейдің әскери базасы әлі күнге қалуда.

Сирияға дислокацияланған, жаңа билікке көмекке жіберілген әскери авиацияға, жойқын қару мен қаһарлы техникаға Сирияның күшейгенін қаламайтын көрші Израиль дүркін-дүркін соққы беріп жатыр.

Ал, Сирияны мекен еткен және шоғырлана тұратын күрдтерге қорған болып келген Америка таяу айларда бұл елден әскерлерін әкететін болды. Бұған Дональд Трамптың Пентагонның (Қорғаныс министрілігінің) бюджетін қысқартуы, ондаған мың әскериді отставкаға жіберуі де ықпал еткен.

Америка Құрама Штаттары алдағы 2-3 ай ішінде Сириядағы америкалық контингентті шығаруға кірісуді жоспарлап отырғаны туралы Израильді құлағдар етті. Бұл туралы төл дереккөздеріне сілтеме жасап, израильдік Ynet хабарлады.

Басылымның жазуынша, Израиль бұл сценарийдің іске қосылуына тосқауыл қоюға барын салды. Алайда америкалық әріптестерін ұстанымын өзгертуге сол бойы көндіре алмады.

Израиль тарапы АҚШ-тың әскери контингентінің шығарылуы Түркияның осы араб республикасының бүкіл дерлік территориясына билігін таратып, басыбайлы үстемдік етуіне әкеледі деп қауіптенеді.

Бұдан бұрын америкалық NBC арнасы тіпті Еуропадағы контингентті қысқартып жатқан Дональд Трамптың "үшінші елдерде" әскер ұстағысы келмейтінін мәлім етті.

Осыған байланысты "қырғилардан", азулы генералдардан тегіс арылып, басшылығы толық дерлік жаңарған Пентагон биылғы ақпаннан бастап, Америка әскерін Сирия территориясынан шығарудың жоспарын әзірлеуге білек сыбана кіріскен екен.

Контингентті әкету сценарийлері 30, 60 және 90 күннен кейін шығаруды қарастырады. Америкалық басылымдардың осыған қатысты мәліметтерін растаған АҚШ Президент көп ұзатпай, бұл тұрғыда нақты шешім қабылдауға уәде етті.

Қазіргі кезде Сирияда АҚШ-тың бір емес, бірден 10-нан аса әскери базасы орналасқан. Оларда шамамен 2 мың әскери орналастырылған.

Американың Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, оларға "Даеш-ИГИЛ" лаңкестерімен күрес жүктелген.

Би-Би-Си сәуір айының басында Израиль Хамадағы авиабазаға үстемелеткен авиасоққы бергенін жазды. Бұл авиабазаны Түркия жайлап жатыр деген ақпарат болыпты.

Сондай-ақ, Израиль Дамаскідегі авиабаза мен әскери объектілерді бірнеше рет бомбалап тастады. Бұл аз болғандай, израильдік әскерилер сәуір айында Сирияның оңтүстігіне басып кірді.

Сирияның жаңа билігі израильдік шапқыншылықты қатаң айыптады және оны "негізсіз эскалация" деп бағалады. Израиль Сирияның, Палестинаның және Ливанның өзі басып алған территорияларынан әскерін әкетпейтінін мәлімдеді.

Израиль Сириядағы әскери операциясы өзінің ұлттық қауіпсіздігі үшін жүзеге асырылып жатқанын нықтады. Оны тіпті Анкараның "Түркия әскерінің Сирияда орнығуы Израильге қауіп төндірмейді" деп сендіруі де тоқтатпады.

Халықаралық ақпарат агенттіктері Түркияның сириялық авиабазаларда өзінің жойғыш ұшақтары мен әуе қорғанысы (ПВО) жүйелерін орналастыруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Сондықтан сарапшылар Сирияға израильдік шарқыншылық бірінші кезекте осы елде рөлі күрт күшейген Түркияға қарсы бағытталуы мүмкін деп топшылады.

Өйткені Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған "50 мыңнан астам палестиналықты қырып салғаны және Газа секторы мен Голан жоталарын оккупациялағаны үшін" Израильді аяусыз сынап жүр.

Израиль билігі Сирияда, Ливанда және Таяу Шығыс өңірінің басқа елдерінде Түркияның ықпалының күшейгенін "негатив" деп қабылдайтынын ашық білдірді.

"Анкараның нені көксегені айқын! Ол Сирияны және басқасын түрік протекторатына айналдыруға ниетті", – деді Парижге сапарында журналистерге сұхбат берген Израильдің Сыртқы істер министрі Гидеон Саар.

Демек, егер Трамп бірінші каденциясы кезінде Ауғанстандағы АҚШ контингентін толығымен шығару туралы бұйрық бергені сияқты енді шынымен Сириядағы америкалық контингентті де түпкілікті алып кетсе, бұл Түркияның және Ердоған мырзаның жаһандық геосаясаттағы кезекті жеңісі болмақ. Өйткені ондаған жылдар бойы Ресей мен Асад билігі қанша күш салса да, америкалықтарды кетіре алмады.   

Jerusalem Post басылымы Түркияның Сириядағы ықпалы әрі қарай қарқынды артып бара жатқанын мойындады. Мысалы, Сирия аумағында орналасып, жаңа биліктің Қарулы күштерін ұйымдастыруға, дайындауға тартылған түрік әскери нұсқаушыларының, қолбасшылары мен сарбаздарының жалпы саны 10 мыңнан асыпты.

Енді Түркия елдің бірнеше өңіріндегі авиабазаларда орнығып, Сирияның әуе қорғанысы жүйелерінің және әскери дрондарының негізгі жеткізушісіне айналғысы келетінін шетелдік басылымдар жарыса жазуда.

Мысалы, Пальмирадағы "Т4" базасында түріктің Hisar әуе қорғанысы жүйесі ("ПВО"-сы) орналасады. Сондай-ақ бұл база реконструкцияланып, кеңейтіледі деп күтілуде.

Middle East Eye мәліметінше, бұл база Түркияға өңірдің әуе кеңістігінде үстемдігін орнатуына көмектеседі және тыйым салынған террористік "Даеш-ИГИЛ" қарулы топтарымен күресте Сирияның жаңа билігіне аспаннан қолдау көрсетуіне мүмкіндік береді.

The War Zone басылымы Түркияның Сирияға қару-жарақ жеткізіп жатқанын, сондай-ақ әскери және саяси қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді.

Анкараның пәрменді қолдауы арқасында Сирияның жаңа билігін әлем елдері мойындай бастады. Түркиялық "Анадолу" агенттігінің (Anadolu Ajansı) жазуынша, кеше, 17 сәуірде Ирактың Премьер-министрі Мұхаммед Шиа әл-Судани Қатарда күтпеген жерден Сирияның жаңа Президенті Ахмед аш-Шарамен кездесті.

Келіссөздер соңында Ирак басшысы аш-Шараны биылғы 17 мамырда Бағдатта өтетін Араб мемлекеттері лигасының саммитіне ресми шақырғанын және барлық қонақтар оның қатысқанына қуанатынын жариялады. Яғни, бұл Сирияның жаңа басшылығын Ислам дінін ұстанатын елдер мойындады дегенді білдірсе керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу