Бір елдің экономикасынан асып түсетін айыппұл арқалаған компания белгілі болды

4802

Оған тағы бірнеше миллиард айыппұл төлеуге тура келуі мүмкін.

Бір елдің экономикасынан асып түсетін айыппұл арқалаған компания белгілі болды Фото: canva.com

"Саған Гугл көмектеседі" деген кеңесті ұмытшақ адамдар ең құрығанда жылына бір рет еститін болар. Google – жаһандық жадқа айналды. Ел есінен шығып кеткен қанатты сөзді содан нақтылайды, қажетті ақпаратын, өлеңін, киносын, өзгесін содан іздейді.

Ларри Пейдж бен Сергей Брин құрған Google LLC компаниясы – америкалық Alphabet холдингінің құрамындағы трансұлттық корпорация саналады. Ол интернеттегі іздеуге, бұлтты есептемелерге және жарнамалық технологияларға инвестиция салады. YouTube та соның құрамында.

Гугл – әлемдегі адамдар ең көп кіретін №1-ші сайт. Amazon, Meta, Apple және Microsoft-пен бірге Google "жаһандық техноалыптардың бестігіне" кіреді.

Осындай ұлы жетістіктеріне қарамастан, өзге "ІТ-гиганттарға" қарағанда, Google акцияларының құлауы жөнінен антирекордқа ие. 2025 жылғы 1 қаңтарда ғана оның 1 акциясы 206 доллар тұратын.

Қазіргі кезде 155 долларға дейін құлдырады. Инвесторлардың бір бөлігі "әділ бағасы" 142 доллар деп, ары қарай күтіп отырған жайы бар. Егер сол шамаға дейін құласа, Гугл әлемдік техноалпауыттар арасында сонау 2021 жылғы межесіне дейін құнсызданған бірінші корпорацияға айналуы мүмкін.

Бриннің "перзенті" мұндай жағдайға қалай жетті? Істің материалдарымен танысқан CNBC телеарнасының хабарлауынша, Google-ге Ұлыбританияда салмақты айып тағылды. Оған қарсы сотқа бірнеше миллиард (!) долларды құрайтын талапарыз келіп түсті.

Америкалық телеарнаның мәліметінше, америкалық IT-гигантқа қарсы талаптарының жалпы сомасы 5 миллиард фунт стерлингке (шамамен 6,6 млрд долларға немесе 3,5 триллион теңгеге) жететін ұжымдық талапарыз берілді.

Алпауытқа қарсы істі Ұлыбританияның бәсекелестік мәселелері жөніндегі апелляциялық соты қарайды.

"Сотқа шағымданушылар Google-ді онлайн іздеу нарығына толық дерлік үстемдік етеді деп айыптады. Олардың пікірінше, компания өзінің осы үстем жағдайын теріс пайдаланды. Бәсекелес іздеу жүйелерінің дамуына барынша кедергі жасап келді. Талапарыз иелерінің сендіруінше, мұндай іс-әрекеттер Google-ге монополиялық ықпалын ары қарай нығайтуына мүмкіндік берді", – деп хабарлады CNBC.

Мысалы, осы және басқа іздеу жүйелерінде ақпарат іздеген адамдардың қандай сайтқа кіретінін, қандай мәліметпен танысатынын сол іздеу жүйесі анықтайды, тиісті ресурстарды тізімнің басында ұсынады.

Тіпті іздеуші сұрау сөзін өзгертсе де, сол интернет-ресурстар қайта шығуы мүмкін. Бұл ретте толыққанды, шынайы ақпарат беретін өзге сайттар тізімнің соңында, елеусіз қалады. Қазіргі заманда зерттеушілер немесе зеректер болмаса, елдің көбі бірінші беттен әріге көп өте бермейді.

Жаһандық алыпты сотқа сүйрегендер Google-ді төл платформасын ұланғайыр табыс әкелетін жарнама мен таргет мақсатында пайдаланатын "баламасыз кеңістікке" айналдырды деп айыптады.

"Google әлем бойынша жалпы және жарнамалық іздеу нарықтарындағы көшбасшылығын жарнама берушілер үшін бағаны үнемі, жасанды түрде қымбаттату үшін де пайдаланады. Бәсекелестікті шектеу үшін Google смартфон өндірушілермен келісім бекітті. Салдарынан, ұялы құрылғылар зауыттан шыққанда, Android-та Google Search пен Chrome браузері алдын ала орнатып қойылады. Пайдаланушы оны жоя алмауы мүмкін", – деді талапарызшылардың мүддесін қорғайтын заңгер Ор Брук.

