Автонесие алмақ болғандар айлап кезекте тұруға мәжбүр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
20723

Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша жылына 500 отандық көлік сатылады.

Автонесие алмақ болғандар айлап кезекте тұруға мәжбүр

Елімізде 2015 жылдың сәуір айынан жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Былтырға дейін бағдарламаның операторы – Қазақстанның даму банкі екінші деңгейлі банктерге 42 млрд теңге жөнелтті.

Қомақты қаржы 4 пайыздық мөлшерлемемен берілді.

Биыл бағдарлама аясында қосымша 10 млрд теңге бөлінеді. Бұл соманың 8 млрд теңгесі жеңіл көліктерді несиелеуге, 2 млрд теңгесі коммерциялық теxниканы лизингтік қаржыландыруға жұмсалады.

Үкімет басшысының орынбасары Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ел азаматтарының көлік сатып алу мүмкіндігі артады. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен жылына 500 отандық көлік сатылады.

2018 жылы елімізде сатылған әр 20-шы отандық көлік жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша рәсімделген. Осы орайда ерекше назар аударатын мәселе бар. Ол – сұраныс пен ұсыныстың арасындағы алшақтық. Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша темір тұлпар тізгіндегісі келген адамдар бірнеше ай кезекте тұрады. Ал бөлінген қаржы 2 ай сайын таусылып қалады. Сәйкесінше азаматтардың кезегі кейін шегеріліп, мүмкіндігі шектеле береді.

Айта кетейік, жеңілдетілген автонесие бағдарламасына бөлінген қаржы 7 жылға беріледі. Несиеге рәсімделетін көліктің құны 15 млн теңгеден аспауға тиіс.

Қазақстанның даму банкінің мәлімдемесіне сәйкес, екінші деңгейлі банктер әр несиені рәсімдеуге техникалық тұрғыда бір апта уақыт жұмсайды. Кезек револьверлік қаржыландырудан үмітті адамдардың қарасы көп болғандықтан туындайды. Бұдан басқа кедергі немесе тосқауыл жоқ.

"Соңғы 28 айда отандық автоөндірушілердің сату көрсеткіші 33,2%-ға ұлғайды. Бұған жеңілдетілген автонесие бағдарламасы тікелей әсер етті", – деп хабарлады жеңілдетілген автонесие бағдарламасының операторы.

"ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының" мәліметінше, "АЗИЯ АВТО" АҚ жеңілдетілген автонесие бағдарламасын жүзеге асыруда көш бастап тұр.

"Былтыр нарық ойыншыларының арасынан "АЗИЯ АВТО" АҚ топ бастап, республикалық бюджетті 4,1 млрд теңгемен толтырды. Олардың төлеген салығы осы саладан түскен салықтың 55%-ын құрады. 2018 жылы отандық автоөндірушілер барлығын қосқанда қазынаға 7,5 млрд теңге салық төледі", – деп жазды "ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының" баспасөз қызметі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу