Әлеуметтік желілердің құбылуы: кей елдер күресті бастады

1771

Кейінгі жылдары әлеуметтік желілер біртұтас мемлекеттердің назарына ілігіп, тіпті, қарсылық тудырып жатқанын көріп отырмыз. 

Әлеуметтік желілердің құбылуы: кей елдер күресті бастады Фото: rappler.com

Алдымен АҚШ өзінің саяси әрі экономикалық бақаталасы саналатын Қытайдан шыққан TikTok желісіне өшіксе, кейін Бразилияның жоғарғы соты Илон Масктың X әлеуметтік желісіне қарсы шықты. Тіпті, аталған елдің билігі аталған алпауыт компаниялардан айыппұл өндіруге көшті. Әлеуметтік желілердің бұлайша маңызға ие болуына не себеп, әлде желілер саяси сипат алды ма?

Наразылықтың түрткісі

Негізі әлеуметтік желілерді саясаткерлер белсенді қолдана бастағаны түрлі саяси науқандарда анық аңғарылып жатыр. Бұл кезде сонау 2010 жылы болған "Араб көктемі" революциясын ескерусіз қалдыра алмаймыз. Тунисте жемқорлық пен экономикалық тоқырауға жауап ретінде басталған наразылық Ливия, Египет, Йемен, Сирия және Бахрейн сияқты басқа елдерге тарады. Міне, дәл осы кезеңде Facebook, Twitter (қазіргі Х желісі) мен Youtube желілерінің ықпалы тиді. Көтерілісшілер аталған желі арқылы хабар алмасып, әлем назарын өздеріне аударуға септесті. Яғни, желілер наразалыққа үн қосып, қозғалыстардың өрбуіне әсер ете алатыны көрінді.

2020 жылы Беларусьте болған наразылық акцияларында да әлеуметтік желілердің ықпалы сезілді. Әсіресе, бастамашылар VK және Facebook желілері арқылы бәрін ұйымдастырып отырған. Бұл факторлар саяси аренаның әлеуметтік желілерге ерекше көңіл бөлуіне мәжбүрлемей қоймады.

Тіпті, демократиясы дамыған алпауыт елдердің өзі мәселеге бас қатыруда. Қазір АҚШ билігі танымал TikTok қосымшасын "балаларға зиян" деп айыптауда. Ақыры әлеуметтік желі иелері саяси тұрғыдан қысым көруде. Американың оннан астам штаты мен Колумбия округі TikTok-қа қарсы шағым түсіріп, қосымшаның мазмұны балалардың психикалық денсаулығына зиян келтіретінін алға тартқан.

Сот талаптары Калифорния, Кентукки және Нью-Джерси сияқты бірнеше штаттың бас прокурорларының екі партиялық коалициясы 2022 жылдың наурызында бастаған TikTok-қа қатысты ұлттық тергеуден туындайды. Барлық шағымдар штаттардың соттарына берілген. Онда TikTok алгоритмі жастарға аса қауіпті екені айтылған.

Бейнежазбаларды шексіз айналдыра беру, қосымшадағы сатып алулар сияқты дизайнерлік шешімдер пайдаланушылардың тәуелділігін тудырады екен. Бір ғана АҚШ-та 170 млн астам адам осы платформаны күнделікті пайдаланады.

Ал Колумбия округі өз құжаттарында қосымшаның алгоритмін "дофамин тудырады" деп атады. Осылайша, компания жас пайдаланушыларды шамадан тыс пайдалану тұзағына тартып, оларды қосымшада сағаттап ұстап тұра алады.

– TikTok дизайнында дофамин нейромедиаторы пайдаланылады, ол адамдарға мидың бір бөлігі ретінде көңіл көтеруге көмектеседі. Бұл процесс кейіннен үйреншікті дофамин шығаруға айналады, – делінген шағымда.

Ең қызығы, TikTok 13 жасқа толмаған пайдаланушыларды "өте маңызды демографиялық топ" деп санауында. Олардың ата-аналарының келісімінсіз-ақ деректерді жинайды.

Бірақ TikTok өкілі Майкл Хьюз өз мәлімдемесінде "біз бұл мәлімдемелермен мүлдем келіспейміз" деп айтқан. Хьюз кәмелетке толмаған пайдаланушыларды алдын ала жою, әдепкі көру уақытын шектеу және 16 жасқа толмаған пайдаланушылар үшін әдепкі құпиялылық параметрлері сияқты "сенімді сақтық шаралары" барын атады. Ол керісінше бас прокурормен осы мәселелер жөнінде бірлесе жұмыс істеуге тырысқанын, бірақ қарсы тарап тек кінәлауға көшкенін алға тартуда.

Ақыры АҚШ-та TikTok-қа тыйым салу туралы заң қабылданды. Конгресс TikTok-қа жалпыұлттық тыйым салуды енгізу туралы заңды сәуір айында қабылдады. Қытайда орналасқан ByteDance әлеуметтік желінің бас компаниясы қосымшаны жаңа иесіне сатпаса, құжат 2025 жылдың қаңтарында күшіне енетіні айтылуда. АҚШ Әділет министрлігі мен Федералдық сауда комиссиясы тамыз айында TikTok және ByteDance компанияларын балалардың жеке өміріне қол сұқпау туралы заңдарды бұзғаны үшін сотқа берді.

Негізі TikTok 13 жасқа толмаған балаларға негізгі сервисіне жазылуға рұқсат бермейді, ал 18 жасқа толмағандар үшін белгілі бір контентке қолжетімділікті шектейді. Бірақ Колумбия округі мен басқа да бірнеше штаттар балалар бұл шектеулерден оңай өтуі мүмкін деп мәлімдеген.

Бұған қоса Калифорния сотында TikTok косметикалық сүзгілерді пайдаланушылар арасында "өз келбетін жек көруге" әкелуі мүмкін деп жазылған. Колумбия округінің талабы компанияның басқа да бизнес салаларына қарсы бағытталған. Мысалы, TikTok адамдарға TikTok монеталарын сатып алуға мүмкіндік беріп, оны TikTok Live стримерлеріне беруге мүмкіндік беретін "лицензиясыз виртуалды экономика" ретінде жұмыс істейді. Шағымға сәйкес, TikTok осы қаржылық транзакциялардың 50 пайызы көлемінде комиссия алады, бірақ АҚШ Қаржы министрлігінде немесе округтің билік органдарында ақша аударушы ретінде тіркелмеген.

Қазір TikTok басшылығы АҚШ аумағында өздерін сақтап қалу үшін ақталып бағып, пайдаланушыларды қорғауға 2 млрд доллар жұмсауға уәде беруде. Алайда бұл шаралар да АҚШ билігінің көзқарасын өзгерте қоймайтын секілді.

Бразилия Х желісіне неге өшікті

Америкалық X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісі де Бразилияда қысымға тап болды. Бұл елде желінің 22 миллионнан астам пайдаланушысы бар. Желі иесі, миллиардер Илон Маск пен Бразилияның жоғарғы соты арасында дау туды.

Тыйым салудың тікелей себебі Х иеленуші Илон Масктың елдегі әлеуметтік желінің жаңа ресми өкілін тағайындауға және миллиондаған доллар айыппұл төлеуге шамасы жетпегенінен болды. Технологиялық миллиардер мен Бразилияның жоғарғы соты арасындағы дау ұзаққа созылды.

Желі көбіне демократияға қарсы келетін контентерді шектеп, оңшыл саясат ұстанды. Ал Бразилия билігі мұны арандатуға санап, елдегі тәртіпсіздіктерге контенттердің тікелей қатысы барын алға тартты. Тым оңшыл саясаткерлерді, соның ішінде Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонароны қолдайтын Маск бұл тыйымға ашуланған. Ол жоғарғы сот судьясы Александр де Мораэсті диктатор атады.

Бірақ кейін Маск айыппұл ретінде 2,5 млрд доллар төлеп, бразилиялық заңгерді X-дің жергілікті өкілі етіп тағайындауға келісім бергендей көрінді. Осы қадамдарды ескеріп судья Мораэс "X қызметін Бразилияға дереу қайтаруға рұқсат бергенін" жазды. Осылайша алпауыт желі заң үстемдігі алдында иілгендей болды. Абыройына да әсер еткендей, бірнеше миллион бразилиялық Х-ке бәсекелес Bluesky желісіне көшкен. Қазір бразилиялық сарапшылар Х туралы жағымсыз пікір айтуын қояр емес.

Әлеуметтік желілердегі белсенділікпен айналысатын бразилиялық Sleeping Giants ұйымы өз мәлімдемесінде оқиғаны "бразилиялық демократияның, саяси институттардың және мемлекет егемендігінің елеулі жеңісі" деп атаған.

Бұрын жай ғана жедел ақпарат алмасу құралы саналған желілер қазір мемлекеттер үшін үлкен сынаққа айналуда. Яғни, желілер бақылауда болмаса еркіндікті желеу етіп, шектен шығатыны көрінуде. Ең қызығы, саясаткерлер де ондағы аудиторияның қолдауын қалайды.

Айтпақшы, Қазақстанда да арагідік әлеуметтік желілерді шектеу жөнінде айтылып қалады. Алайда іс жүзінде қаралып жатқан жоқ. Бәлкім, алдағы жылдары бұндай мәселемен еліміз бетпе-бет келіп қалар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу