Елорда тұрғыны Аружан Ералы куә болған бір "түсініксіз" жайт туралы әңгімеледі.
Танымал сауда орталығының бірінші қабатындағы банкоматтар қойылған секторда бір банктің АТМ-і алдында біраз кезек жиналып қалыпты.
Өйткені ақша шешіп алып жатқан жігіт бір мезгілде телефонмен ұзақ сөйлесіп тұрып алған.
"Ел үнсіз күтті. Содан соң ол ақшасын алып, картасын алмай, теріс айналып тез кетіп қалды. Кезегі келген келесі кісі оның картасын қалдырғанын айтқанда жиналған жұрт бірауыздан оның соңынан жамырап айғай салды. Жігіт болса, телефонмен тілдескен күйі естімеген сыңай танытып, кетіп қалды. Аң-таңбыз. Шамалы күткен соң картаны банкомат жұтып қойды, уақытша істен шықты. Ұқсас оқиға таяуда тағы қайталанды. Бұл алаяқтықтың жаңа түрі сияқты", – дейді Аружан.
Оның тұспалдауынша, банкоматқа қасақана тастап кететін карталары ұрланған болса керек. Оны қолға алған кездейсоқ адамның саусақ таңбалары – картада, әрекеті – банкоматтың видеокамерасында қалады.
"Юридические тонкости" телеграм-арнасының мәліметінше, жаңа схема бойынша алаяқтар шынымен де банктік карталарын банкоматтарда жорта қалдырады.
Дегенмен, оның мәнісі басқа болып шықты. Егжей-тегжейін заң ғылымдарының кандидаты Ирина Сивакова түсіндірді.
Оның айтуынша, соңғы уақытта алаяқтар жаңа схема ойлап тауып, қолдана бастады. Олар өз банк карточкаларын банкоматтарда әдейілеп қалдырады.
Бұл ретте алаяқтар пайдакүнем, ары таза емес адамдарды іздейді және оларды қылмысқа арандатады.
"Алдында тұрған бөтен адам банктің өзіндік қызмет көрсету құрылғысынан картасын алмай, операцияны аяқтамай, кетіп қалғанын көрген жырынды-жемқор жан дереу мүмкіндікті пайдаланып, одан ақша сыпырып алуға, ең құрыса, ол картада ақшаның бар-жоқтығын қарап көруге тырысуы мүмкін. Немесе ол картамен артынша қандай да бір тауар сатып алу, әлдебір қызметтің ақысын төлеу үшін бөгденің картасын банкоматтан шығарып алып, қалтасына тыға салуы ықтимал. Осыдан кейін аферистер ол адамның ізіне түседі", – деді сарапшы Сивакова.
Олар қарау ниетті дүниеқоңыз адамды біраз індетіп, соңынан еріп, соңынан қоршап алып, қорқыта бастайды.
"Қаскүнемдер мұндай ұрлықшылардан шешіп алған немесе тауар-қызмет сатып алуға шығындаған ақшасын қайтаруды сұраумен шектелмейді, сондай-ақ ірі көлемде өтемақы төлеуді талап етеді. Тек сонда ғана полицияға жүгініп, шағым жазбайтындарын мәлімдейді. Қаскөйлер өз тұзағына түскен құрбанын оның іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғауға жететінін айтып үрейлендіреді. Мысалы, "Алаяқтық" бабы соның ішінде бөтен адамның банк карталарын заңсыз, рұқсатсыз пайдаланған жағдайларға да таралады", – деді заңгер.
Сондай-ақ, бұл жымқыру (Қылмыстық кодекстің 187-ші бабы) – "бөтен мүлiктi осы мүлiктiң меншiк иесiне немесе өзге иеленушiсiне залал келтiре отырып, кінәлі адамның немесе басқа адамдардың пайдасына пайдакүнемдiк мақсатта жасалған құқыққа қарсы өтеусіз алып қою" ретінде де саралануы ғажап емес.
Ар жағында (188-бап) 3 жылға дейін түрмеге қамауды қарастыратын "Ұрлық" бабының құлағы қылтияды. "Алаяқтық" (190-бап) бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға соттайды.
Мұндай жазадан денесі түршігіп, жаны шырқыраған байғұс адам қылмыскерлердің сұрағанын беріп құтылуға асығары даусыз.
"Алаяқтықтың бұл схемасы адамдардың заңға қатысты проблемаға жолығудан, абақтыға жабылудан қорқуына құрылған. Сондықтан "жөліктер" еш қымсынбай, өз құрбанынан өте ауқымды ақша сомасын талап етеді. Оның үстіне құрбанын еңгезердей бірнеше ер адам қоршап алып, жан-жақтан қыспаққа салуы мүмкін", – деді заң маманы.
Мұндай қиын жағдайға қалмау үшін сарапшы азаматтарға бөтен адамның банк картасын ешқашан пайдаланбауға кеңес береді.
Өйткені банкомат жаққа бара жатқан адамға әріптестерінің өз карталарын беріп, пин-кодын айтып, оған да ақша ала салуды сеніп тапсыратын ескі әдет әлі күнге сақталған.
Тіпті ол әріптесі кейін "көмекшісіне" алаяқтық туралы айып тақпағанның өзінде, қазіргі кезде өзгенің картасынан ақша сыпырып алу заңға қайшы әрекет саналуы мүмкін.
Ал, егер әлдебіреу банкоматта картасын қалдырып кетсе, оған қол тигізбеу керек. Маман мұндай жағдайда, егер жақын жерде банк қызметкері болса, соны шақырып, ұмытылған карта туралы хабардар ету қажеттігін айтады.
Егер банк өкілдері болмаса, бәрібір тиіспеңіз. Шамалы уақыт өткен соң оны құрылғының өзі кері "жұтып" қояды. Оның заңды иесі соңыра банкке жүгініп, өтініш жазып, ол картасын өзі-ақ кері қайтара алады.
Кей жағдайда адам картасын банкоматтың "контактісіз оқуға" арналған Wi-Fi-модулінде тастап кетуі ықтимал. Мұнда да тығырықтан шығар жол бар, онда картаңызды дәстүрлі картридер тесігіне тығуыңызға тура келеді.
Жалпы, бұл жаңа схеманы ойлап тапқан алаяқтар 90-шы жылдары кең танымал болған басқа бір алаяқтық схемасынан шабыттанса керек. "Гопниктер" деп аталған элементтер қолданған ол айла-шарғы "развод с потерянным кошельком" деп аталатын.
Құқық қорғау ұйымдарының дерегінше, ол таршылық заманда бұл тұзаққа куәгерлердің 70%-ға дейінгісі түсіп қалатын еді.
Схема қарапайым: шамамен 3-4 жігіттен құралған топ жаяу жүргіншілер жолына, не көше қалтарысына банкноттары сыртына шығып жатқан әмиянды (кейде тіпті шағын бума ақшаны) тастайды. Оған жақын жерде бір адам торуылда отырады. Басқалары қашықта, бірақ тез жетіп келуге болатын жерде жүреді.
Жүргіншілердің бірі әмиянның ішінде ақшасы барын байқап, көтеріп, қалтасына салысымен торуылдағы адам жедел жетіп келіп, әмиянды оның бірінші болып байқағанын айтады және ішіндегісін әділ бөлісіп алуды ұсынады.
Келіспесе, қоқан-лоққы көрсетіп, жағаласа кетуге дайын. Оған келіскен құрбан жартысын беріп, қалған жартысын әмиянмен бірге өзіне қалдырады. Осыдан кейін оны қалған екі сыбайлас қарсы алып, өздерін әмиянның заңды қожайыны ретінде таныстырады.
Ішіндегі ақшаның сомасын да дәл айтады. Өзге заттар, мысалы, фотосурет барын мәлімдейді. Содан мүлкін қайтаруды талап етеді. Бәрі айна-қатесіз солай болып шыққан соң жүргінші амалсыз әмиянды "иесіне" кері қайтарады.
"Қожайыны" дереу оған ақшасының бір бөлігін ұрлағаны жөнінде айып тағады. Милиция шақыратынын айтып, доқ көрсетеді. Тоқсаныншы жылдары Қазақстанда "ұрлық" үшін жаза әлдеқайда ауыр еді. Сондықтан темірторға қамалудан үрейленген кездейсоқ жүргінші қалған ақшасы өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болатын.
Ақпараттандыру мен цифрландыру заманында жаяу жүргіншілер жолын – банкомат, әмиянды – банктік карта ауыстырып отыр.