Бұған қоса, талапарызда айтылғандай, америкалық компания Safari браузерінде Google-ді басты іздеу жүйесі ретінде сақтауы үшін Apple-ге де миллиардтаған доллар төлеп отырыпты.

Қалай болғанда, талапарыз дәйектемелері салмақты көрінеді. Дегенмен, халықаралық сарапшылар ұжымдық шағымдарды қарау ұзақ уақыт алатынын, техноалпауыт заңгерлері оны ұзаққа созуға тырысатынын ескертеді.

Сонда соттасуға қатысты шығыстары көбейіп кеткен, әрі шаршаған талапарызшылар шағындау өтемақыға келіседі немесе ары қарай дауласудан өздері бас тартуы мүмкін.

Бұдан бөлек, былтырғы 2024 жылдың соңында Ресей Google-ге әлем тарихында бұрын-соңды болмаған сомада – 20,6 дециллион доллар айыппұл салды.

The Moscow Times хабарлауынша, РФ-тің Google-ге салған айыппұлының көлемі қазіргі әлем экономикасының бүкіл көлемінен асып түседі, сондықтан оны орындау мүмкін емес.

Басылым бұл алапат сома батыстық ІТ-алпауыттарының интернеттегі контентті қалай модерациялайтыны және санкцияларды сақтауға тырысатыны Мәскеудің қанын қарайтқанын паш ететініне назар аудартты.

20,6 дециллион доллар айыппұлдың салынуына Google-дің ресейлік мемлекеттік ақпарат құралдарының бірнеше YouTube каналын бұғаттап тастауы себепкер болды.

Бұл жағдайда Гугл Батыс елдері қабылдаған санкцияларды орындады.

Осыдан кейін, Business Insider жазуынша, ресейлік 17 телеарна Google-дің үстінен ресейлік сотқа шағымданды. Істі қарау барысында ресейлік соттар айыппұл көлемін адам сенбес ауқымға дейін "көпіртті". Сарапшылар АҚШ өзінің бүкіл тарихында 20,6 дециллион доллар басып шығармағанын да қаперге салады.

The Register нақтылауынша, бұл сомада талап қойғанда ресейлік соттар күн сайынғы 100 мың рубль айыппұл салу жазасын басшылыққа алды және "прогрессивті берешек тетігін" қолданды.

Бұл жерде айыпкердің талапты орындамаған әрбір аптасы үшін айыппұлдың сомасы келесі аптада екі есе ұлғайтылып тұрған. Ақыр соңында ол адам сенбес, ақылға сыймас көлемге – 2 ундециллион рубльге немесе шамамен 20,6 дециллион долларға жетті.

Тіпті патша заманынан бастап, Кеңес одағын қоса алғанның өзінде Ресей өз тарихында 2 ундециллион рубль басып шығармаған. Ундециллион – 36 нөлі бар сан.

Украинадағы соғыс басталғалы, Google Ресейдегі қызметін мейлінше шектеді. Тиісінше, оған салынған айыппұлды өтейтін мүлкі де қалмады деуге болады.

Сондықтан ресейлік телеарналардың қорғаушылары Мәскеуге дос пейілдегі елдердің сотына жүгініп, америкалық техногигантты сотқа тартты. Атап айтқанда, ресейліктер Венгрия, Түркия, Вьетнам, Оңтүстік Африка Республикасы және Сербияның соттарына жүгініп, осы юрисдикцияларда ресейлік соттардың әлгі шешімін мойындауды өтінді.

Гугл де қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол ресейлік соттардың абсурдті шешіміне қарсы Лондонның Жоғарғы сотына талапарыз түсірді. Биылғы жыл басында, 23 қаңтарда ұлыбританиялық сот америкалық алыпқа қарсы ресейлік судьялардың шешімін орындауға тұрақты тыйым (permanent injunction) салды.

Лондондық судья өз үкімін "Google мен YouTube-ты пайдалану шарттарында көрсетілгендей, оған қатысты барлық дау-жанжалдардың ағылшын сотында шешілуге тиістігі бекітілгені қадап айтылғанымен" түсіндірді.

Ендеше бұл техногигантқа ресейлік соттың үкімі жүре алмайды. Ресейдің оған қатысты шағымы болса, ағылшын соттарына жүгінуі шарт.

Сондай-ақ, судья Ресей өз экономикасының көлемінен де көп асып кететін сомадағы айыппұлды салуға құқығы жоқ деп таныды. 2024 жыл қорытындысында РФ ЖІӨ-сі 201 трлн 152,1 млрд рублді (шамамен 2,4 трлн долларды) ғана құрады.

Сол себепті, ресейліктер Google-ден қалаған айыппұлын өндіре алмайды. Бұл істе оған "достық пейілдегі елдер" де көмектесе қоймады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу