Баланы тәрбиелеуде қазіргі ата-аналар сауатсыз – психолог

2322

Қазақстанда соңғы уақытта балалар арасындағы өз-өзіне қол жұмсауға қатысты бірнеше жағдай тіркелді.

Баланы тәрбиелеуде қазіргі ата-аналар сауатсыз – психолог Фото: vitvesti.by

Психологиялық тұрғыдан қиын жағдайда жүрген балаларға қалай көмектесуге болады? Ата-ана, мектеп пен ортаның жауапкершілігі қандай? Бұл тақырып төңірегінде психолог Серікгүл Сәли пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ата-ананың жауапкершілігі өте жоғары. Мектеп, басқа орта көмек көрсеткенімен, ата-ана жауапкершілікті толық алып, баламен қарым-қатынас дұрыс болмайтын болса, ешнәрсе орнына қайтып келмейді. Екінші орындағы жауапкершілік оның ортасында болады. Яғни, аулада араласатын балалары, достары. Бала ортаны қалай қалыптастырады, қандай ортаға түседі? Ортаны екі деңгейде таңдайды. Біріншіден, ата-ана баланы қандай аулаға әкелді, ол жерде қандай менталитет қалыптасқан, қандай аудан, елдімекен дегендей. Бастапқы сатыда бала ортаны таңдамайды, ата-ана қайда әкелді – сол ортаға түседі. Екінші кезекте бала іштегі қалыптасқан жігер, тәрбие, ішкі құндылықтар, моральдық көзқарасына байланысты кіммен дос болады, кімді қолдайды дегенді өзі таңдай алатын деңгейде болады немесе болмауы мүмкін. Оның жоқтығы базалық деңгейді ата-ананың балаға салып бермеуіне байланысты. Одан кейінгі жауапкершілік мектепте, ұстаздарда, сынып жетекшісі мен пән мұғалімдерінде", - деді психолог Серікгүл Сәли.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова балалардың санасын улайтын қауіпті контентке қатаң тосқауыл қоюды ұсынды. Айтуынша, әлеуметтік желілердің дамуы және гаджеттердің кең таралуымен мұндай ойындар елімізде жаппай сипатқа ие болып отыр. Психологтан осы мәселеге байланысты пікірін сұрадық.

"Оған қанша тыйым қойсын, баланың тәрбиесін қолға алып, ата-ана балаға уақыт бөліп, қазіргі балалардың тәрбиесінде басты құндылықтардың кешенді жүйесін қалыптастыру дегенді қолға алмайынша, біржақты тыйып тастағанымен екінші жақтан мүйіз, сүйел болып өсіп шыға береді. Яғни, бала тәрбиесімен қазір ата-аналар мүлдем айналыспайды. Айналысамын деп айтқандардың өздері де үлкен қателіктер жіберіп жатады. Шамадан тыс бақылау, балаға еркіндік пен бостандық бермеу, таңдау жасатпау, эмоциялық сезімдерді сезінуге мүмкіндік бермеу, қорқыту, ұрып-соғу, жәбірлеу, кемсіту, салыстыру дегендей. Балаға көк тиын пайдасы жоқ іс-әрекеттер жасап соны тәрбие деп айтады. Баланы тәрбиелеуде қазіргі ата-аналарды сауатсыз деп айтуға болады", - деп атап өтті Серікгүл Сәли.

Психолог балаға жеткілікті деңгейде уақыт бөлу қажеттігін айтады.

"Мәселен, сіздің бау-бақшаңыз бар дейік. Оны күтіп-баптауға, арамшөп жұлуға, уақытымен түптеуге және суаруға уақыт бөлесіз. Ата-аналар бала өсіруге бау-бақша өсіру сияқты қарамайды. Соңынан өнім жинағысы келеді. Ешқандай өнім жоқ. Баланы өсіру үшін оған уақыт бөлу керек. Таңнан кешке дейін ата-ананың жұмыс істеп, ақша табуы баланы өсіру деп есептелмейді.  Ата-ананың бірі жұмыстан 60-70 пайыз еркіндікте істеуі керек. Қалған уақытында балаға көңіл бөлуі керек. Бізде қазір ең ақсап тұрған мәселе – балалардың тәрбиесі", - деп жалғастырды ол.

Айтуынша, қазіргі заман балаларының психикасы өте сезімтал. Олар өздерін үлкендерден жоғары сезінеді, дейді маман.

"Соның ең бірінші себебін ата-ананың өзі бейсаналы түрде балаға жеткізеді. Осы айырмашылықты ата-ана түсініп алғаны жөн. Бала ата-анадан өзін жоғары сезінеді, ата-ана баланы "сен менен төменсің" деп басады, осылайша екеуінің ортасында үлкен бір құз пайда болады. Қазіргі ұрпақ басқа. Олардың психикасындағы сезімталдық бөлек. Бұрынғы балалардың психикасы өте сезімтал болмаған. Қазіргі балалар ақпаратты жан-жақтан өте жоғары жылдамдықпен, өте жоғары сезімталдықпен қабылдайды. Олар өзіне бағытталған қарым-қатынастың қайсысы дұрыс-бұрысын, әділетсіз дегенді бейсанасында жаппай сезінеді", - деді спикер.

Психолог Серікгүл Сәли ата-ана мен баланың арасында эмоционалды байланыс болуы керек деген пікірде. Сөзінше, кез келген баланың дұрыс емес күйі ата-ананы уайымдатқызады. Баланың тұйықталуы, көңілсіз жүруі, оқу үлгерімінің түсіп кетуі, сабаққа барғысы келмеуі, мінез-құлқында болған ерекшелік, ата-анаға қарсы шығу – кез келген жағымсыз қылық ата-ананы бірден маманға жүгіндіруге апару керек, дейді ол.

"Себебі баланың ішінде болып жатқан процесте ата-ана оны түсінбей тұр, яғни оны дербес шеше алмайды. Неліктен? Ең әуелі баламен ортада құрған эмоционалды байланыстың жоқтығы. Ол болған жағдайда бала бірден барлық мәселесін ата-анасына айтады. Кез келген сауатты психолог ата-анамен кішкене жұмыс істеп, бір-екі қабылдаудан кейін оларға "баланы ертіп келіңіз" дейді. Осылайша бірнеше қабылдауда баласы екеуінің ортасындағы қарым-қатынасты дұрыстап, эмоционалды байланысты орнатуға тырысады", - деді Серікгүл Сәли.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу